Жаңалықтар

Бала бақытты болуы керек…

Биыл – «Балалар жылы». Ал, бұл дегеніміз бала тәрбиесіне қатысты мәселенің бірде бірі назардан тыс қалмауы керек дегенді білдіреді. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның биылғы жылғы алғашқы отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ төрағалық жасады.

(Сурет интернеттен алынды)

Онлайн жиынға кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі облыстық, қалалық және аудандық комиссия мүшелері және хатшылары, басқармалар мен департамент басшылары, қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Комиссияның кезекті отырысында «Қарағанды облысында кәмелетке толмағандарға қатысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету және зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасының» 2021 жылдың қорытындысы және 2022 жылдың қаңтары бойынша орындалу барысы, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің проблемалық мәселелері, кәмелетке толмағандарды профилактикалық тексеру және кәмелетке толмағандардың ауруларын ерте анықтау мәселелері қозғалды.

Облыс бойынша балаларға қатысты жасалған қылмыс 22 пайызға төмендеген. Дегенмен, кей қалада қылмыс саны артқан. Бұл қосымша бірлескен шараларды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жыныстық тәрбиелеуге бағытталған шараларды қабылдау қажеттігін көрсетеді.

Әдетте, мұндай қылмыстардың алдын алу қиын. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, балалар өздеріне зорлық-зомбылық жасаған адамдарды жақсы біледі. Көбінесе баланың әкесі, өгей әкесі, жақын туыстары, көршілері мен достары зорлаушыға айналады. Жыл басынан бері бір жарым айда 8 қылмыстың 4-і өгей әке, 3-і отбасылық достар, 1-і танысының қолынан жасалған.

Кәмелетке толмағандардың ерте жыныстық қатынасқа түсуінің басты себебі – отбасылардағы білім деңгейінің жеткіліксіздігі, оның салдарын бақылау мен білмеу (жасөспірімдік жүктілік) және бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталмауы.

Қазір облыстағы әрбір білім ошағында әлеуметтік қорғалмаған отбасы балалары, толық емес және өгей әке тәрбиесіндегі балалардың тізімі жасалды. Полицейлердің мәліметінше, облыста өгей әке тәрбиесіндегі 1879 отбасы болса, бұл отбасыларда 3837 бала бар. Биылғы жылдың бір жарым айында полицейлер 620 отбасын аралаған, онда 1302 бала өгей әкелерімен және аналарымен бірге тұрады.

Ал, 16 жасқа дейінгі балалармен жыныстық қатынасқа түскен 2 факт анықталды. Бұл оқиғалар Қарағанды мен Сәтбаевта тіркелді.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары порнографиялық сайттарды бұғаттаумен айналысады. Кейінгі уақытта олар осындай 399 сайтты бұғаттаған екен.

Комиссияға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов басқармалар мен комиссия мүшелерінің үйлестірілмеген, шынын айтқанда нашар жұмысын сынға алды.

– Өткен жылы біз арнайы жол картасын қабылдап, онда үйлестіру мен өзара іс-қимылдың барлық мәселелерін белгіледік. Бізде комиссия бар. Екі айда бір кездесіп тұрамыз. Біз балалардың қауіпсіздігі бойынша барлық проблеманы анықтадық. Бірақ, соған қарамастан нәтиже жоқ. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс көбейген. Комиссия хатшылары қайда, жұмыс топтары қайда? Олар қандай жұмыс атқарды? Қандай шаралар қолданды? Мен жауапкершілікті талап етемін, – деді Абзал Нүкенов.

Сонымен қатар, комиссия төрағасы жағдайды талдайтын арнайы психологтар тобынан кеңес алуға ұсыныс берді. Иә, бала бақытты болуы керек…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button