Бас тақырыпОблыс әкімі

Даму жоспары нақтыланды

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Жезқазған және Сәтбаев қалаларына барды. Жезқазған әкімдігіндегі активте аймақ басшысы Жезқазған қаласын дамыту және жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында нақты істер жоспарын таныстырды. Ал, Сәтбаев қаласында өткен активте тұрғын үй құрылысына, коммуналдық шаруашылық мәселелеріне назар аударды.

ҚАЛА БЮДЖЕТІ ҰЛҒАЯДЫ

Облыс әкімі келесі жылы Жезқазған қаласының бюджеті ұлғайтылатынын мәлімдеді. Айта кету керек, соңғы екі жылда қаржыландыру көлемі екі есе өскен.

 – Келесі жылы қала бюджетін тағы 5 млрд. теңгеге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл қаражатты барынша әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсауымыз қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.

Аймақ басшысы қалада халық саны артып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан, тиісінше, тұрғын үйге қажеттілік өсе түсетіні анық.

– Маған мәлім еткендей, соңғы жылдары қала тұрғындарының саны артқан. Бұл – жақсы жаңалық. Енді олар үшін үй салу керек. Сондықтан, келесі жылдан бастап Жезқазғанда тұрғын үй құрылысын екі есеге ұлғайтамыз. Тек, әлеуметтік үйлер ғана емес, ипотекалық, жалдамалы және коммерциялық үйлер салатын боламыз. Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Жезқазғанда екі көпқабатты үй салынды. Биылғы жылы 18 пәтерлі бір үй тұрғызылады. Ал, 2020 жылы 60 пәтерлі үй қолданысқа тапсырылады. Оның құрылысын бастадық, – деді Жеңіс Қасымбек.

Жезқазғанның коммуналдық мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Соңғы күндері суық сумен қамтамасыз ету мәселесі сын тудырды. Бұған қатысты аймақ басшысы Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімовке сөгіс жариялады.

 – Мен сумен қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын бөлімшенің жұмысына теріс баға бергім келіп отыр.

Сондай-ақ, «Қазақмыстың» басшылығынан осы мәселеге назар аударуын сұраймын. Қаланы сумен жабдықтау мекемелерінің басшылары лауазымдарына қаншалықты сай келетінін қарастыру қажет, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, облыс әкімі қаланың жылу беру маусымына дайындығына назар аударды. Жергілікті ЖЭО-ға арнайы барып, жағдаймен танысты. Сапар барысында белгілі болғандай, қаладағы үйлер келесі аптада жылу жүйесіне қосылуға дайын тұр.

 – Жылу беру маусымына қала дайын. Үш жылу трассалары тазартылды, қысыммен тексерілді. 8 қазанда жылу беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, біз алдағы уақытта жылу құбырларын ауыстырамыз. Бұл жұмыстар 2020 жылы аяқталады. Яғни, тұрғын үйлер сапалы жылумен қамтамасыз етіледі, – деді Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов.

Тағы бір өзекті мәселе – Жезқазған-Қызылорда трассасын жөндеу мәселесі. Аймақ басшысы жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары мамыр айында аяқталатынын айтты. Келесі жылы қайта жаңғырту шаралары басталады. Сонымен қатар, Қарағанды-Жезқазған жолы да күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жұмыстар 2021 жылға жоспарланған. Билік, тек, көлік қатынасындағы ғана емес, әуе қатынасындағы да мәселелерді шешпек. Жергілікті тұрғындар Жезқазған-Алматы авиарейсін іске қосу туралы өтініш білдіруде

– Біз бұл рейсті келесі жылы ашуды жоспарлап отырмыз. Барлық қажетті мәселелер тиісті министрлікпен бірлесе шешу қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің айтуынша, ақсақалдар мен қала тұрғындары айтқан барлық мәселелер шешімін табуда. Бірақ, барлық мәселені реттеу үшін уақыт пен қаражат қажет екенін атап өтті.

– Біз барлық проблеманы шешу үшін жұмыс істейтін боламыз, – деп қорытындылады сөзін аймақ басшысы.

Жезқазған қаласына жұмыс сапары барысында облыс әкімі мыс балқыту зауытына барып, кәсіпорынның жұмысымен, келешек жоспарымен танысты.

КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Сәтбаев қаласындағы жұмыс сапары жылу және сорғы станциясын, «Нұрлы мекен» шағын ауданындағы құрылыс алаңын аралаудан басталды.

Қала әкімі Асқар Ыдырысовтың хабарлауынша, соңғы жылдары тұрғын үйлер көптеп салынуда. Қазір көпқабатты үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында кезекте тұрғандарға 56 жалдамалы пәтер беріледі.

– Келесі жылы қаланың орталық бөлігінде тағы алты көппәтерлі тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Барлығы 144 пәтер табысталады. Оның 96-сы – үш бөлмелі. Яғни, көпбалалы отбасылардың келешекте сатып алуына арналған, – деді Асқар Ыдырысов.

Облыс әкімі қала активімен кездесті. Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған көптеген сауалдарын ортаға салды. Соның ішінде, коммуналдық тақырыптағы мәселелер өзекті болды.

– Соңғы жылдары біздің қалада оң өзгерістер орын алып жатыр. Көптеген көшелер тазаланды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Қала өсіп келеді, жаңа аудандар пайда болуда. Бірақ, осыған байланысты туындайтын мәселелер де бар. Кәріз жүйесі тозды. Бірінші кезекте осы мәселені шешу керек, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны.

– Ескірген кәріздік жүйесі, тек, біз үшін ғана емес, бүкіл ел көлеміндегі өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселені шешу үшін республикада желтоқсан айынан бастап іске қосылатын үлкен бағдарлама әзірленуде, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі кәріздік-тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңарту бойынша 53 жоба іріктелгенін айтты. Оның жетеуі іске асырылады. Мұның ішінде Жезқазған, Сәтбаев қалалары бар. Құжаттарды рәсімдеу жұмыстары басталды. Болжам бойынша, құрылыс жұмыстары келесі жылдың ортасында басталады.

 – Біз қаланың өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл – өте жақсы. Инфрақұрылымды, жылу мен жарықты сапалы беруді, кәрізді қамтамасыз ету қажет. Сондықтан, қала әкімдігінің маңызды міндеті – осы мәселелерді уақытында шешу үшін қажетті құжаттарды дайындау, – деді облыс әкімі.

Актив қорытындысында Жеңіс Қасымбек қаланы дамытуға негізделген бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Басқа материалдар

Back to top button