Абайға «Текебай тентек» атын неге қойған?
Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ шын аты – Ибраһим. Әжесі Зере «Абай» деген жаңа есімге жол салса, Абайдың бала кездегі досы Жиренше оған «Текебай тентек» деп ат қойғаны туралы көркемдерек жазушы М.ӘУЕЗОВТІҢ «Абай жолы» роман-эпопеясында айтылған. «Бұл әдеби-көркем деректің шындығы, даусыз растығы немен дәлелденеді? Жазушы қосымша, жанама аттың авторы ретінде Жиреншені не себептен таңдап алған?» деген сұрақтарға жауапты ғылым тереңінен ізделік.
Шығармадағы Жиреншенің өмірдегі бейнесі Жиренше би Шоқаұлының (1834-1915 жж.) бір Шыңғыс болысы емес, көршілес Көкше, Мамайға да, Керей, Уаққа да білікті жігіт болғандығын Әуезов сөзі растайды. Әуезов роман-эпопея жазу мақсатында ел ішін аралап қазақ өмірін зерттеп жүргенде Абайды да, Шәкәрімді де көрген Жиреншенің ұлы Мұсылманқұлмен кездеседі. Сөйтіп, Құнанбай заманының қат-қабат оқиғаларына, Абай мен оның тұрғыластарының арасындағы күрделі, шытырман қарым-қатынастар тарихына қаныққаны белгілі. Біз бұл жолы да М.Әуезов шығармашылығының басты және жалғыз тақырыбы – құқықтық тәртіп пен заңдылық принципі екенін еске саламыз. Бүгінгі күні бұл тұжырымдамамыздың заңдылығына, негізділігіне бір мықты тірек дәлел боларлық терминдік мәртебесі бар «бала жігіт» сөз тіркесін ұсынамыз. Жығылмас, жоғалмас асыл дәлел.
«Бала жігіт Жиренше Абайдан жасы үлкендеу болса да, ол құрбыша ашына еді. Жиренше Абайды қоян қууға ертіп алып кеткен жолы кісі өлтіру оқиғасының үстінен түседі. Қодар мен Қамқаны дарға асып өлтірген оқиғаға куә болған бала шәкірт Абай Қарашоқыдан атына міне салып, ауылына шаба жөнеледі, оның артынан қуа ілескен Жиреншеге жеткізбеген күйінде Көлқайнарға жетіп, шешесінің үйіне кеп түсті. Жиреншеге көз жасын көрсеткісі келмей оқ бойы ұзап кеткен Абайды тоқтатпақшы. Жиренше «Әй, Текебай тентек… Текебай тентек!» деп оған ат қойып та алыпты. Қос термин: Бала шәкірт пен бала жігіт. «Текебай тентек» деген қосымша аттың иесі – бала шәкірт Абай болғаны. Жұмбақ есімнің мән-мағынасын Абайдың өз сөзінен ізделік.
Шынында да, автордың суреттеп отырған басты кейіпкері қайдағы бір қазан бұзар тентек емес, қазақтың ар-абыройы – Абай. Сол себепті, Жиренше қойған есімнің сырын ашар алтын кілт Абай сөзінен құйылғаны да рас. Абайдың «Жиырма бесінші» сөзі былай деп басталыпты: «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады». Мына сөзінде Абай «құлшылық» сөзін алдымен ауызға алып отырғанын байқайсыздар. «Құлшылық» сөзінің түбірі – құл. Бұл қай құл? Ұлыққа қошеметшіл құл ма, әлде адамшылықтың қарызына еңбек қылған Алланың сүйген құлы ма?
Адам баласының еңбек қылу, қызмет ету ісі, еңбек бөлісі тым ерте кезеңде пайда болғандықтан, қызмет түрлерінің де, олардың пайдаланатын кәсіби іс құралдары, әр кәсіптің киетін жұмыс киімдерінің атауларының шығу тарихының тамыры тым әріде. Көне дәуірлерде әрбір кәсіп, мамандық иесі күнделікті тіршілікте өз кәсібінің арнайы киімін киіп жүруге тиісті еді. Өйткені, арнаулы кәсіби киім олардың куәлігі, төлқұжаты іспеттес қызмет атқарған. Осындай ереже болғандығы жайында Уильям Шекспирдің «Юлий Цезарь» трагедиясында Рим көшелеріндегі әртүрлі кәсіп иелері суреттелген. Еңбек бөлінісі әкелген қызметтің, кәсіптің, мамандықтың атауы жайдан-жай қойылмаған, ойдан шығарылмаған, олар атқаратын қызметтерінің табиғатына сай келген. Сонымен қоса, ол сол кездегі қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуші арнаулы заңдарда көрініс тапқан.
