Жаңалықтар

Адам өміріне араша түсті

Қарағанды ​​облысының полиция департаментінің мәліметінше қаладағы көпірдің бірінен секірмекші болған жас жігіт құтқарылды. Жас жігіттің бағына орай құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел әрекет етіп, небары 3 минутта оқиға орнына жетіп, жағдайдың алдын алған.

23 қаңтар күні Қарағанды ​​ӘҚБ патрульдік полиция полкінің Жоламан Жұмағұлов, Қыдырбай Ешбаев, Мақсат Мейірбаев бастаған арнайы жасағы сала қызметкерлерінің абыройын арттырды. Аталған қызметкерлер сол күні 45-ші орам мен Оңтүстік-Шығыс арасында орналасқан көпірден секірмек болған жас жігіттің жанын аман алып қалды.

Сағат 15:40-тар шамасында біз Гоголь көшесімен келе жатқанда, полицияның жедел басқару орталығынан 45-ші орам ауданында орналасқан көпірден біреу секірмек болып жатқаны туралы хабарлама алдық. Үш минуттан кейін оқиға орнына жетіп, көпірдің қоршауына шығып, шам бағанасын ұстап тұрған жас жігітті көріп жедел әрекетке көштік.

Бізге дейін оқиға орнына біздің еңбек демалысында жүрген әріптесіміз, патрульдік полиция полкінің инспекторы Данияр Орынбек жеткен екен. Ол әлгі жігіттің асығыс шешім қабылдамауын өтініп, жағдайды бақылауға алған, – дейді полиция қызметкері Жоламан Жұмағұлов.

Жас жігіт Орталық полиция бөліміне жеткізілді. Кейін мәлім болғандай 20 жастағы қала тұрғыны әйелімен кейкілжіңге келіп өз өмірін қиюға бел буған. Аталған факті бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бойынша қылмыстық іс қозғап, қазір тергеу амалдары жүргізуде.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button