Облыс әкімі Президентке COVID-19 ықтимал екінші толқынына дайындық туралы баяндады

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындығы туралы баяндады. Облыста инфекциялық инфрақұрылымды жаңғырту жүріп жатыр, дәрілік заттардың стратегиялық қоры құрылды, медицина кадрларын тарту мәселесі шешілуде.

Дайындық бес басым бағыттан құрылады: инфрақұрылымды жақсарту, стационарлар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын күшейту, дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорын құру, денсаулық сақтау мекемелерін кадрлармен қамтамасыз ету және медициналық қызметкерлерді оқыту.

COVID-19 дертінің төмендеуіне байланысты облыста төсек-орын жүктемесі 5%-ға дейін азайды, реанимациялық төсектер қазір 5,4%-ға толыққан. Өңірде 44 нысанның 29-ы консервацияланды. Қажетті уақытта олар өз қызметін қайта бастай алады, себебі олар толығымен дайын. Қазіргі уақытта 15 госпиталь (2 252 төсек) жұмыс істейді.

Стационарларда дәрілік заттардың азаймайтын қоры сақталады.

Биылғы наурыздан бастап инфекциялық инфрақұрылымды жаңғырту жүріп жатыр.

Қазан айында Абай, Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында төрт жұқпалы аурулар ауруханасын қайта құру және жөндеу, сондай-ақ Жезқазғанда 200 төсектік модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталуы тиіс.

Осылайша, КВИ емдеуге арналған төсек қоры 5 200 орынға дейін ұлғайтылады.

Сондай-ақ, облыс қыркүйек айында қосымша жабдықтар сатып алды: 500 оттегі концентраторы, 1 500 пульсоксиметр, 416 байланыссыз термометр. 151 ӨЖЖ-аппараты жеткізіледі. 24 нысанда медициналық газдарды беру орталықтандырылған жүйесі және төрт оттегі станциясы орнатылады. Жыл соңына дейін өңірде 17 компьютерлік томография кабинетінен басқа, тағы бес және үш ПТР-зертхана жұмыс істей бастайды. 40 сандық рентген аппараты сатып алынады.

Облыста дәрілік заттардың стратегиялық қоры құрылды – тұрақтандыру қорына 152,9 млн теңгеге препараттар салынды.

Емханалардың мобильді бригадаларының автопаркін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Қазір машиналар саны 102 бірлікке жетті. Сондай-ақ, жедел жәрдемге тағы 48 реанимобиль келіп түседі.

Материалдық-техникалық жарақтандырумен қатар медицина кадрларын көтермелеу және тарту мәселелері шешілуде.

Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған 6 887 медицина қызметкеріне толық үстемақы төленді.

Жұмысқа медициналық жоғары оқу орындарының 360 түлегі тартылды. Оларға өңірлерде тұрғын үй беріледі. Облыстық бюджет есебінен медицина қызметкерлері үшін 196 пәтер жабдықталуда. Сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған, Сәтбаев және Балқаштың жас дәрігерлері үшін 52 пәтер сатып алады. Сонымен қатар, Қазақстандық ипотекалық компаниямен жасалған шартқа сәйкес медицина қызметкерлеріне 300 пәтер бөлінеді.