Жаңа кітап – тың арна
Көркем аударма – күрделі жанр. Аудармашы мықты болса, түпнұсқадан да асып түсуі мүмкін. Мәселен, Абайдың аудармаларын алыңыз. Бірақ, хакім шығармаларының өзге тілдерге өз деңгейінде аударылмай жатқанын айтады ғалымдар. Жуырда қырғыз тілінде жарық көрген «Азыркы казак поэзиясы» жинағы екі ел арасындағы әдеби байланысты нығайта түсу жолындағы тың қадам. Әр облыстан іріктеліп, өлеңдері қырғыз тіліне аударылған ақындар арасында әріптесіміз, ақын, «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары Ілияс МҰҚАЙ бар. Бұл – ортақ қуаныш, зор абырой. Жоба үйлестірушісі – ақын Саят ҚАМШЫГЕР.
«Азыркы казак поэзиясы» деген бұл кітап қырғыз елінің Бішкек қаласында 2 мың данамен жарық көрген. Мұнда қазақтың 22 ақынының өлеңі еніп отыр. Шығарушы – «Дүниежүзілік өнер академиясы». Оның президенті қырғыз ақыны Атантай Акбаров. Өзі Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі әрі сазгер. Бұдан 2-3 жыл бұрын Саят ағамыз бас болып, қырғыздың 20 ақынын қазақ тіліне аударып, «Қазіргі қырғыз поэзиясы» деген атпен кітап шығарған. Бұл жобаны жоспарлағанда-ақ, Атантай Акбаровпен келісілген. Кейін бастамаға Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі қолдау көрсетіп, басып шығарған. Қырғыз ақындарының қазақ тіліндегі антологиясының тұсаукесерін Астанада, Талдықорғанда, Алматыда өткізген. Оған қырғыз ақындары да келіпті. Ал, қазақ ақындарын олар аударып біткен соң, осы кітап өмірге келді. Ош қаласында тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отыр. Бірақ, пандемия салдарынан шекара жабық болғандықтан, қазақ ақындары бара алмауы ықтимал.
– Қазақ ақындарының жырларын Атантай Акбаров, Назгүл Османова, Алтынбек Исмайлов, Динара Бейшеналиева сынды 6-7 ақыннан тұратын шығармашылық топ аударған. Біз қырғыз ақындарын ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы екеуміз аударып шықтық. 20 ақынын 10-нан бөліп алып, аудардық. Қырғыздар да біз де тікелей аудардық. Қырғыз-қазақ біртуған болғанымен аудару барысында өте қиын. Ауызша сөйлескенде аздап түсінісесің. Ал, аударма барысында біраз қиналдық. Олар да қиналды. Өйткені, бізде қазақша-қырғызша сөздік жоқ, оларда қырғызша-қазақша сөздік жоқ. Ақындары кейде бізден көмек сұрайды, біз олардан. Осылай бірігіп, біраз жұмыс атқардық. Мен қырғыздарды аударғанда Алматыдан химия ғылымдарының кандидатын тауып алдым. Ғалым адам. Сол көп көмектесті. Сөйтіп жүріп, «аударма дұрыс болсын» деп қызмет еттік, – дейді Саят Қамшыгер.
Бұл жинақта Қазақстанның барлық аймағы қамтылды. Атыраудан – Бақытгүл Бабаш, Ақтаудан – Анар Шәмшединова, Ақтөбеден – Гүлімай Әбішқызы, Қарағандыдан – Ілияс Мұқай, Алматыдан – Әлібек Шегебай, Талдықорғаннан – Сағыныш Намазшамова сынды ақындар бар.
– Қазақ ақындарының жырларын қазақтың өзі танымай, оқымай жатқанда бұл үлкен шаруа болды. Іргеміздегі қырғыз ағайындар «қазақ поэзиясы осындай екен ғой, қазіргі қазақ әдебиеті осылай дамуда екен» деп біліп, өздерімен салыстырып жүргендері қуантады бізді. Мұндай әдеби байланыс көптен бері арнасын таппай жатыр еді. Кеңес үкіметі кезінде бұндай байланыстар болды. Осыдан 3-4 жыл бұрын 10 шақты қырғыз ақынын Алматыға алып келіп, кездесулер өткіздім. Дос-бауыр қылдық. Өзімнің жеке қызығушылығыммен бұдан басқа да жоспар-жобаларды жүзеге асырып жатырмын. Енді осындай жинақты орыстармен құрастыруды бастадық. Мурманскіде тұратын Илья Виноградов деген ақын арқылы орыстың 15 ақынын аударсақ, біздің 15 ақынды олар орыс тіліне аударуда. Кітаптың тұсаукесерін Санкт-Петербургте, Мурманскіде, Мәскеуде қазан айында өткізу жоспарымыз бар, – деп қосты Саят ағамыз.
Осылайша, көрші елдер әдебиетін жақындата түскен жаңа кітап, тұнып аққан тың арнаның бір сағасындай. Алдағы уақытта игі істің жалғасқанын қалаймыз. Оқырманы көп болғай!
Жәлел ШАЛҚАР.