Руханият

Ардагер ардақталды

Қарағанды өңірінде белгілі журналист Аман ЖАНҒОЖИНДІ білмейтіндер кемде-кем. Бетпебет кездеспесе де, газет бетіндегі тұщымды мақалаларының кем дегенде біреуін оқыған адамның өзі оның жазу стиліне, шеберлігіне тәнті болары сөзсіз. Ол ол ма, өндірісі өрге домалаған облыстың өзгелерден шоқтығы биік болып, жақсы аты елге танылып жатса, оған да Аман ЖАҒДАҰЛЫНЫҢ еңбегі сіңген.

Бұл күні мерейлі 75 жасқа келген, қай тақырыпқа қалам сілтесе де жазуы ерекше, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ардагер журналисі, қарымды қаламгерді «Saryarqa aqparat» медиахолдингі ұжымы құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

– Газеттің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан адам екеніңізді редакция қызметкерлері ғана емес, облыс жұртшылығы жақсы біледі. Баспасөз ғана емес, облыстың саяси-қоғамдық өміріне белсене атсалысқан тұлғасыз, – деп лебізін жеткізген «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет белгілі журналистен алған тәлім-тәрбиесін ешқашан ұмытпайтынын айтты. Қарашаңырақ «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Ерсін Мұсабек ардагер журналистің облыс өмірі үшін сіңірген үлкен еңбектеріне тоқталып, «кәсіби деңгейі бір бөлек, адами қалпы бір бөлек мектеп» деп, өзінен кейінгі буынды тәрбиелеудегі шыдамдылығына, қамқорлығына тәнті екенін жеткізді. Кездесуге келген журналистің үзеңгілестері, белгілі қаламгерлер Серік Сексен мен Сүйіндік Жанысбай да ізгі ниеттерін білдірді. Білмегенді үйретіп, газет ісінің қыр-сырын меңгерткен әріптестері жайлы олар да өз естеліктерімен бөлісті. Газеттің жауапты хатшысы, Аман Жағдаұлының тәрбиесін көрген шәкірті Нұрқанат Қанапия да әлі күнге дейін хабарласып, ақыл-кеңесін сұрап тұрамыз дейді. Әлі күнге сүйікті ісінен қол үзбеген Аман Жанғожиннан кейінгі буын журналистердің үйренері әлі көп. Суретті түсірген Р.Қалиев.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button