Жаңалықтар

Ескерту жасалды

Елімізде Әдеп жөніндегі кеңестердің жұмысының маңызды бір бағыты – мемлекеттік қызметшілердің жоғары моральдық-әдеп қасиеттерін қалыптастыруда оң ықпал ету. Сонымен қатар, олардың ықтиярында Әдеп кодексін мүлтіксіз сақтауды қамтамасыз ету болып қала беретіні сөзсіз. Дегенмен, мемлекеттік қызметшілердің арасында сынға ұшырап жатқандар да баршылық. Осы және басқа да мәселелерді қозғаған облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Кеңес отырысы барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, кеңес төрағасы Айгүл Байханова басқа жұмысқа ауысуына байланысты кеңес мүшелігінен шыққан, кеңестегі 10 жылдық қызметі үшін Қадиша Базарбайқызына алғыс білдірді. Оның орнына «5 канал kz» телеарнасының Бас директоры Елена Строчкова кеңес құрамына кірді. Атап өтсек, Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеттерінің бірі – қылмыстық емес, тәртіптік сипаттағы мемлекеттік аппараттағы: заңсыз артықшылық, туыстық белгілері бойынша қолдау көрсету, мүдделер қақтығысы тәрізді бұзушылықтармен күресу. Күн тәртібінде жергілікті атқарушы орган басшыларының 2021 жылға арналған жеке жұмыс жоспарына және 2022 жылға арналған жоспарларына талдау, облыстық мемлекеттік органдарының тәртіптік комиссияларының 2021 жылы жүргізілген жұмысы, Бұқар жырау ауданы әкімінің заңнама талаптарын сақтау бойынша есебі тыңдалды. Сонымен қатар, Нұра ауданы әкімінің орынбасары Қадыр Шабанбаевқа, Нұра ауданы мәслихат аппаратының басшысы Айтбай Жүніске және Шет ауданы Көктіңкөлі ауылдық округінің әкімі Қуаныш Қоршабековке қатысты қозғалған тәртіптік істер қаралды. Қарау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың басшыларына бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді. Нұра ауданының әкіміне Нұра ауданы әкімінің орынбасары Қадыр Шабанбаевқа ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде және Нұра ауданының мәслихат хатшысына мәслихат аппаратының басшысы Айтбай Жүніске ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде ұсыныс жасалды. Шет ауданы Көктіңкөлі ауылдық округінің әкімі Қуаныш Қоршабековке қатысты қозғалған тәртіптік істі Әдеп жөніндегі кеңес қысқартты. Бүгінгі уақытта әрбір мемлекеттік қызметші өз міндеттерін кәсіби және сапалы атқаруға, жұмыс кестесін сақтаудан бастап, қоғамдағы мінез-құлқына байланысты тәртіпті қатаң сақтауға ұмтылуы тиіс.

– Жоғары деңгейдегі әдеп пен кәсіби дағдылар тиімді мемлекеттік аппараттың кепілі. Әдеп жөніндегі кеңес өз құзіретінің шеңберінде бұдан әрі мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызмет туралы заңнамасын және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін сақтауы бойынша мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылық пен тәртіпті нығайтуға оң ықпалын тигізуге бағытталған жұмысын жалғастырады, – дейді кеңес төрағасы Айгүл Байханова.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button