ПоэзияРуханият

Жаңаарқаның қымызы

(Анам Алма Сұлтанқызына арнадым)

Жаңаарқа туған өлкем – аңыз-ғажап!
Халқының пейілі кең, жаны – ізгі, азат.
Сімірші Жаңаарқаның қымызынан,
Бауырым, болғың келсе нағыз қазақ!

Сақтаған Сақтан бергі салтыңды аман,
Қыдырдың бұлағындай сарқылмаған,
Алыстан аңқаң кеуіп жеткеніңде,
Ағайын қарсы алады аңқылдаған.

Бал қымыз сапырылып ақ ордамда,
Жұпары кеңістікке таралғанда,
Өң мен түс ортасында отырасың,
Түскендей сонау бағзы замандарға.

Жүректің үні естіліп дүрсілдеген,
Тамсанып, табысасың тылсымменен.
Ұлтыңның барлық игі қасиеті
Бойыңа сіңеді осы сусынменен.

Алдыңа ырыс толы тостаған кеп,
Бір көрген кісілерің дос-жаран боп.
Дәм татсаң Жаңаарқаның қымызынан
Шығасың бір-ақ сәтте басқа адам боп.

Үрпінен құт саулаған мама бие,
Тәңірдің рахман нұры. Дара жүйе.
Күбінің іші – ғарыш әлеміндей
Қымызды әлпештеген Ана-Кие.

Қалдырмай жауда ұлтымның мәрт өренін,
Алдына тосып елдің бар керегін,
Бізді бұл дәуірге де жеткіздің-ау,
Жарықтық, жылқы деген мәртебелім!

Бүгінде ел дәстүрден қонса жырақ,
Қаласың әрнені ойлап, томсарып-ақ.
Бас ием сондықтан да баршаңызға,
Жылқы ұстап, бие сауған әр шаңырақ!

Сәттібай ЖҮНІСОВ.

Басқа материалдар

Back to top button