Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысында салынып жатқан әлеуметтік нысандар туралы баяндады

Қарағанды облысында жаңа әлеуметтік нысандар салынуда. Өңірде мектептер, балаларды дамыту орталықтары мен спорт кешендер саны ұлғаяды. Ауылдарда медициналық қызметтерге қолжетімділік жақсаруда.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқтың қабылдауы кезінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек халықты әлеуметтік қолдау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту туралы баяндады.

Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету басым бағыт болып табылады. Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша әлеуметтік қолдау шараларымен облыстың 43 мыңнан астам тұрғыны қамтылады. Барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша 33 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, 27,5 мыңнан астам жұмыс орны қамтамасыз етілді.

«Бастау бизнес» курстарында 2 400-ден астам адам оқыды. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер өз бизнесін дамытуға 684 шағын несие және 626 грант алды.

Жастардың жұмыссыздығын төмендетуге көп көңіл бөлінеді. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 9 мыңнан астам жас азаматтар жұмысқа орналастырылды, жастар тәжірибесіне 1 177 адам жіберілді. Облыс әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған гранттарын қаржыландыру 10 есеге артты. Осындай гранттарды қалалар мен аудандардың әкімдері тағайындады.

Облыста қолжетімді тұрғын үй құрылысы да қарқыдады. 2020 жылға шамамен 500 мың шаршы метрді қолданысқа беру жоспарланған, бұл өткен жылғы көлемнің төрттен бір бөлігіне артық. «Бақытты Отбасы» бағдарламасы бойынша биыл 575 көпбалалы отбасы үшін тұрғын үй мәселесі шешіледі. Жергілікті билік жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға баспана береді.

Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысында салынып жатқан әлеуметтік нысандар туралы да тоқталды.

Өңірде алты жаңа мектеп салынуда: Қарағандыда, Жезқазғанда, Шет ауданының Киікті ауылында, Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде. Қарағандыда балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылысы аяқталуда. Сәтбаев қаласында да оқушылар сарайы салынады. Қарқаралы ауданында колледж жатақханасы тапсырылады.

Облыста мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесі шешілді. Мектепке дейінгі білім беру қолжетімдірек бола түсті. Тағы тоғыз жекеменшік балабақша мен екі мемлекеттік балабақша ашу жоспарлануда.

Биыл Нұра және Қарқаралы аудандарында дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Жедел медициналық жәрдемнің екі қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде. Қарағандыда онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогы кеңейтіледі. Ауылдық елді мекендерде 32 фельдшерлік-акушерлік пункттер салу бойынша үш жылдық жоспар әзірленді.

Биыл жеті жаңа спорт нысаны ашылады. Қарқаралы, Теміртау және Ұлытау ауданының Қарсақпай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері іске қосылады. Қарағандыда үлкен және үстел теннисі орталықтары мен спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуда. Бұл бұқаралық спорттың негізін нығайтып, кең ауқым алуына септігін тигізеді.