АймақАқтоғай

Айыртастың арызы немесе «жыр» болған жол

Шалғайда жатқан ауыл-аймақ атқамінерлерден аспандағы айды сұраған емес. Адал ауыз судан соң жағы талмай айтатыны – жолдың жайы. Ат-көлігінің тағасымен қоса жүйкесі де тоза бастаған жұртшылық – көлік жолы десеңіз, көз жасын көл қылады. Бұл жол атаулының жыры жылдан-жылға жалғасқан «ұзақ» таусылмайтын жыр. Сол «жырдың» «бір үзігі» Ақтоғай ауданы, Айыртас ауылы тұрғындарының арызын арқалап келген хатта бар. Мәселенің мәні мынада…

«Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына Ақтоғай ауданы, Айыртас ауылы тұрғындарынан жеткен, он бес шақты адам қол қойған үшбу хатта бұқара Айыртас пен Шұбартау ауылының арасындағы жөнделген жолға наразы. 65 шақырым орташа жөндеу көрген жолдың сапасыздығын айтып, мердігерлердің жұмысына көңілдері толмаған ағайын араша сұрапты. Содан басылымға хат жазған жайы бар. Хатта аудандық әкімдік арқылы осы аталған екі ауыл арасындағы 65 шақырым жолға 100 миллион теңге бөлінгендігі, алайда мердігердің барлық жолды емес, тек ойық-шұңқырларды жамаумен шектелгені айтылады. Оның өзі сапасыз дейді. Сол 65 миллион теңгеге жұмыс атқарылған. Бірақ, жұмыс көптің көңілінен шықпай тұр. Тұрғындардың айтуынша, жолдың жыртығы ғана жамалып, басқа жеріне күрек тимеген.

«…Арада шамамен он бес күн өткенде ақтоғайлық азаматтар келді. Жол жөндейтін құрал-саймандарымен. Құм таситын жалғыз «Камазбен» жұмыстарын бастады. Камаз топырақ әкеледі де, тек шұңқырларға ғана төгеді. «Маман болған соң бір білгендері бар шығар» деп ойладық. «Әуелі шұңқырды тегістеп, кейін толық жасайтын шығар» деп сендік… Кейін ауыл жігіттері барып көрсек, жол сол қалпы жатыр. Тек тесіктері жамалған. Болды. Таптағандары да қызық. Жолға тасты толық төсеп барып таптамаған соң ойықтағы тастар бос жатыр. Ол көліктің салмағымен қайта ойылып, «колея» болып қалып жатыр…» дейді тұрғындар.

Мұнымен қоса, хатта аудан басшыларына шағымданғандарын, бірақ мердігерлер тарапынан жұмыстың «сұйылып» кеткені жазылған.

Осы орайда, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қошантаевтан ресми жауап келді. Онда өмірі жөндеу көрмеген көлік жолының негізін сақтап қалу үшін қолға алынған жөндеу жұмысының 30 қыркүйекте аяқталатыны және оны қабылдау ауыл әкімі мен ауылдағы қауымдастық қатысуымен болатыны мәлімделген. Хат мәтіні төмендегідей… (Қаз-қалпында беріліп отыр).

«…Аудандық маңыздағы «Нарманбет – Айыртас» бағытындағы автомобиль жолының жөндеу жұмыстарына байланысты тұрғындар тарапынан түскен өтініш бойынша төмендегі мәліметті хабарлаймыз:

«Нарманбет – Айыртас» бағытындағы автомобиль жолының жалпы ұзындығы 145 шақырымды құрайды. Жолдың «негізі» құрылыс кезінде суға төзімсіз ұсақ материалды (батпақ, балшық және т.б.) пайдалана отырып жасалған. Бүгінгі күні жол 90 пайызға тозған, күрделі жөндеуді талап етеді.

Ағымдағы жылы жолдың негізін сақтап қалу мақсатында, сонымен қатар адам өмірі мен денсаулығына қауіпті ойық, шұңқырлы учаскелерін автогрейдермен қыру, тегістеу, су тасқыны кезеңінде қиындық тудыратын 1 учаскеге су ағар құбырын орнату, су ағар жиегін бетондау, жол жиегіндегі қар ұстайтын қураған ағаштарды жойып, 18000 м3қиыршықтасты пайдалана отырып жол профилін тегістеу жұмыстары қарастырылған (талапқа қиыршық тастың қолданылған себебі – жолдың негізін қалыпқа келтіру).

Мердігер «LegoConstruction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт 64,9 млн.теңгеге жасалған. Бүгінгі таңда мердігермен жұмыстар жалғасуда, аяқталу мерзімі 2020 жылдың 30 қыркүйегі, орындалысы техникалық ерекшеліктермен дефектілік акт талаптарына сай жүргізілуде. Нысанды қолданысқа қабылдау Айыртас ауылының қауымдастық мүшелерінің, ауыл әкімінің қатысуымен жүзеге асырылады» дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қошантаев.

Демек, хатта мәлімделгендей, аталған жөндеу жұмысы жолды сақтап қалу үшін атқарылған. Әуелден-ақ құрылысында кілтипан бар «Жолдың «негізі» құрылыс кезінде суға төзімсіз ұсақ материалды (батпақ, балшық және т.б.) пайдалана отырып жасалған. Бүгінгі күні жол 90 пайызға тозған, күрделі жөндеуді талап етеді». Жергілікті атқарушы билік бұл жолға күрделі жөндеу қажеттігін атап отыр.

Басылымға кеп түскен базынаның аққарасы осы. Біз бейтарап бағытта бұқара мен биліктің де уәжін тең ұстадық. Ал, мұның қорытындысын уақыт шығарары және хақ.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button