COVID-19-бен күресте қайтыс болған медицина қызметкерлерінің туыстары ақшалай өтемақы алды
COVID-19-бен күресте қайтыс болған барлық 182 медицина қызметкерлерінің туыстары МӘСҚ 10 млн теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы алды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғарыда аталған төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижелері негізінде анықтайды. Өтінімдерді жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа беріледі, содан соң төлем тағайындау үшін МӘСҚ-ға жіберіледі.
12 қазан сағат 18.00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 5 334 медицина қызметкерінің өтініші бойынша және аурудың салдарынан қайтыс болған 182 медицина қызметкеріне қатысты ақшалай қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды. Осылайша, төлемдерді COVID-19-бен күресте қайтыс болған барлық медицина қызметкерлерінің туыстары алды.
Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына төлемдердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (1027) және Алматы (560) қалалары және Шығыс Қазақстан (480), Атырау (465) және Қарағанды (409) облыстары бойынша жүргізілді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.