Бүгін, 28 шілдеге қараған түні Қарағанды қаласындағы ірі сауда орталықтарының бірі – City Mall-да өрт оқиғасы тіркелді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қызыл жалын ғимараттың бір бөлігін шарпыған. Төтенше жағдайлар департаменті күштері оқиға орнына жедел жетіп, бірнеше сағат ішінде өртті локализациялап, оның кең ауқымға таралуына жол бермеді.
Өрт сөндіру жұмыстарына ТЖД-ның бірнеше техникасы мен арнайы бөлімшелері жұмылдырылды. Олар алғашқы минуттардан бастап жалынды ауыздықтауға кірісті. Абырой болғанда, ғимарат ішінде адамдар болмағандықтан, зардап шеккендер туралы мәлімет тіркелмеді.
Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында оқиға орнына ҚР Ұлттық ұланының 5451 әскери бөлімінің 50 сарбазы жұмылдырылды. Сарбаздар түнгі уақыттан бастап сауда орталығының маңын қоршауға алып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Олар екі ауысыммен жұмыс істеп, бөгде адамдар мен көліктердің қауіпті аймаққа өтуіне жол бермеуде.
Өрттің нақты шығу себептері мен келтірілген материалдық шығын мөлшері әлі анықталып жатыр. Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар департаменті, полиция және техникалық бақылау органдары тарапынан тергеу жүргізілуде.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әскери қызметшілер белсенді қатысып жатыр. Олар жағдай толық тұрақталғанға дейін өз қызметін жалғастыратын болады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА