АймақБалқаш

Менің қос бәйтерегім

Ұлы шығармалардың барлығы ана деп басталып, ана деп тәмамдалған. Сөз басы ана деп басталмаса онда қайыр жоқ. Әке-шеше ұғымы өте тереңде жатыр. Өмір мұраты осы үш әріппен негізделген. АНА. ӘКЕ. Менің перзенттік мұратым осы. Әке мен ана есімін ұлықтау һәм әлпештеу. Ата-анасын зор құрметпен қадірлейтін қазақ баласы үшін мұның мәнісі ерекше екені айтпаса да белгілі. Әркімнің идеалы, өнеге тұтар адамы ең алдымен осы ата-анасы болуы қажет. Мен әке-шешемнің тағылым мен үлгі аларлық дүниеге толы ғұмырын жария еткім келеді.

Ақын һәм жазушы ғана емес кез келген перзент үшін әке-шешесі туралы өшпес мұра, ескерткіш қалдыру – өмірлік мақсаты. Ананың ақ сүтін ақтау мүмкін емес. Бірақ, ақтау үшін қарекет қылу – мұрат. Ата-анамның өнегелі өмірі туралы жазуды мақсат қойғаныма бірталай жыл болды. Сыйластық пен рахымнан тұратын ата-анамның өмірін ел білуі һәм тағылым алуы тиіс. Міне, сол Меккеге үш арқалап апарсам да ақтамас перзенттік борышым қолыма қалам,қағаз алғызды.

Әлемнің жарығын сыйлаған аяулы ата-анам Тілек пен Бижанның қолұстасып бірге елу жыл ғұмырлары ұрпақтарына ғана емес, жан-жаққа үлкен өнеге, тәлім. Парасатқа толы саналы ғұмыр жолдарын өз басым үлгі, мақтаныш тұтамын. Жүздері әдемі, шуақты нұрға бөленген ата- анама қарай отырып, көңіл толқиды, жыр жазып күй шерткім келеді.

Әкем Тілекті ауыл аймағы (Шұбартау өңірі) еркелетіп, Төкіш деп атап кеткен. Мінезі салмақты, сабырлы, жинақы, аз сөйлеп, көп іс атқаратын біртоға кісі. Еңбек жолын қарапайым ғана жүргізушіден бастаған әкем, өзінің еңбекқорлығымен, ауыл- аймақ, ел жұрт алдында сыйлылығымен абыройлы болған жан, еңбегін әрдайым адал атқарған. Отбасын ғана емес, ағайынтуысқа да қол ұшын беріп, жандарына демеу болып,кикілжің туып жатса басу айтатын, салиқалы тәрбиелі сөздерімен татуластыратын, үнемі көмегін аямайтын ақжарқын ерекше адам.

Балалық шағымыздан сыр тұнған шежірелері, айтқан әңгімелері бұл күндерде жанымызға өмірлік азық, үлкен демеу, естелік болып қалды. Әкем тұнып тұрған шежіре, өзінің терең ойлай білетін парасаттылығымен, шежіре, әңгімелері өз ұрпағына емес, ауыл жастарына да үлгі-өнеге. Ұрпақтарына дүние есігін ашқан сәттен бастап, қадыр-қасиеті мол ата-анам, бүгінде еңбектерінің жемісін көріп, қызық қуаныштарына бөленуде. Ес біліп, етек жинаған сәтімізде ата- анамыздың қалай шаңырақ құрғандары турлы айтып беруін өтінген кезде, әкем әңгімені әріден бастайтын. «Біздің отбасылық өміріміз былай басталған еді» деп барлығымызды құшағына алып, өткенге көз тігетін еді.

«Ол кезде анаң, Бижан Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы Қыздар педогогикалық училищесін аяқ тап, бастауыш сынып мұғалімі болып келген екен. Менің ауылда үйім болды. Есікте тұрған қара құлыпты қос қолдап бірге ашып, екеуміз жаңа өмірге бірге қадам бастық, алдымызға үлкен мақсат қойдық. Қараңғы үй іші нұрға бөленіп, жан-жағымыз шуақтана түсті. Табалдырықты аттаған күннен бастап,туған – туыстарым, ет жақын туғандарым, дүниелер әкеліп, үй-ішін ретке келтіріп, бар көмектерін аямады. Өмір одан сайын нұрлы, мәнді болып шырақтай жарқырады. Үлкен шаңырақ, өнегелі отбасыға айналдық. Міне, біз осылай отау құрудың қиындығы мен қызығын қатар көрдік.

Сол күннен бастап бір-бірімізді құрметтеп, қиын шақтарда түйсініп, һәм түсініп, отбасылық мәселені біріге шешетін болдық. Ауыл-аймаққа өнегелі, сыйлы отбасы атандық, ауыл ақсақалдарының ақ батасын алдық. Ақ тілектің демеуі болар, міне сыйластықпен ғұмыр кешіп жатқанымызға 50 жыл, яғни, жарты ғасыр өтіпті», – деп ойға шомады әкем.

