Жаңалықтар

Білікті бапкер

Талай тарлан спортшының артында білікті бапкер мен жан аямай тер төгетін жаттықтырушы тұр. Қашанда мемлекет мерейі даму көрсеткішімен бірге спортшылары арқылы мәртебелі болады. Ел байрағын желбіреткен осындай озық оғландарды бокс өнеріне баулып, мерейді тасытып жүрген балқаштық бапкер Әли ЖҮКЕНІҢ есімі бүгінде көпке таныс.

фото: Ortalyq.kz

Спортшылардың кәсіби спорт­тағы жолын бағдарлап, нағыз спортшы ретінде қалыптастыруға негіз болған Әли Нұралыұлы бокс залына 11 жасында келіпті. Белгілі бапкер Владимир Тулуповтың қол астында жаттығады. Көп ұзамай қалалық, облыстық жарыстарда топ жарады. Балқаш гуманитарлық техникалық колледжі білім ордасында дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алады.

Әли жас күнінде жұдырығы тас жаратын боксшы болды. Жекпе-жектерінің басым бөлігінде қарсыластарын ойсырата ұтты. Жасөспірімдер, жастар арасында 48 келіде бірнеше мәрте чемпион атанып, бокстан КСРО спорт шеберлігіне үміткер болды. Соңғы рет 1993 жылы жұдырықтасып, жанкүйерлерін қуантты. 1992-1994 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын өтеді. Спортшылардан жасақталған ротаға қабылданды. Ол жерде де шеберлігімен көзге түсті. Одан кейін білімін жетілдіріп, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен дене шынықтыру және спорт пәні бойынша диплом алады. Осылайша, 1996 жылдан бастап, Абай лицейіне мұғалім болып орналасады. Бокс үйірмелерін ашып, балаларды боксқа баулиды. Жақсы жаттықтырушы болу үшін спортшыны, шәкіртті өз күшіне сендіріп, оған сенім ұялату – басты міндет. Осы тұрғыдан да жүктелетін жауапкершілік жүгі ауыр. Бірақ, оның алдында болашақ боксшыларды тәрбиелеу міндеті тұрды. Мұны түйсінген Әли 2010 жылы біржола бапкерлікке бет бұрады.

Бапкерлікке ауысқан 12 жыл ішінде бокстан ҚР спорт шеберлігіне үміткер 25 шәкірт тәрбиеледі. Олардың арасында бокстан ҚР спорт шеберлері Азия чемпионаты, ҚР Жастар жарысының жеңімпазы 48 келіде Гүлназ Бөрібаева, 81 келіде Азия чемпионы Камила Бажбенова, Қазақстан чемпионатында топ жарған спорт шеберлігіне үміткер Аяжан Ермек пен Камила Ырысбекова бар. «Жекпе-жек» спорт клубында талай болашақ боксшылардың қадамын нықтады. Кейінгі еңбек жолын жалғастырған Балқаш қаласының Оқушылар сарайында бокс секциясына келушілер көп болды. Ол жердегі жаттығу алаңының қолайсыздығына қарамай 3 жыл ішінде мықты боксшыларды әзірледі. Жаттықтырушының айтуынша, қазіргі кезде Ағыбай батыр атындағы Оқушылар сарайында 60-қа жуық шәкіртті баптап жүрген көрінеді.

– Жеңіс пен жеңілісті спортшымен бірдей көтеретін мамандар көп жағдайда көзден тасада қалады. Нақтысын айтқанда, спортшыны жеңіске де, жеңіліске де жетелейтін жаттықтырушысы. Тәлімгерлік – көзге көріне бермейтін жұмыс. Осы орайда біз таудай жауапкершілік, асыл үміт пен мықты сенімді бірдей арқалайтындығымыз сөзсіз. Мен қазір шәкірттеріммен мақтанамын. Гүлназ Бөрібаева, Камила Бажбенова әлемдік додаға дайындалып, жаттығуларын пысықтап жатыр. Аяжан Ермек пен Камила Ырысбекова бастаған шәкірттерімнен үлкен үміт күтемін, – дейді жаттықтырушы Әли Нұралыұлы.

«Жігітті кеткен күшімен сынама, еткен ісімен сына» дейді халқымыз. Білек пен білікті бір арнаға тоғыстырып, ел ішінен болар балаларды танып, оларды шынықтырып, ілкімді ісімен танылып жүрген мақтаулы маманмен балқаштықтар да мақтанады. Бапкер де үміт артып, ертеңіне жетерлік қабілетті бойына дарытып, өзіндегі талантын тәрбиелей алған кез келген спортшыдан жетістік, жеміс күтеді. Біз де білікті бапкердің бокс үйірмесі болашақта спорт саңлақтарының ұстаханасына айналатынына сенім білдірдік.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button