Қазіргі замандағы ата, ру, тайпа, тап, топ, ұлт, ұлыс, мемлекет атаулары да, құқықтық терминдер корпусы да кезінде қоғамдағы атқаратын қызметіне қатысты пайда болған. Мысалы, қазақтың бір сөзі: «Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ». Бізде «қожа» терминін ру, ата атауы ретінде заңсыз орнықтыру үрдісі белең алып бара жатыр. Бұл нағыз білімсіздіктің ісі, «ажа» да, «қожа» да ежелгі тыйым институтының термині. Тілтанушы ғалым Р.Сыздықтың ұстанымы бойынша айтсақ, әр сөз, мәтін өз «құқығын» (мағынасын) жоймауға тиіс, біле білсек «ай» да, «қой» да Абай айтқан «ескі сөзі» – қазақтың құқықтық терминдері. «Ескі сөзі» де естілердің сөзі, түбірі «ес» – Ел – күнге сыйлы адам. «Ел – күн» қазақ мемлекетінің ескі бір атауы. Есті – жетесінде есі бар ел басы. «Есті» сөзінің мағынасы көмескіленген бір синонимі – «алд ар».
Көне Европа халықтарының тілінде «Ал», «ала», «алан», «алт», «алд» түбір-сөздер «өсіп-өну, қаз тұрғызу, асырап-бағып жеткізу, асыраушы, су, сүт, сусын» мағынадағы ұғым береді. Көне саксон тілінде aldar (е)aldor – өмір, ескі; «aldar» (е)aldor – өмір, көне уақыт.. Ealda зат есімі – қарт, біздің Алдар көсе, халыққа жол көрсетуші қызметін атқарушы.
Қазақтың құқықтық Ескі Сөзінен қалған тағы бір «Қаракесек Болат қожа» титулына тоқталайық.
Жамбылдың Құлмамбетпен айтысқанда Шапырашты Қарасай батыр һақында айтқаны: «Жауынан жерді босатып, Қашырған бәрін жаусатып, Қаракесек қағанды, осындай атақ кім алды?»
Жамбылдың жеткізуінде Қарасай батыр «Қаракесек қаһан» деген атақ иесі. Тарихта «қаһан» титулы бергі V-VIII ғасырлардан белгілі, ал «Қаракесек» терминінің «қаһан» титулына қарағанда көне дәуірдің реликтілік құқықтық ұғым. Ал, Қаракесекке «қожа» атауының қосылуы Болаттың мемлекетте заңдылық пен құқықтық тәртіп орнықтырушы қызметін нақты анықтап отыр. Ғалымнан надан артылмасын ұққанмен, шыққан тегіңді дұрыс таразылау үшін де білім, ғылым керек. Сол себепті, біз әрқашанда қазақтың құқықтық терминдерінің кумулятивтік, когнитивтік қызметінің ғылыми-практикалық мәнін қоғамға дұрыс, түзу жеткізуге міндеттіміз. Бір сөзбен түйіндесеқ, әр атаудың, есімнің, заң, құқықтық терминнің ар жағында қоғамдық қажеттілік, ғұмыр заңдылығы, азаматтық қызметі билік етеді.