Шынымен, қарап отырсаңыз сөздің құдіретінен асқан дүние жоқ. Бұған көзім толық жетті. Әрбір ақ жүректен шыққан ниетті сөз ғұмырымызға тікелей әсер етеді. Қазақ «жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаған. «Кейіннен анаң Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарих факультетіне оқуға түсті, мен өздеріңе қарап оқуын жалғастыруға мүмкіндік бердім», – деп әңгімесін жалғайды әкешім. «Жалпы келін болып түскеннен бастап өзінің келіндік міндетін жоғары атқарған адам, «Шыны керек,үлкен аталарының, қайын аға, қайын іні аттарын атамай, сыпайылық танытатын ерекше қасиеті бар Бижанның. Мұның барлығы аналарыңның жақсылығынан. Отбасының берік болуының ешқандай құпиясы жоқ. Тек бір ғана нәрсе керек: сыйластық. Басқа ештеңе емес. Кейінгі ұрпақ, жаңадан отау құрып жатқан отбасы осыны ескеруі керек, балаларым», – деп тәмамдайды әңгімесін.

Бұл әңгімені сан мәрте тыңдасақ та, жаңадан естігендей боламыз. Себебі, мұнда өміршеңдік бар. Ғұмыр бар. Өнеге бар.

Анам Жайнақбаева Бижан Шұбартау орта мектебінде 45 жыл бойы ұстаздық қызмет қылған жан. Ойлап көріңізші, 45 жыл. Бұл аралықта қаншама бала тәлім алды. Өнеге көрді. Қаншама бала биік шыңдарға жетті. Кімнің арқасында? Әрине, ұстаздың арқасында. Ұстаз жақсы болса, ұрпақ та тәрбиелі болмақ. Осы талаппен тәлім берген анам ең алдымен бастауыш сынып мұғалімі болып, содан соң 1977 жылдан бастап тарих пәнінен сабақ берді. Қазір зейнеттік демалыста. Шыны керек, анам әділдікті, шыншылдықты көп іздеген жан, нағыз патриот. Елі үшін жанын пида етер жандардың бірі. Өмірінде талай әділетсіздікке тап болды. Алайда, еш мұқалмай күресе білді. Шыншылдығы үшін де мұндай әділетсіздікке тап болған шығар. Біздің қоғамда мұндай жандарға қырын қарайтыны өтірік емес.

Білімі өте терең еді. Шығармашыл ұстаз болды. Шәкірттері әлі де алғысын айтып келеді. Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен бірнеше мәрте марапатталды. Айта кетейік, шәкірттері қазір ел экономикасының сан саласында жоғары білікті маман, ғалым болып қызмет атқаруда.

Отбасымызда бір қыз, төрт ұл тату-тәтті өстік. Жетілдік, жақсы тәрбие көрдік. Илияс екеуміз ана жолын қуып, ұстаз атандық. Құдайға шүкір, білікті маманбыз. Өзім Балқаш қаласындағы №2 Абай атындағы лицейінде география пәні мұғалімі және директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етіп келемін. Илияс анамыз еңбек еткен Шұбартау орта мектебінде сол тарих кабинетінде тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған, қазіргі таңда қаламыздағы №2 мектеп интернатында тарих пәні мұғалімі. Әке-шешеміздің берген тәрбиесінің арқасында Илияс ең алдымен Ақтоғай ауданының «Үздік тарихшысы» кейін облыстық «Жыл мұғалімі – 2017» байқауының Гран-при иегері атанды.

Ұлдары – Алмаз, Олжас Балқаш кен байыту комбинатында еңбек етіп жатса, Нияз қалалық салық бөлімінде жұмыс жасайды. Үшеуі де шаңырақ құрды. Адал еңбектерімен мақтанышқа бөленіп жүр. Қазіргі таңда білікті маман күйеубаласы Асқарбек, сүйкімді де, инабатты келіндері Маржан, Әсел, Жанерке, Мөлдір берекелі отбасын шуаққа бөлеп отыр.

Ата-әжелерін үлгі тұтып жүрген немере-шөберелері бар. Немерелері де ел мақтанышына айналды. Диасы – спорттан жеңімпаз атанып жүрсе, Еркенұры – әнші, биші. Талай доданы жеңіп алған. Жиен немересі Лаура мұхит асып Дания елінен мамандығы бойынша тәжірибе алмасып келді.

Міне, менің әке-шешемнің өнегелі де үлгілі өмірі осылай өз мәнін тауып, көпке үміт сыйлауда. Мұны жазудағы басты мақсат: әке-шешемнің біреуге қанат бітірсе, бір отбасын алға жетелейтін үміт сыйласа деген дәме ғана. Шынымен, қарапайым ғана отбасының ғұмыры ұлылыққа жетелеуі тиіс. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз жаттанды ғана мәтел емес. Мен әке- шешемді өмірдің айнасындай көрем, сол айнадан бой түзеп, сеніммен алға басқан ұрпақ үндестігін көремін. Сіздерге алғысым шексіз!

Әкешім, сіз жер бетіндегі ең ғибаратты, ең асыл,ең жомарт әкесіз!

Анашым, сіз ғаламдағы ең аяулы- ,ең ғажайып анасыз!

“Менің қос бәйтерегім,

Сендерсіз қайтер едім.

Әрқашан бірге болсақ

Түгел ғой бар керегің”, – деген өлең жолдары сіздерге арналғандай. Менің қос бәйтерегім мәуелей беріңіздер.

Құрметпен қыздарыңыз:

Шамшат Тілекқызы Жақсыгелдина.

Балқаш қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button