Денсаулық

Кедергісіз орта – уақыт талабы

Әлемде сапалы білім беру мен медицина – өмірлік жетістіктерді анықтайтын негізгі фактордың бірі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да ла­йықты білім, сапалы медициналық қызмет түрін алуға жəне толыққанды өмір сүруге мүмкіншілігі болуы тиіс.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың толыққанды білім алу бағытына тоқталсақ, қазіргі уақытта компьютерлік технологияны пайдалану барлық елде кеңінен таралуда. Оқыту үдерісінде мүмкіндігі шектеулі жандар оқытудың компьютерлік технологияларына қаншалықты бейімделетініне, мүгедек мамандардың ақпаратты-коммуникативті технологиялармен (АКТ) жабдықталған заманауи кəсіпорындарға жұмысқа орналасуына кедергісіз ортаны құру үшін әлемде тиісті зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Біздің елімізде, басқа мемлекеттердегідей мүмкіндігі шектеулі жандардың əлеуметтік бейімделуі жəне жұмысқа орналасу мəселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Ол – «кедергісіз ортаны» қалыптастыру. «Кедергісіз ортаның» болуы мұндай жандар үшін аса маңызды. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысын жеңілдетуге арналған пандус пен ыңғайлы тротуар, стандартқа сай кең есік және басқа да сыртқы қолайлы элементтерінің болуын айтады. Қазіргі уақытта көптеген мемлекеттік, әлеуметтік нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандарға көлігін қоятын арнайы орыннан бастап, арбамен келетіндердің еркін кіріп-шығуына дейін мүмкіндік жасалуда. Зағип жандар трафареттермен, нашар көретіндер жарықтандыру заттарымен толық қамтамасыз етіледі. Бұл да «Кедергісіз ортаны» қалыптастырудың бір нышаны. Бірақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға «Кедергісіз орта» сыртқы факторлармен ғана шектеліп қалмағаны абзал.

Айта кетсек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық мекемелерде көмек көрсету туралы мәселе көтерді.

«Келесі маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын. Цифрлық технологиялар мен автоматтандыру дәуірінде мұндайға жол беруге болмайды. Сондықтан, жұмыс тәсілін дереу өзгерту қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Мүмкіндігі шектеулі жандар проблемасы мұнымен бітпейді. Көз жанарынан қаріптердің басым бөлігі өздері үшін жолдан өту мұң екендігін айтады. Бұдан бөлек, аутизм дертімен ауыратын балалардың ата-аналары да мемлекеттік көмекке мұқтаж. Ел Үкіметі де осы міндеттерді атқару жолында жыл сайын әртүрлі бағдарламаларға бастамашы болуда. Ендеше, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайының заманға сай оңды өзгерістерге қарай бейімделетініне сенейік.

Мира МАХАТЧИНА,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.

Басқа материалдар

Back to top button