Жаңалықтар

«Бейімделе білгеннің ұпайы түгел»

Психолог, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің профессоры Лейла АСЫЛБЕКОВА қарағандылық мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, «дұрыс басқару» тәсілдерін, жалпы, қызметкердің қандай болуы керектігі жөнінде семинар-тренинг өткізді. Облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен өткен шараның тағы бір мақсаты – ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауларын насихаттау тиімділігін арттыру.

Мемлекеттік қызметшілерге қосымша білім беру институтының құзыреттерді зерделеу орталығының сектор меңгерушісі семинар-тренинг форматында кездесу өткізді. Кездесу сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығының алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешені аясында жүргізілді.

Психолог аудиторияға тұлғааралық қарым-қатынас ережелерін жеткізуге тырысты. Лейла Өмірзаққызының айтуынша, менеджер күрделі проблемалар жайлы айтуға еш қысылмауы тиіс.

Әр ортаға, уақыттың жаңа сын-тегеуріндеріне төтеп бере білу керек. Кездесетін жаңа сын-тегеуріндерді дұрыс бағытта, яғни, жолыңызда кездескен кез келген адам сізді түсініп, қабылдай алатындай қылуымыз қажет, – дейді ол.

Профессор аудиториямен қарым-қатынасты ата-ана, балалық шақ, жалпы отбасынан бастап, құзыретті тәсілдерге ауысты. «Заманға сай білікті де, білімді де емес, бейімделе білген ұтады» деп үйретті мемлекеттік қызметшілерге Лейла Асылбекова.

Психолог табысқа жетудің үш тәсілі бар дейді. Олар – әлеуметтік денсаулық, адамның мінезі және өзіне деген құрметі. Осы үшеуі болғанда кез-келген жетістікке жетуге болады.

«Адамдар қарапайым жылы сөзді қалайды. Қалай болғанда да, бастысы – жеке мінез-құлықты дұрыстау. Бүгінгі тренингке қатысқандардың көпшілігі «менің мінез-құлқым қандай?» деген оймен кеткен шығар» дейді Лейла Асылбекова.

Көшбасшылық – үлкен өнер. Басшылардың дені инерциямен әрекет етеді. Яғни, біреу өздеріне күліп қараса, жақсы екен деп ойлайды. Ал, билікке қол жеткізген адам өзінің көргенін қол астындағыларына жасайды» дейді психолог.

– Семинар-тренингте спикер белгілі бір сценарий бойынша әр басшыға жеке баға беріп, ұсыныстар беретін болады. Бұл жерде сыбайлас жемқорлық бойынша тәуекел тобындағылардың белгілі бір пулы алынып, жұмыстар жүргізіледі, – дейді «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Малика Күсенбаева.

Салтанат ІЛИЯШ. 

Басқа материалдар

Back to top button