Сөздің шыққан арғы тегін тексеріп-тергейтін этимология ғылымында «қызмет ету» мағынасындағы сөздерді барлық тілдерде әдетте «тездік, жылдамдық, шапшаңдық, шалттықпен» байланыста қарастырылады. Жету, жетік, жетелі болу – қозғалыс, даму. Хетт тілінде «ar» сөзінің мағынасы «жетік болу», жету. Бір ақыл, бір ар үшін қызмет ете білу, біліктілік. Абай да соны көздеп атаған: «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп, Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік. Ойшылдың мен де санды бірімін деп, Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп». Бір нәрсеге жетік болу дегеніңіз, сол нәрсенің, әрекеттің, кәсіптің, мамандықтың құқықтық мән-мағынасын дұрыс ұғу, атқаратын қызметін анық сезіну, ыстық-суығына мойынсұну, саналы түрде жауапкершілікпен қабылдау.
Бұрынғы аталарымыздың біз жоғалтып алған жақсы мінезінің бірі – сол кездегі ел басы, топ басылар халқына қажымас досы, қамқоршысы болыпты. Ұры-қары, жемқор, адам сайтаны атанбапты. Жер дүниені сел алса, жетесіздің қызыл асығына жетпейді. Жетесіз, тоқ тіленші – сайтанмен сыбайлас. Қазақта «сыбай» – көрші деген мағынадағы тәп-тәуір сөз еді, оны апарып жемқорға қосақтадық. Ертеде сөз баптаушыларын «мантекин» деп атаған. Біздің ұғуымызша «Сөз баптаушы» дегеніңіз сөзді бағып-қағушы, сөзге қызмет етуші, күтуші. Арабтікі делінетін «мантекин» сөзінің мән-мағынасы Махмұд Қашқаридың сөздігіндегі «текин» – күтуші, бұл алғы алғы мағынасы; «кумуштекин» – күмістей таза, күтуші; «алб тикин» – күшті күтуші; «кутлуг текин» – Құдайдың сүйікті күтушісі, құлы.
Кейін бұл термин Афрасиаб (Алып Ер Тоңа) ұлдарына да қатысты қолдана бастады. Өйткені, Афрасиабтың ұлдары әкелеріне құрмет көрсетіп, ізет білдіргенде өздерін «Сіздің құлыңыз осындай бір іс қылды» деп айтып та, жазып та жүрген. Бұл үлгі-өнеге әріден келе жатқан құқықтық мәдениеті, Алып Ер Тоңаның әкесі Бошанның тәлім-тәрбиесі.
Ғалымдар А.Кононов, Г.Левин жалпы түркілік «Алп» терминін моңғол, тува тілдік қорындағы «қызмет, қызметші, күтуші» мағынасындағы «албан» сөзімен байланыстығын атайды. Біздің Ә.Марғұлан «алып» сөзін «мықты» сөзімен бір түбір текті, синоним ретінде қарастырады. Негізінде, «Алпамыс» эпосының әңгімесі дүниенің жаратылуы жайында. Алпамыс есіміндегі «Мыс/Mys» – өткен шақ етістігі, өзі куә болмаған, көрмеген оқиғаны баян етуші. Байбөрі аталықтың жасы сексенде, Аналық атты бәйбішесі де шамалас, бала көтермеген. Алладан тілеп, ақыры Алпамысты көреді. Бұл сан миллион жыл бойы жүрген өмірдің жаратылу процесін суреттеу.
Өмір дегеніміз – материя қоғалысының биологиялық көрінісі. Дүниенің жаратылу процессін бейнелейтін қазақтың «Қошқар мүйіз» өрнегі, архитектурада баған, тіреу, негіздің атауы «мық» термині. Орыс сөздігі «мыс» сөзін (алғашқы мағынасы айырушы, жарушы) «мык» негізінен таратады да, «мыкати» – бөлу, жару сөзін мысалға келтіреді. «Мък» – жыртатын, айыратын жылдам қозғалыс. Үлкен жарылыс.
«Мықты tegin» – VII ғасырдағы термин. Тегі мықты. Білге қаһанның інісінің есім-сойы «Күлтегін». Ер есімінің бірінші бөлігі «күл» етістігі «жылдам» деген мағына, қазақта «күлік» – шашасына шаң жұқпас жүйрік ат. Ат аяғы күлік, Ұзан тілі – сүйік. Күліктің көркі шаңында. Ескерткіш жырда жазылған сөздер: «Күл tegin Азбан ағын мініп шабуылға шықты».
