АймақПриозерск

Абаттандыру – жіті назарда

Приозерск қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында аулалар мен үйішілік аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Қазіргі уақытта қала бойынша 5 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында шаһардың кәріз желілерін қайта құру, орамішілік желілердің магистральдік жүйесі жобасы жүзеге асырылуда. Кәріз желісін қайта құру жұмыстарын жүргізуге – 225 216 мың теңгеге бөлінген. Кәріз құбырлары 80 жылға шыдайтын шойын құбырларға ауыстырылуда. Бұл құбырлардың әрқайсысы компьютерлік бақылаудан өткен.

Қолданыстағы кәріз желілерін жаңа салынған желілерге алмастыру үшін ойма орнату қарастырылған. Ауыстыруға жататын кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 369 метрді құрап отыр. Сонымен қатар, шойын құбырларды темір сақиналары мен олардың қақпақтарын орната отырып, қазіргі заманғы гофрленген пластикалық құбырларға ауыстыру жүргізілуде. Бұл жоба аясында Приозерск қаласының жұмыспен қамту орталығы арқылы 7 адам жұмысқа орналасқан.

Қаладағы құрылысы жүріп жатқан нысандардағы жұмыстың сапасы мен қаланы абаттандыру жұмыстарына баса назар аударып отырмыз. Жолдың жиектемесі, кәріз құбырлары мен көшенің жарықтандырылуы қайтадан жаңартылуда. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табады. Күн райы қолайлы болса, жұмыс жүре береді, – дейді Приозерск қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Темірхан Айдарханов.

Айта кетейік, қалада жуық арада жасалуы тиіс жұмыстар аз емес. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 10 жоба жүзеге асырылмақ. Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында 893 300 мың теңге қаржы қарастырылған.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button