Наурызбай батыр
1822-1824 жылдары орыс отаршылығының жаңа кезеңі басталды. Хандық билік жойылды, қазақ елі орыс мемлекетінің губернияларының құрамына енді. Қазақтың бір бөлігі – Бөкей ордасы Нарын құмына резервацияға айдалды. Енді әскери отаршылдар қазақ елін жағалап емес, оның жүрегінен, кіндігінен, қолқасынан ойып, шұрайлы жерлерін тартып ала бастады, түгін тартса, майы шығатын ондай аймақтарға Астрахан, Сібір, Орал казактары қоныстанды. Қазақ елінің басына күн туды. Міне, осы сәтте тарих сахнасына Сырым, Исатай, Махамбет, Есет, Жанғожа, Кене хан сынды ұлы перзенттер көтерілді.
Патша өкіметінің Қазақ хандығын жоюына қарсы аттанған қарулы көтерілістің басшыларының бірі – Абылайдың немересі Кенесары Қасымұлы еді. Кенесары Қасымұлы саясатының басты мақсаты – тәуелсіз Қазақ хандығын құру болатын. Бұл хандық оның ойынша, Орта Азияның феодалдық мемлекеттері сипатында болуға тиіс еді (ҚСЭ, V т., 368-б.). Кенесары қозғалысы бүкіл Қазақстанды қамтыды. Он жылға созылған (1837-1847 жж.) көтерілістің басты қозғаушы күші – бұқара халық болды.
Кенесарының қозғалысты бастауға 1837 жылдың көктемінен бастап кіріскенін, оның көтеріліске шығуына алғаш рет Көкшетаудың жайылымдық жерлеріне орыс-казак әскерінің басып кіріп, талқандауы себепші болғанын Е.Т.Смирнов ден қоя зерттеген. Кенесарының қол басқарған батырлары да халық ішінде аты кеңінен мәлім адамдар еді. Олардың қатарында Шұбыртпалы Ағыбай, Қыпшақтың батыры Иман, Табынның батырлары – Бұхарбай, Тіленшіұлы Жоламан, Дулаттың батыры Бұғыбай, Шапыраштының батыры Сұраншы, Кенесарының інілері – Наурызбай, Әбілғазы, әпкесі – Бопай және тағы басқалары көтеріліске белсене қатысты.
Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) – қазақ батыры, Абылай ханның немересі, Кенесарының туған інісі. 1837-1847 жылдардағы Кенесары бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысында ерекше ерлігімен көзге түскен. Кенесары ханның адал да айбарлы қолбасшыларының бірі. Наурызбайдың теңдесі жоқ батырлығын жаулары да мойындаған. Оған қатысты «оң қолында төрт жігіттің күші бар» деген сөз бекер айтылмаса керек. Ішіне қорғасын құйылған найзасы бар ол жан серігі Ақауызға мініп, «Абылай» деп ұрандап шапқанда, дұшпандары алыстан таниды екен. Жасқану дегенді білмеген нағыз жаужүректің өзі болыпты. Кейде оны кереметтің күші сақтап қалатындай.
Бірде Наурызбай жолбарыспен бетпе-бет келіп қалады. «Құдай жақсы жолықтырды. Өлтіріп алып барсам, Кене ағам қайтіп мақтамас екен?.. Садақпен атсам, Кене ағам: «Әрине, тісі мен тырнағынан басқа қаруы жоқ қорғансыз аңды жақындатпай, ата салу оңай» дейді. Найза жұмсасам: «Әрине, найза тіс пен тырнақтан ұзын» дейді. Қылышпен шауып тастасам және соны айтады. Қан шығармай соғып алайын деп, өзіне атылған жолбарысты қол шоқпармен тұмсықтан ұрып сеспей қатырады. Ордаға әкелген жолбарысты көргенде Кенесары сабырлы дауыспен: «Әкет әрмен мына тарғыл мысығыңды, орданың маңын сасытпай!» дейді». («Қазақ тарихынан», Алматы, 1997, 509-б.).
Науан (Кенесары інісін еркелетіп осылай деп атаған) Басығара батыр оққа ұшкан тұсында батыр қаны жау табаны астында қор болып қалмасын деп, қамалға өзі бастап кіргенде қоршап алған мылтықты 12 казак-орысты ес жиғызбай найзаға іліп кеткен деседі. Майтөбенің етегінде қолға түскен Кенесары ағасын жау қолында қалдырып кетпеймін деп, өз еркімен қырғыздар қолына берілуін қазір көзсіздік десек те, алып жүректі Наурызбайдың һас батырлығы демеске мүмкін емес.
Наурызбай Кенесарының тапсырмаларымен көтеріліске қарсы жергілікті басшыларды бағындыру, салық жинау, барлау, әскерді қару-жарақ және азық-түлікпен қамтамасыз ету, дипломатия, тағы басқа қызметтерді атқарған. Ресей отаршылдары мен Қоқан ханының озбырлықтарына қарсы соғыстардың барлығына қатысқан.
1844 жылы тамызда Кенесары жаңа жеңіске жетеді. 14 тамызда Наурызбай мен Ағыбай батырлар бастаған отрядтар тікелей шабуыл жасап, Екатеринск қаласын алады. 1841 жылы Кенесары хан болып сайланғанда хан кеңесінің мүшесі болған («Айбын», Алматы, 2011, 588-б.).
