Қара шабадан (эссе)
Кәпия өрістен желіні жер сыза келген қара сиырды бүгін тағы үш рет идірді. Ашкөздіктен емес, үш рет сарқа сауылғанда сүт жолдарындағы майлы сүттің көбірек алынатынын біледі де, енесінің желініне жармасқан қасқа бұзаудың езуі ақкөбіктене бастағанда бас жібінен тарта байлап, шелегін алып, қайта отырады. Құнары мол сүтін бұзауына алып қалғысы келген қырсық сиырдың жебірлік танытқанына қарамай, әбден сарқылғанша идіруінің де себебі жоқ емес…
Омырауын суалтқан кенжесі, марқұм болған тұңғышы Сапардан кейін үш қыз аралатып туған жалғыз ұлы – Мағауиясы биыл мектеп бітіріп, құлақ естісе де, көз көрмеген Алматыға оқуға аттанбақ. Оған дейін сонау күні, ет бітіп, қызылсырағанда сойылған қойдың үрлеп кептірілген қарнына май толтырып, қоса беріп жібермек болған әрекеті…
Әкесі Сламбек хат танымаса да, хат танитын болыс Спанның Әміресінің қасында жүріп, көзі ашық, көкірегі ояу болғанның қандай болатынына көзі анық жеткен. Содан болар, жалғыз ұлды оқытуға бел шешкен. Бұл шешімнің өзі оңай болған жоқ. Көз алдымда жүрсін деп, ешқайда жібермесе де болар еді. Оның үстіне, жырақта жүріп мерт болған Сапарын ойлағанда көкірегі қанша жерден қарс айырылса да, тұңғышының жан жолдасы – Рамазанның айтып кеткені тағы бар.
Түркіменстан жеріндегі әскери ойыннан қалыңдығымен қоса келеді деп, тойға құрылған киіз үйде Сапарының жаназасын бергенде қайғыдан қан жұтқан Кәпияға Рамазан «Мағауия да ер жетер, мен Сапардың алдындағы достығымды ақтауым керек. Мектеп бітірген соң оқуға түсіру менің мойынымда» деп кеткен. Тас түскен жеріне ауыр. Қайғыдан қан жұтқан қайран шешені бұл сөз де жұбатпады. «…төрт жаста қалған Мағауия ер жетер-ау, ер жеткенше ес кетер» деп түңілгені бар-тын. Уақыт емші ме, әлде, кеудедегі шыбын жан шығып кетпегеннен кейін амалсыздың күнін кешті ме, кім білген, әйтеуір, есінен адаспай, аман қалды.
Енді сол ұлды Алматыға жіберудің қамымен жанталасып жүр. Мектептегі сабақ аяқталғанға дейін бір қарын майды жинап үлгеруі керек. Ол да оңайға түскен жоқ. Қазіргідей сепаратормен бөліп ала салатын емес, әуелі оны жайпақ ыдыстарға бөліп құяды да, бетіне қаймағы түскенін күтеді. Түскен қаймақты қалқып алып, біраз жиналған соң май түскенше шайқап, әбден тұздап, қарынға кеулеп, суын шығарып, Алматыға аттанғанша дайындап та үлгерді. Үйдегі сөмке атаулыдан бары – қара шабадан. Киім де, тамақ та сонда салынады. Жиырмадан енді асқан үлкен апасы Тұрсын мен төлқұжаты да жоқ ұлын Кәпия газетке бірнеше мәрте оралған бір қарын сары майды қара шабаданға салып беріп, Аққорадан Алматыға аттандырып, «ақ жол» тілеп қала берген.
… Алдыда – апасы Тұрсын. Артта – қара шабаданды мықшыңдай көтерген талдырмаш ұл – Мағауия. Қолдарында бір жапырақ қағазға жазылған Рамазанның адресі. Алматыны көріп тұрғандары да – осы. Сұрай-сұрай үйге де жеткен. Қуықтай екі бөлмеде жататын да орын жоқ. Әйтеуір, көңілдің кеңдігінен үйдің тарлығы да байқалмайды. Сол түні бір қонып шығып, жалғыз бауырын ағасының досына табыстап, ауылына, Аққораға оралды.
Қазіргідей тест емес, ол кезде жоғары оқуға түсу үшін ауызша емтихан тапсырады. ҚазМУ-дың журналистика факультетінде сабақ беретін Рамазан оқытушылармен алдын ала келісіп, журналист дегеннің кім екенінен бейхабар ұлдың бір саусағын орап берді де, емтихан тапсыруға кіргенде осы саусағыңды жоғары көтеріп кіресің деп тапсырды да жіберді.
Оралған саусақ өз алдына, теледидар көрмесе де өзі айтпақшы, батырлар жырын жаттап өскен ұрпақтың соңғы могикандары емес пе?! Төбесінде тесігі бар ұл ҚазМУ-ға оқуға түсті де кетті.
* * *
… Зейнетке шығып, енді жазамын ғой дегенде өмірден өтті де кете барды. Бірақ, арманда кеткен жоқ, арманда біз қалдық. Үйренетініміз көп еді, уақыт ештеңеге қаратпады!
* * *
Сол қара шабадан Алматыға өзі жетектеп апарған ақ тілеулі апасы – Тұрсынның үйінде әлі тұр. Кезінде, әкесі мен шешесі Сапарларының бақилық болғанына сенбей, қабірін көзбен көріп, көңіл суытсын деген ниетпен ұлының жолдасы – Рамазан Түркіменстанға ұшақпен алып кеткенде өзі қараған марқұм бауыры – Мағауияны сағынып, қай-қайдағы есіне түскенде, осы қара шабаданға сырын айтатыны бар…
Қара шабадан әлі тұр, бірақ бауыры жоқ!
Салтанат ІЛИЯШ.