Жаңалықтар

Жаңарған ұлт – қоғам келбеті

Еліміздің жарқын болашағын айқындап, өркендеу бағытын таңдайтын, ұлт санасын тың идеялармен жаңғыртып, қуатты серпін беретін Мемлекет басшысының биылғы дәстүрлі Жолдауының соңғы тарауы – руханиятқа бетбұрыс жасап, алдыңғы он тарауды жетегіне алған. Рухы биік ұлттың ғана жаһандану дәуірінде өзін өзгелерге мойындата алатындығының қағидаларын ұсынған.

Қазақстандық ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру арқылы Қазақ ұлтын әлемдік өркениеттің арынды ағысымен бетпе-бет келе алатын жаңарған ұлт деңгейіне көтеруді міндеттеген. Дамыған елдердің қарышты жолын таңдап, ел мен жердің мұрагері болып отырған Қазақ ұлтының болмысы ежелден өмір сүру тәсілдерінің озық үлгісін санада сақтап, өмір ұстанымдарына айналдыратын, қазыналы мұраларынан танылатындығын негізге алған.

Президент Жолдауындағы айрықша басымдық беріп отырған Ұлттың жаңарған болмысы деген қағидаты республикадағы жалпы ұлттардың ішінен Қазақ ұлтының мәртебесін айшықтай түсуге негізделгендігін ескерсек, сол ұлттық болмысты айқындайтын басты-басты танымдық қасиеттерге жүгінуімізге тура келеді. Ұлтымыздың атауы жалғыз, ол – Қазақ. Ұлтымыздың тілі біреу ғана, ол – Қазақ тілі. Қазақша білмейтін қандастарымыздың ұлт мүддесін кемсітіп жүргендігі жасырын емес. Кезінде кемеңгер Әлихан Бөкейхан «…Қазақтың асқан мұңы – ана тілін қолдану бостандығы» деп тіл тағдырын ұранға теліп кеткен. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары туған жастарымыздың алды бүгінде билік басында отырғандығы ұлттық мақтанышымыз. Олардың шет тілдерін еркін меңгергені – жетістіктеріміз. Алайда, солардың ішінде қазақшаға әлі тілінің келмейтіндерінің бар екендігі – ұлттық болмысымызға көлеңке түсіріп тұрғаны құпия емес. Қазақ тілінің төрден салтанат құруы Президент айтып отырған ұлттық болмысымызды жаңартудың кезек күттірмейтін басты мақсаты. Жас ұрпақтың санасына ақыл мен ойды жарыстыра қалыптастырып, ежелден бай мұраларымыздың құнарлы нәрімен сусындатып, әлемдік өркениет жетістіктерін електен өткізіп, зерделеп барып пайдаландырсақ, сонда ғана жаңарған ұлттық болмысымызды жаһан жұрты жете танып, толыққанды мойындайтын болады.

Жолдауда Мемлекет басшысы зиялы қауым өкілдерін ұлт сапасын арттыруға шақырды. Рухы биік, ұлтжанды, намысшыл, текті, жиналмайтын көл-көсір дастарханымыз, 100-ден аса ұлттарға құшақ жайған бауырмалдығымыз, қарға тамырлы қазақпыз деп жеті атамызды жатқа айтып, шежірені жіліктеп тарататын зеректігіміз, суырып салма ақындығымыз, қасиетті қара қобыз бен қос ішекті домбырадан даланың үнін төккен өнеріміз бен бәтуалы бір ауыз сөзге тоқтайтын мәрт мінезіміз Президент ұсынған ұлттық сапамызды биік тұғырға көтерудің салиқалы амалдары.

Президент өз Жолдауын «Жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауапты адам» жүйесін берік орнықтыру деген ұстаныммен аяқтап, оны ажыратып болжам жасауды жұртшылықтың үлесіне қалдырған. Біздіңше жерін дау-дамайға салмайтын, жат жұртқа сатпайтын, тұтастығын берік сақтайтын, Ата Заңы алаңсыз өмір сүруге кепілдік беретін, білімі мен руханиятын, экономикасы мен саясатын халықаралық қауымдастық қолдаған мемлекет – жауапты мемлекет. Биліктегілері сауатты, билері әділ, байлары қайырымды қоғам – жауапты қоғам. Кісі ақысын жемейтін, жемқорлықпен жаны қас, қиянаттан ада, кәсібіне адал, пәлеқорлығы да, парақорлығы да жоқ адам – жауапты адам.

Тұңғышбай МҰҚАН,

«Құрмет белгісі» орденінің иегері,

Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button