Ауылға дәрі өзі барады
Дәрі-дәрмек кез келген уақытта керек болып қалуы мүмкін. Сондықтан, әрдайым қолда болғаны дұрыс. Әсіресе, қазіргідей тұмау мен коронавирус жағдайында дәрі ауадай қажет. Шалғай ауылдарды медициналық препараттармен қамтамасыз ету үшін жылжымалы дәріханалар жолға шықты.
Қарағанды облысында жылжымалы дәріхана пункттері алғаш рет 2019 жылдың желтоқсан айында сатып алынған болатын. Бұл облыста ғана емес, елде алғаш қолға алынған шара еді. Аталған пункттер облыстың шалғай жатқан Ұлытау және Ақтоғай орталық аудандық ауруханаларында іске қосылды. Былтыр қалған жеті аудан үшін тағы 7 жылжымалы дәріхана сатып алынды. Жылжымалы дәріхана шалғайдағы ауылдық округтер тұрғындарына дәрілік заттарды төмендетілген әлеуметтік бағамен алуға мүмкіндік береді. Мұндағы дәрілік заттарға үстеме бағасы небәрі 5%-ды құрайды. Кешен әр ауылдық округ пен кенттерге арнайы кесте бойынша барады. Елді мекендерге бару уақыты туралы ақпарат жергілікті әлеуметтік желілерде, медициналық мекемелерде жарияланады. Сондай-ақ, медициналық қызметкерлерден сұрап білуге болады.
– Әсіресе қазір, «омикронмен» байланысты болуы мүмкін жаңа толқыннан қорғану үшін әрі халықтың жүріс-тұрысын азайту үшін бұл дәрі-дәрмектерді жеткізіп береміз, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Гамаль Тоқсамбаев.
– Дәрі-дәрмек көлемі көп, 2-2,5 мың дәрі атауы бар. Бұл бағдарлама жылжымалы дәріхана пунктін қоспағанда 2010 жылдан бері бар. Ол әлеуметтік дәріхана деп аталады. Біз көтерме саудамен айналысатындардан сатып алып, халыққа жеткіземіз. Облыс бойынша ондай дәріханалардың саны – 38. Олар 49 медициналық мекемеде істеп тұр. Одан бөлек, осы 9 жылжымалы кешен дәрілерді жеткізіп береді. Бітіп бара жатқан дәрі-дәрмектер үнемі толықтырылып отырады. Айтқанымдай, бұл бағдарлама бұрыннан бар және жүйелі жұмыс істеп жатыр, – деді Гамаль Сайлауұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жылжымалы дәріхана кешендерінің жұмысына ауыл тұрғындары риза. Жаңаарқа аудандық орталық ауруханасының директоры Еркебұлан Бейсенбаевтың айтуынша, кешен барлық елді мекенді кестеге сәйкес, апта бойы аралап шығады.
– Жаңаарқа ауданында 27 елді мекен бар. Соның біреуінде ғана дәріхана бар. Алыс ауыл тұрғындары дәрі алу үшін аудан орталығына келуі керек. Осындай жылжымалы кешеннің арқасында ауыл тұрғындары қажетті дәрі-дәрмегін ешқайда шықпай-ақ алып қояды. Бұл – өте тиімді іс-шара. Бір ауылға барғанда 300-400 мың теңгеге дейін дәрі сатылады. Басқа дәріханалардан арзан. Таусылған дәрілерді әр бейсенбі сайын «СК-Фармациядан» келген мамандар алып келіп отырады, – дейді Еркебұлан Әбдіманапұлы.
Жансая ОМАРБЕК.