Бас тақырып

Таяу Шығыс тағы дүрлікті

Генерал Касем СҮЛЕЙМАНИДІ жер қойнына тапсырған Тегеран Вашингтоннан есе қайтаруға кіріскен сыңайлы. 7 қаңтар күні Иран АҚШ-тың Ирактағы әскерін соққының астына алды. Оннан астам баллистикалық зымыран Ирактың солтүстігі мен батысындағы әскери базаларды талқандады. Әрине, Ақ үй де қарап қалмасы белгілі. АҚШ президенті кешіктірмей мәлімдеме жасауға уәде берді. Жаңа мәлімдемесінде президент қоламтаның ішіндегі шоқты өршітуі де немесе тұншықтыруы да мүмкін.

 

Әңгімені әріге ұзатпалық… Тек, екі ел арасында дипломатиялық байланыс жоқ екенін атап өтейік. 1980 жылғы 7 сәуірден бері. Қос тараптың ат құйрығын кесуіне Тегерандағы АҚШ елшілігінің кепілге алынуы түрткі болды.

1979 жылы 4 қарашада белгісіз топ 66 адамды ғимарат ішіне қамап, АҚШ-қа Иранның соңғы шахы Мұхаммед Реза Пехлевиді қайтару туралы шарт қойды. Бұл кезде шах Нью-Йоркте еді. Вашингтон шахты қайтармады. Керісінше, парсы еліне қарсы санкциялар енгізді. Ал, тұтқынға алынғандар 1981 жылы босады. 444 күн қамауда болды. Сол уақыттан бері Швейцария Иран мен АҚШ арасында дипломатиялық көпірге айналды.

Кейінгі оқиға да елшілікке шабуылдан басталды десек болады. 31 желтоқсан күні Ирак астанасы Бағдад жұрты АҚШ елшілігінің алдына наразылықпен жиналды. Бұдан бұрын АҚШ әуе күштері Ирактың батысындағы бірнеше нысанға бомба тастаған-ды. Салдарынан 25 адам қаза тапты. Ресми Бағдад америкалықтардың бұл әрекеті келісілмегенін айтып, заңсыз деп таныды. Ал, Вашингтон «Иранға сүйенген «Катаиб Хезболла» ұйымының базаларын көздедік» деп ақталды.

Шерушілер де елшілікке өздерінің қарсылығын білдіруге келген. Алайда, митинг бақылаудан шығып, тәртіпсіздікке ұласты. Ашулы топ елшілік ғимаратын басып алып, тәулік бойы қолында ұстады. АҚШ бұл шабуыл үшін Иранды айыптады. Сөйтіп, 3 қаңтар күні Бағдад әуежайын әуеден атқылап, Иран генералы Касем Сүлеймани мен Ирактағы шиит жасағының Әбу Махди әл Мұхандисті өлтірді. Трамп аталған операцияның өзінің тікелей бұйрығымен орындалғанын жариялады.

Сүлейманидің өлімі Иран халқын теңіздей толқытты. Үш күндік жалпыұлттық аза жарияланды. Миллиондаған адам Тегеранда генералды соңғы сапарына шығарып салуға жиналды. Қазаны жеке қайғысы ретінде қабылдаған ирандықтар АҚШ-тан кек алу туралы ашық айтты. «Кек! Кек!» деген айғайдан қала көшелері жаңғырықты. Тиісінше, ел билігі генералдың өлімін жабулы күйінде қалдырмайтындығын мәлімдеді.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Сүлейманиге жасалған шабуылды қылмыс ретінде қарастыруды ұсынды. Ал, Иран генералы Әмір-Әли Хаджизаде «Америка Таяу Шығыстағы барлық әскерін алып кетсе ғана Сүлейманидің өлімін кешіре аламыз» деді.

 Америка әскерін әкету туралы ойламайтыны анық. Керісінше, жасақ үстіне жасақ әкелуде. Алдымен, бұл аймаққа 750 сарбаз жеткізді. Іле-шала 3 мың жауынгерді және жіберді.

Бұл текетірес алты құрлықты алаңдатып отыр. Себебі, ядролық держава санатындағы Иран ядролық бағдарламаны шектеу туралы халықаралық келісімді орындаудан бас тартты. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деген. Ирактың тағы сорлайтын түрі бар. Саддамды қуған төңкерістен кейін есін жия алмай қойған халық жаңа соғыстан қауіп қылады.

Бағдад қос мемлекеттің өз жерінде мықтылық байқасып жатқанына наразы. Тиісті қарекет жасауда. 5 қаңтар күні Ирак Парламенті АҚШ және басқа да шетелдік әскерді ел аумағынан шығару туралы резолюция қабылдады. Бүгінде мұнда 5200 америкалық әскери бар. Өз кезегінде Трамп Иракқа қарсы санкциялар енгізетін айтып, қорқытуда.

Қазіргі таңда әлемнің әр түпкірінде АҚШ-тың әрекетіне қарсы шерулер өтуде. Америка халқы да Трамптың қимылына разы емес. Вашингтон, Нью-Йорк, Чикаго сынды ірі қалалар тұрғындары көшеге шықты.

Еуропаның бірқатар елдері Ирактан әскерін әкетуде. Германия, Словакия, Хорватия қарулы күштерін Кувейтке көшіру туралы шешім қабылдады.

Таяу Шығыстағы қақтығыстан кейін мұнай бағасының көтерілуі күтілуде. Ірі мұнай өндіруші ретіндегі салмағынан бөлек, Иран Парсы шығанағын қолында ұстап отыр.

Мұнайға бай Парсы шығанағы мен Оман шығанағын Ормуз бұғазы жалғайды. Бұл бұғаздың солтүстік жағалауы – Иранға, оңтүстігі – БАӘ мен Оманға қарасты. Бұғаздың ең жіңішке тұсы – 54-ақ шақырым. Міне, Тегеран осы жерден кемелердің өтуіне тыйым салса болғаны. 2018 жылы жаһандық мұнайдың 21 пайызы бұғаз арқылы өтіпті. «Ормузды жабуы мүмкін» деген сыбыс шыққалы мұнайдың құны 3 пайызға көтерілген.

Тағы бір жайт, араб елдеріне тиесілі жағалауда америкалық әскери базалар орналасқан. Енді, Иран әскери базаларды жою мақсатында оңтүстік жағалауды атқылауы мүмкін. Қайтсе де, Иран бұғазды барынша пайдалануға тырысатыны анық.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Басқа материалдар

Back to top button