Жаңалықтар

Опера қарлығаштары – Қарағандыда

27 ақпанда Қарағандыдағы «Шалқыма» концерт залында ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының шәкірттері алғаш рет гастрольдік өнер көрсетеді. Тыңдаушыларға фортепианоның сүйемелдеуінде көпшілік ұнататын ариялардан құрылған «Опера жарқылы» атты бағдарлама ұсынылады.

Қарағандылық көрерменге опера репертуарының алтын қорындағы танымал туындылар қойылады. Гастрольдік бағдарлама үшін музыкалық шығармаларды академияның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев таңдаған. Онда бельканто, классицизм мен веризм дәуіріне жататын батыс еуропалық және орыс композиторларының ариялары, лирикалық әрі драмалық бейнелер шырқалады, сонымен қатар, қазақстандық композиторлардың шығармалары да бағдарламаның көркін кіргізеді.

Концертте опера академиясының барлық шәкірттері өнер көрсетіп, толық бір ариядан орындайды, осылай көрермен сопранодан басқа дейін барлық дауыс түрлерін тыңдай алады.

Біз қызықты бағдарлама дайындап жатырмыз және көрермендер біздің шәкірттерімізге, олардың вокалдық қабілеттері мен шеберліктеріне, сондай-ақ, ұстаз ретінде біздің еңбегімізге лайықты баға береді деп сенеміз. Ұстаз үшін шәкіртінің әр сахнаға шығуы өзіндік емтихан іспетті. Бұл ешкімге жасырын емес, – деп пікірімен бөлісті вокал бойынша ұстаз Франческо Медда (Бельгия).

Опера әншілері үшін гастрольдер – бұл кәсіби өсу әрі өзін-өзі жетілдіру жолындағы маңызды тәжірибе. Бейтаныс көрермен алдында жаңа сахнада өнер көрсету жоғары деңгейдегі дайындық пен жауапкершілікті, әр минутына дейін жазылып қойған гастрольдік кесте жинақылық пен ұқыптылықты талап етеді.

– Гастрольдік концерттер әншілер үшін қажет тәжірибе. Бұл – төзімділік сынға түсетін сәт. Күшті дұрыс жұмсау, жолда шаршап қалмау және сахнада даусыңды дұрыс шығару маңызды. Сонымен қатар, жаңа залдың акустикалық ерекшеліктері бізге беймәлім. Дегенмен, менің білуімше, «Шалқыма» залының акустикасы өте жақсы және ол сахнада өнер көрсету біз үшін абырой, – дейді италиялық ұстаз Анатолий Гусев.

Айта кетейік, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Халықаралық опера академиясы болып 2021 жылдың 4 шілдесінде ресми түрде ашылған еді. Мұнда Қазақстан, ТМД елдері мен алыс шетелдің 18-35 жастағы жас әншілері вокалдық орындаушылықты үйренеді. Бірегей оқу орны әлемдік вокал өнерінің үздік дәстүрлерін жалғастыру, сондай-ақ, жас опера солистерінің шығармашылық негізін қалау мақсатында құрылған.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button