Президент назарында – агроөнеркәсіп ахуалы
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Петропавл қаласында ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісіндегі нақты мәселелердің бар екеніне назар аударып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар міндет қойды.
Мемлекет басшысы Үкіметке өндірістің ел аумағында орналасу әлеуетін зерттеу арқылы ауыл шаруашылығы техникалары паркінің тозуына қатысты мәселені шешуді тапсырды.
Президент барлық ауыл шаруашылығы жерлерінің есебін алу ісін аяқтаудың, жер кадастрын цифрландырудың және жерлердің пайдаланылуын ғарыштық мониторинг жасау арқылы анықтауға көшудің маңыздылығына арнайы тоқталды.
Баяндамада мал шаруашылығын дамыту мәселесіне зор көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы қой етін, құс етін, қозы етін өндірудің, сүтті мал шаруашылығын дамытудың және мал шаруашылығы өнімін экспортқа шығару ісін ілгерілетудің келешегі бар деп есептейді. Бұл үшін алдағы 10 жылда қосымша 50 миллион гектар жайылымдық жер пайдалануға беріледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қайта өңделген өнімдері сыртқы нарықта кедергілерге тап болып жатқанын айтты. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы отандық тауарларды мақсатты түрде ілгерілетуді және шетелдік серіктестердегі өзгерістерге қатысты дер кезінде әрекет етуді тапсырды.
Қазақстан Президенті ауыл халқының 85 пайызы тұратын келешегі бар тірек елді мекендерді дамыту қажеттігін айтты. Оның айтуынша, бұл елді мекендер жол, қолжетімді байланыс жүйесі мен Интернет, білім беру және денсаулық сақтау нысандары, мәдениет және спорт кешендері сияқты инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуі тиіс.
Елбасы ұсынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қосымша 90 миллиард теңге бөлінетін болады. Президент «Дипломмен ауылға» бағдарламасына бөлінетін қаржыны жылына 20 миллиард теңгеге дейін арттыруды тапсырды.
ҚР Президенті баспасөз қызметінің ақпараты негізінде әзірлеген Нұрқанат ҚАНАПИЯ.