Жаңалықтар

Нұр-Сұлтан – «сарыда». Келесі қай өңір?

Коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дерегі бойынша вирус тәулік сайын артып келеді. 21 шілдеде Қазақстанда 2 480 жаңа жағдай анықталды. Оның алдында  2 257 болған. «Сары» аймаққа енген Нұр-Сұлтан қаласында бүгіннен бастап «сары» аймаққа тән шектеулер күшіне енеді.

Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына маска тағу ұсынылады. Сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық базарлар, концерт залдары, театрлар, кинотеатрлар, стадиондар және басқа да спорт ғимараттары сияқты адамдар көп жиналатын орындарға барғанда және қалалық қоғамдық көлікте жол жүрген кезде маска таққан жөн. Бұл 5 жасқа дейінгі балаларға қатысты емес. Сонымен қатар, науқаспен жақын байланыста болған адамдар қашықтан жұмыс істеу түріне ауыстырылады. Бұл ретте COVID-19 вакцинациясына абсолютті қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді және жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру қажет болады. Ал, оннан астам адам қатысатын жиналыстарды онлайн форматқа ауыстыру ұсынылды.

Мұнда өткен тәулікте 796 адамнан індет анықталды. Одан кейінгі тұрған – Алматы қаласы. Алматыда 722 жағдай тіркелді. Бұдан бөлек, Шымкент қаласы, Алматы, Жетісу және Қарағанды облыстарында анықталған жағдайлар басқа өңірлерімен салыстырғанда көп.
Қарағанды облысында 165 жаңа жағдай анықталды. Біз «жасыл» аймақтамыз. Пандемия басталғаннан бері кешегі күнге дейін облыстың 152 556 тұрғыны COVID-19 жұқтырды.
Кешегі дерек бойынша өңірде вакцинацияның бірінші компонентімен халықтың 75,2%-ы қамтылды. Яғни 675 148 адам екпе алды. Бұл жалпы халық санының 47,3%-ын құрайды. Вакцинациялауға жататын контингенттің 70,5%-ы немесе 633 109 адам екінші компонент алған. Бұл жалпы халық санының 44,3%-ы.
Өткен жылдың 22 қарашасынан басталған ревакцинация барысында 246 660 адам бустерлік доза алған болатын. Ал, биыл, 25 мамырда қайта басталған ревакцина аясында 19 128 адам қайта ревакцинациядан өтті.

Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Және коронавирустан жалғыз қорғаныс – вакцинация мен ревакцинация жасатуға кеңес береді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button