Өнердің өрендері – боз кілемде

Қазақстан Қарулы Күштеріне 30 жыл толуына орай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының һәм облыстық қазақ күресі федерациясының қолдауымен Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өнер жолында жүрген қарағандылық азаматтар арасында қазақ күресінен «Өнер барысы» турнирі өтті.

Сайыстың ерекшелігі – өнердің кез келген түрін жанына серік еткен азаматтардың басын қосқандығы. Мұны ұйымдастырушылар – асаба, шоумэн Айбат Апаков (Никулин) және халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абылайхан Шаратов та айтып өтті. Ал, турнирдің бас демеушісі «Hani» кондитерлік компаниясы.

Боз кілемге бақтарын сынамаққа келгендер арасында асаба, әнші, биші, актер, журналист, ақын қатары басым болды. Барлығы 39 балуан 70 келіге дейінгі және 70-тен кейінгі салмақ дәрежесінде екі топқа бөлінді. Жүлдеге қос белбеу және ақшалай сыйлық тігілді. Жеребе тарту арқылы әр қатысушы өзіне қарсылас таңдады. Қазақ күресінің ережесіне сай белдесуде «жартылай жеңіс», «жамбас», «таза жеңіс» болып, 3 ұпай дәрежесі ескерілді. Ал, бұрынғы «бүк» ұпайы ережеден шығып қалыпты.

Аталмыш шараны Арқа өңірінде өткізудегі себептің бірі – қазақ күресін жаңғырту. Ұлттық ойынның ұранын ұрпаққа жаттату, санасына сіңіру. Жастардың намыс-жігерін жану және қарағандылық өнер майталмандары тек өнерде ғана емес, спортта да мықты екендігін дәлелдеу, – дейді «рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов.

Көптен күткен 70 келіге дейінгі балуандар арасындағы алғашқы белдесуге Айбол Әбдірашов пен Ернар Елубаев шықты. Әр жерден Ернар Елубаевтың «Ерақа» деген лақап аты естілді. Осы бір қолдау әсер етті ме?! Әйтеуір, берілген 4 минуттың 3-уі аяқталмай жатып Айбол Әбдірашов жер құшты. Ал, Ернар Елубаев келесі кезеңге өтті. Жеңілгендерге сайыс демеушісі «Фирдаус» мейрамханасынан жеңілдік ұсынылды.

Балуандардың кәсіби деңгейінің жоғарылығын былай қойғанда тіпті боз кілемге шыққандары да әдемі ұйымдастырылған.

Бұдан кейін жүргізуші Айтуған Рсалдин боз кілемге Ернат Әбутаев пен Аңсаған Тоқсанбаевты шақырды. Алаңға шығысымен Аңсаған қарсыласын аңдып, өте сақ қимылдады. Қас-қағым сәтте жамбас әдісін жасаймын деген Ернат Әбутаев өзі тазаға түсіп қалды. Ал, былтырғы қарағандылық «Өнер барысы» атанған Сейфуллин театрының актеры Бауыржан Нұрмағамбетов қарсыласы «Жабайы моңғол» лақап атымен шыққан Жәнібек Жеңісбектен таза жеңіспен ұтылды. Тартысқа толы белдесудің бірі – осы. Жанкүйерлер ықыласына бөленген балуанның бірі – Бекжол Рахым. Ол 4 бірдей қарсыласын жер құштырып, Нұрислам Игіліковке есе жіберді. Сондай-ақ, Медеу Зекенов, Аңсаған Тоқсанбаев, Ернар Елубаев жанкүйерлер делебесін қоздырып, дегбірін қашырған тартысты белдесу көрсетті. Өздеріне тән стиль көрсетіп, белдесу барысында қазақ күресінің нақты қимылдарын айқын таныта білді. «Қамбар» лақап атымен қарсыластарын ойсырата жеңген Медеу Зекенов көпшіліктің назарына ілікті. Сондай-ақ, Жезқазған қаласының Серке Қожамқұлов атындағы театрының актері «Абадан» лақап атымен боз кілемге шыққан Нұржан Бейісбековке де қарсылас шақ келмеді. Ол қарсыласының барлығын тек таза жеңіспен жеңді. Осылайша, ақтық сынға жеткен қос саңлақтың басы боз кілемде түйісті. Әуел бастан «Абаданның» қимылы жұртқа ерекше көрінген-ді. Қарға адым жердегі қарсыласының қимылын қалт жібермей, қолы мен аяғын шапшаң қимылдатып, ақыры Медеу Зекеновті көтеріп тастады. Бұл даусыз таза жеңіс еді. Төреші Болатбек Бидолда да жеңісті Нұржан Бейісбековке берді. Осылайша, 70 келіге дейінгі салмақта III орын Медеу Зекеновке бұйырды. Ал, II орынды Нұрислам Игіліков алса, «Өнер барысы» белбеуін «Абадан» лақап атына лайық екенін Алаш алдында дәлелдеген Нұржан Бейісбеков иемденді.

Сонымен қатар, 70 келіден кейінгі салмақ сапында III орынды Доскей Ботбай алды. II орын тұғырынан Айтуған Охан көрінді. Ал, бұл салмақта өзін нағыз «Өнер барысы» ретінде көрсеткен Мәди Қарағанды болды.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.