Күйеуінің (Уәли ханның ұрпағы Сәмеке сұлтан) қарсылығына қарамай, отбасын тастап, қасына алты баласын ертіп, бауыры Кененің қасынан табылған Бопай ерлігін де еске алмасқа болмайды. Құрамында 600 сарбазы бар ерекше топқа басшылық еткен Бопай ханшаның ерлік істері аңызға айналған. Мәселен, 1838 жылы 7 тамызда Бопай ханшайым өзінің 200 сарбаздан құралған отрядымен Қараөткел (Ақмола) бекінісіне Кенесары қолымен бірге шабуыл жасап, сонда бекінген патша әскеріне үлкен соққы берді. Соның арқасында Қараөткел аймағы басқыншылардан азат етілді. Бұл жеңіс Кенесарыны да, Бопайды да рухтандырып, Кіші жүзге қарай шегінген жау әскерін Орынборға дейін ығыстырды. Одан әрі Батыс Сібір генерал-губернаторлығының батыс, теріскей аймақтарына жорық жасап, қазақ жеріне бет ала бастаған патшалық әскери күштерге тойтарыс берді. 1847 жылғы қырғыз манаптарына қарсы шабуылда Кенесарымен бірге болған. Оның ұлы Нұрхан, Кененің інісі Әбілғазылар да азаттық жолында аянбай күрескен, Кенесары таңдап алған жолдан табан аудармаған сенімді батырлары еді («Ел», 19 шілде 2007 ж.).
Қырғыз тарихшысы Белек Солтоноевтың (1938 жылы халық жауы ретінде атылған) очеркінде Наурызбайдың сыртқы пішіні, кескін-келбеті толығырақ сипатталған: «Наурызбай – 23-25 жас шамасында ұзын бойлы, дене бітімі сымбатты жігіт. Өңі қызыл шырайлы, жылтыр, ат жақты, бет-әлпеті өзге қазақтардан ірірек. Жанарынан ұшқын атқан қара қоңыр көзі байыппен қарайтын. Төбесіндегі жылтыраған маржан моншақтармен өрілген айдары самайына дейін түсіп тұратын… Наурызбай өз дұшпандарының үрейін ұшыратын». Сол сұлулықтың үстіне сөзге шешен, әнші-күйшілігімен, жауырыны жерге тимеген палуандығымен аты шыққан, бүркіт, қаршыға, лашын ұстап, құсбегілікпен айналысқан. Осы арада айта кетейік. «Төрелер күйі» деп аталатын көп күйлер бар. Сол «Төрелер күйлерінің» бастауында жиырмаға жуық күй шығарған («Садаққақпай», «Шаңды жорық», «Қайран елім», «Қара жорға», т.б.) заңғар Абылай хан тұр. Осы төрелер күйлерінің бір өкілі – Наурызбай еді (Т.Дүйсәлиев).
Кенесары ханның қырғыз жасағымен соңғы шайқасы 1847 жылы 17-25 сәуір аралығында Тоқмақтың шығыс жағындағы Кекілік-Сеңгір тауының бөктеріндегі Майтөбеде болды. Қырғыз жасағын Орман, Жантай, Жаңғараш манаптар басқарды. Қырғыздардың жасағы, қазақ, қырғыз зерттеушілерінің болжауынша, 100 мыңдай адамды құраған. Қазақтар қырғыздардан 10 есе аз болған. Сондай-ақ, соғыс таулы жерде болды, ал бұған дейін Кенесары жазық жерде соғысып келді. Осының барысында Кенесары қолы жеңіліп, өздері қырғыздар қолына тұтқынға түседі. Үлкен ерлікпен жау тобын бұзып шыққан Наурызбай, Ағыбай, Жекебатыр тобы болды. Бірақ, аз ғана адамымен Кенесарының жау қолына түскенін естіген Наурызбай ағасын қимай, жау әскеріне өз еркімен келіп беріледі. Тұтқынға өзі келіп түскен інісіне Кенесары «Бекер болды-ау, сен ат үстінде жүргенде бұлар маған ештеңе ете алмас еді. Енді бәрі бітті» деген екен. Патша әскерінің кеңесімен қырғыз манаптары екі батырдың да басын шапты. Кенесары – 45 жасында, Наурызбай – 25 жасында өлген. Наурызбай хан ағасынан 20 жас кіші («Қазақ тарихынан», 507-б.). Кенесарысыз Наурызбай жоқ, Наурызбайсыз Кенесары жоқ. Халық ұғымында ешқашан ажыратылмай, екеуі бір аталады. Кенесары да, Наурызбай да тәуелсіздік үшін, болашақ үшін құрбан болған батырлар.
Орыс үкіметі Кенесары мен Наурызбайды «жазалаушылардың» «еңбегін ұмытпады». Жантай Қарабеков патша өкіметінен алтын медальға, арнайы мақтау қағазына ие болды. Орманға алтын жіптермен тігілген халат тапсырылды. Қалығұл Әлібеков ханның басын Қапалдағы генералға жеткізгені үшін күміс медальмен марапатталды.
Кенесары мен Наурызбай өлімі қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті.
«Кенесары кеткен соң,
Иесіз қалды тағымыз.
Наурызбай төре кеткен соң,
Бастан тайды бағымыз.
Бұлбұлдай сайрап жүр едік,
Байланды тіл мен жағымыз» (Нысанбай жырау), – деп қазақтың кең даласы қара домбыраның үніне қосылып зар жылады. Кенесары мен Наурызбай – халық басына күн туғанда ел тірлігін, елдігін, бірлігін, оның еркіндік туын ұстаған ерлер. Олар – дәуірдің алып тұлғалары. Тәуелсіздік үшін арпалысқан Кенесары мен Наурызбайдай ерлер халық жадында мәңгі жасайды.
Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,
тарихшы.