Бас тақырып

Атшабардың жыры Арқада ғана ма?

Бұдан 20 жыл бұрын «Ұлттық спорт» деген сөзді, тіпті, ауыз айтпаған, құлақ естімеген-ді. Бүгінде «Ұлт болып қалыптасуымыздың бастауы – ұлттық өнер» деп білген біршама азаматтар ұлт спортының 26 түрін қалыптастырып, оның 16 түрінен федерация құрды. Қазіргі таңда аталған федерацияда миллионнан астам спортшы ұлттық спортпен айналысады. Ал, 2005 жылы атқамінер ел азаматтары, федерациялардың басын қосып, Республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығын құрды. Құруын құрса да, әр өңірдің айналысар алаңы, жабдықталар жағдайы соған сай ма?!

Ұлттық спорт десе, бірден ойға оралары бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу. Қазір иісі қазақ баласына тай әперіп, ат бабынан әжептәуір хабардар болды. Аудан, ауылдарда жергілікті жердің сүндет той, шілдехана, ас беруінде баяғы қазақы қалыппен ат шабылып, көкпар беріледі. Жүлде қорлары да қомақты. Аты бәйгелі болып, қос көліктен мініп жатқан ағайын да аз емес. Оның бірі – қарағандылық Төлеубек Ермағамбетов. Биыл «Вертолет» атты тұлпарының бабы мен бағы қатар шауып, бірінен соң бірін екі бәйгені де ұтып, қос автокөлік мінгізді иесіне. Бұл да Арқа атбегілерінің еңбегі. Бәйгенің жайы бір төбе, дегенмен, қарағандылық көкпар клубтары да танымалдылықтан кенде емес.

Біз білетін «Көрпетай», «Бәйтерек» клубтары бүгінде жақсы ойыншылармен жасақталып, Оңтүстік өңірдің «Құлагер», «Әулиеата» командаларымен үзеңгі қағыстырар деңгейде.

Облыста ұлттық спортқа көп көңіл бөлінді. Қазір екінің бірі жан-жақтан ат алып, аламанға қосып жүр. Тіпті, атбегілік бір сәнге айналды десек, артық емес. Саптама етік киіп, өрме қамшы ұстаған атбегілер кешегі сал-серілерді еске салардай. Осы үш жыл аралықта облыс бойынша көкпар қарқынды дамуда. Былтыр қарағандылық «Көрпетай», «Жеке батыр», «Қарғайлы», «Бәйтерек» көкпар клубтарынан іріктеліп құрама жасақталды. Ол құрама сол 2021 жылы ел біріншілігінде II орын алып қайтты. Ал, жас команда «Бәйтеректің» қазіргі қарқыны әжептәуір. Биылғы маусымашарда Қарағайлыда ойнап, бас жүлде ұтқаны соған айғақ. Егер көкпаршылардың жағдайы жасалып, аттан тарықпаса һәм дайындалар алаңы, атшабар орны, басқа өңірден команда күтер ойнайтын орталық алаңы болса, меніңше біраз жерге барады, – дейді «Бәйтерек» көкпар клубының жаттықтырушысы Ерлан Оспанов.

Расында, көкпар атының мәселесі мен ипподром жырына қарағандылық жұртшылық құлағдар. Жаттықтырушының сөзінше, бүгінде бір аттың бағасы кемінде 1,5 млн. теңге. Ал, қазір «Бәйтерек» ойыншысы Рамазан Шалғынбаев мінген ағылшын айғыр «Мессидің» бағасы 3 млн. теңге. Сондай-ақ, Айдын Албақай жетекшілік еткен «Жәке» шаруа қожалығы демеушілігімен «Алғабас» атты айғыр да 3 млн. теңгеге алынған екен.

Жалпы, «Бәйтерек» көкпар клубы үкіметтен қаржыланбайды. Енді құрылса да, деңгейі тамсандырар команданың біріне айналды. Клубымыздың басшысы Дастан Рахманберлин және Айдын Албақай, Медет Жахметов сынды ағалардың демеушілігімен дамуда. Аттардың қарапайым жем-шөбі мен дәрі-дәрмегі де осы кісілердің мойнында. Шыны керек, біз Ұлттық спорт қауымдастығына шарт қоюдан аулақпыз. Бірақ, бір ипподром тиетін кезі келді ме деймін біздің облысқа да. Шетелге танымал «Әулиеата» көкпар командасын қарап отырсаңыз, арнайы жасақталған алаңдарын былай қойғанда, ойыншыларына түгел дерлік жалақы төленеді. Әр жерге баратын ойындар үшін іс-сапар ақысын қосыңыз. Кез келген іске, тіпті, ол сүйікті іс болса да, алға жетелер, қызықтырар мотивация керек қой. Ал, бізге жалақы төленбесе де ұлттық спорттан қол үзбей келеміз. Тек, алаң бұйырса да, разы едік, – деді Ерлан Оспанов.

Біздің көкпар командаларында ойнап жүрген белді ойыншылар негізі басқа жерде жұмыстары бар жастар. Ұлттық өнер дегенде, шығар жаны бөлек болған соң, қанға сіңген қазақылық қана жетелеп жүр-ау алға оларды. Бұл – анық. Десек те, тек өрлік пен ата-баба дәстүрі дәтке қуат бола ма?! Жаттықтырушы Ерлан Оспановтың да айтпағы – осы.

Көкпар тарту – екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Тек жігері мен күші, намысы қатар ұштасқандар топқа түседі. Көкпаршыларға да бап керек. Көкпармен айналысқан соң соның басы-қасында болу шарт. Біз секілді тек жұмыстан босағанда, не істеп жүрген жұмыстан сұранып, тиіп қашпай. Мұндай дайындықтан нендей нәтиже күтуге болады?! Расы керек, ойыншылардың барлығы тек өз қызығушылығымен ойнап жүр қазір. Әйтпесе, соқыр тиын төленбейді оларға,– деп тағы бір мәселе басын шалды Ерлан Оспанов.

Ұлттық спортымыз дамуда деп жар салудамыз. Айтарлықтай дамыды, ол – рас. Десек те, кенжелеген тұстары да баршылық. Жалғыз жаттықтырушы емес, Арқа атбегілерінің бір ауыздан сұрағаны облысқа жаңа әрі заманауи жабдықталған, көрермен отыратын көлеңкелі орнымен ипподром және ұлттық спортшыларға жалақы тағайындалуы. Қымбатқа ат алып, команда жасақтап, «Ұлттық өнер жандансын» деп талпынғанға бұл көп көмек.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button