Күлтегіннің Азбан ағы – соғыс сәйгүлігі. «Az», «azban» – қозғалыс, қимыл, бөліну. Міне, осы Тұран тегіндерінің мемлекеттік символы «Теке» тау текесінің бейнесі еді. Тау текенің мүйізі – байлықтың, игіліктің белгісі. Қазақ киіз үйді: «Бұғы, бұғы, бұғы ұзын, Бұтынан да қолы ұзын. Аба киік терісі, алтын қошқар мүйізі» деп жұмбақтаған. «Аба» – сыртқы жамылғы, жаңбыр, қардан, желден, күннен қорғаушы. Финикилік кең жүнді жол-жол жамылғыны «Абай» деп атаған. Біздің Абай – қазақ құқығын қорғаушы. «Төрт мүйіз» «алты мүйіз» – көнедегі лауазымды қызметтер. Алып Ер Тоңа Авестада Ф(ы)р(и) анграсян деп аталады, мағынасы «мүйіз темір өгіздің». Құлжа қобыз, Қобылы жақ, Қошқар мүйіз, Қызыл шекпен – билік белгісі. «Теке» терминіне «бай» сөзінің қосылуы да заңды, өйткені, «бай» сөзінде билік мағынасы бар, «bajsin» – ақсүйектер мен еркін азаматтар бірігіп, келісіп ел басқаруы. Асан Қайғының іздеген «Жиделі Байсыны» – қоғамдық келісім, халықтық билік.
Жиреншенің Абайды «Текебай тентек» деп атауының сыры да Асан Қайғы ұғымындағы билікте. «Жігіт» термині – феодалдың жалдамалы атты әскерінің жасақшысы немесе олжа табу үшін қосылған жасақшы, кезбе, рыцарь.
Жиреншенің әлеуметтік мәртебесін Әуезов осы анықтамаға сай баяндайды: «Тобықтының үлкендері жанына ерткен жас жолдасы тәрізді жас жігіт Жиренше». Жиренше – жас жігіт, билік иесінің қасындағы жауынгер, жасақшы.
«Текебай tegin» атауы Тобықтыға қайдан келді дегенге В.В.Радловтың мұрасында сақталған «Кеңгірбайды жоқтау» жырының сөздері жауап береді: «Кеңгірбай қиядан барып теке атқан». Әуезов Кеңгірбайдың туында «Құдай берген биліктің» таңбасы ретіндегі «Теке» бейнесі болғанын білген. Тобықты елі Шыңғыстауға келіп бекінген соң, Кеңгірбай «бұл мекен менікі, бұл жердің иесі, тәңірқұты мен» деп әйгілеп, ежелгі Тұран- түркінің билік таңбасы «Текені» мөр тасқа басыпты. Құнанбайдың да аға сұлтандыққа таласуының заңды себебі, негізі «Текебай тентек» атауында тұр. Төрелер «Теке» символын, «Арқар» ұранын арғы қазақтан алған ғой. Ғалым Р.Сыздық «телі-тентек» тіркесінің алғы құқықтық мәнін келесідей түсіндіреді – «еркін, азат адам, өз ортасының тәртібіне наразы болып қарсылық көрсетуші». Бала Абайдың бір аты – Телғара.
Сонымен, «Текебай тентек» дегеніңіз: Текті телі-тентек. Құдай берген билік иесі. Абай әкесі Құнанбайдың Қодар мен Қамқаны дарға асқанына наразы көңілмен қарсылық білдірген күйде Қодардың өлігіне тас лақтырып жатқан Жексенді желкеден қойып жібереді. Жексен Абайға зекіп: «Ер болсаң, әне әкең, соған айт!» дейді. Әуезовте Құнанбай әке – биліктің, әміршінің символы. Романның негізгі идеясы – өктемшіл, үстем, ұлықсыған, төңкерісшіл биліктің заңсыз зорлық-зомбылығына наразылық айту, қарсылық көрсету. Сол себепті, Әуезов ертедегі «Текебай тентек» атағын бала Абайға Жиреншенің атынан қойып бермегенде қайтеді? Қаламгер міндетті – қиыннан қисындыру. Оқырман міндеті – дұрыс түсіну.
Марат АЗБАНБАЕВ.