Ресми

Ел тірегі Елбасына арналды

Қарағандыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні Елбасының еңбек еткен Отаны – Теміртау қаласында аталып өтті. Оған Нұрсұлтан Назарбаевтың әріптестері, этномәдени бірлестіктердің белсенділері, қоғам өкілдері қатысты. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты қатысушылардың көпшілігі қашықтан онлайн режимінде лебіздерін жолдады. Қонақтардың басым көпшілігі Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына жиналды.

– Тұңғыш Президент күні – барша қазақстандықтар үшін айтулы мереке. Бірінші болу қашанда қиын, әрі үлкен жауапкершілік. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманғы жаңа мемлекеттің негізін қалаушы ғана емес, ол нағыз Ұлт Көшбасшысына, Тәуелсіздігіміздің символына айналды. Халқымыз оған жаңа Қазақстанды құруды сеніп тапсырды.

Тәуелсіздік жылдарында ұлттық дамудың табиғи жолын қалпына келтіру, мәдениетіміз бен тарихымызды қайтару және сақтау үшін көп нәрсе жасалды, – деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Салтанатты шарада Президентке хат жолдаған қарағандылық Бақытгүл Ғабдулина сөз алды.

– 30 жыл бұрын балалар үйінің түлегі ретінде Президентке хат жаздым. «Сенің жазған хатың Президентке жетеді деп ойлайсың ба?» деп айтқан адамдар көп болды. Хаттың ықпалымен жоғары білім, үй алдым. Елбасы көптеген әлеуметтік бағдарламаға бастамашы болды. Президенттің жеке кәсіпкерлікті қорғау бағдарламасы арқылы кәсіп аштым. Осының бәрі Елбасының отандастарының өміріне немқұрайлы қарамайтынының арқасы.

Бұл Тұңғыш Президенттің дана саясатының, бастамалары мен бағдарламаларының, сондай-ақ оның әрқайсымыздың өмірімізге жеке қатысуының арқасында мүмкін болды. 1 желтоқсан – мен үшін Нұрсұлтан Әбішұлына деген құрмет пен алғыс күні, – деді Бақытгүл Ғабдулина.

Облыс театрларының әртістері Елбасының басшылығымен тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы туралы бейнеролик дайындап, көпшіліктің назарына ұсынды. Бейнероликте Қазақстан этностық әралуандықты артықшылыққа айналдыра отырып, өзінің ұлттық бірлігінің бірегей стандартын жасай алғаны бейнеленген. Бұл үдерісте Қазақстан халқы Ассамблеясы басты рөл атқарады дегенді айшықтап өтті.

Шарада Тұңғыш Президенттің әріптестері естеліктерімен бөлісті. Теміртаудың Құрметті азаматы, металлург Қуаныш Омашев Елбасының металлургия өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі туралы айтты. Сондай-ақ, Теміртаудың Құрметті азаматы Нина Вахитова:

– Бүгінгі таңда болашақ Мемлекет басшысы жұмыс істей бастаған Қазақстан Магниткасы ел экономикасының негізгі флагмандарының бірі. Теміртауды дамыту – Елбасының еңбегі. Біз оның арқасында қаламыздың болашағы бар деп санаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашанда адамдарға деген ілтипатты көзқарасымен ерекшеленетін. Ол қазақстандықтарға қамқорлық жасауды, игі істер жасауды жалғастыруда, – деп атап өтті.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев оқыған мектеп туралы бейнеролик көрсетілді. Сыныптасы Күләш Әмірова Елбасының мектепте оқыған жылдарына тоқталып «Біз мектепте бірге оқыдық. Сұлтан дейтінбіз. Жарқыраған жұлдызымыз сияқты болатын. Алла Тағала Нұрекеңе көп нәрсе берді. Соның бірі – елінің қамын ойлау, – деді Күләш Сбанқұлқызы.

Жастар атынан сөз алған Ұлытау ауданының жас ақыны Мұқағали Сейтқазы арнау өлеңін ұйымдастырылған шараға арнады. Елбасымен кездескен медицина ғылымдарының кандидаты, облыстың бас хирургі Нұрқаси Абатов:

– Қазақстанның «100 жаңа есімі» жобасына қатысып, Елбасымен кездестім. Жолдауларында медицина саласын назардан тыс қалдырған емес. Пандемияда біздің университет ұжымының 47 дәрігері, 56 студенті волонтер болып халыққа қызмет етті, – деп атап өтті.

Кездесу соңында ең жас қатысу­шылар – Жезқазған балабақшасының тәрбиеленушілері қауымды мерекемен құттықтап, өлең оқып, сыйлықтарын ұсынды.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button