МӘМС мәселесінде ашықтық қажет
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорының төңірегіндегі әңгімелер мен жүйе жұмысына сенімсіздік жаздан басталды. Коронавирус шарықтап, індеттен ес жия алмай жатқан қарапайым халықты МӘМС қорының сол кездегі басшысы Айбатыр ЖҰМАҒҰЛОВТЫҢ зайыбының 12-ші көлігі туралы әлеуметтік желідегі жазбасы ашындырып жіберді. Нәтижесінде басшы қызметтен кетті. Бірақ, көпшіліктің көкейінде ұялаған сенімсіздік пен күдік қалды. Шынымен де, ақшамыз қайда кетіп жатыр?
МӘМС мәні неде?
Денсаулық сақтау саласы – халықтың әлеуметтік деңгейінің көрсеткіші. 2017 жылдан бастап жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалақысынан қалыптасқан МӘМС қоры медициналық қызметті қолжетімді етеді деп жарыса жазған едік.
Расымен де, медициналық сақтандыру арқылы МРТ, КТ, УДЗ сияқты көп қолданылатын, зерттеулер тегін жүргізілетіндігіне қуандық. Сонымен бірге, біз біле бермейтін қызмет түрлері мен оталар да ақысыз екен дестік. Қор бөлетін қомақты қаржыны игеруге тырысқан емханалар жұмысы сапалы жұмыс істейді деп сендік. Бұлар жасалып жатса, біз неліктен көрмейміз, неге жақсарғанын сезбейміз? Мәселенің барлығы сақтандырылуда. Сақтандырылмаған адам мемлекет кепілдік беретін тегін көмектен басқа ештеңе көре алмайды.
МӘМС-тің Қарағанды облысы бойынша филиалы берген мәліметке сүйенсек, аймақта COVID-19-бен күрес үшін қордан 15,8 млрд. теңге бөлінген. Оның 7,7 млрд. теңгесі КВИ анықталған науқастарды емдеуге және ПТР тапсыруға арналса, қалған 8,1 млрд. теңге медициналық қызметкерлерді ынталандыруға жұмсалды. Осынша қаражат бөлінгенде неліктен КТ-ға жазылуға орын таппай, ПТР-ді 20 мыңға тапсырдық?
– Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС аясында инфекциялық, провизорлық стационарларда жатқан науқастарға, емдеуші дәрігердің жолдамасымен пневмония белгілері бар науқастарға, карантиндік изоляторға жатқызылған науқастарға, сонымен қатар жоспарлы емдеуге жататын емделушілерге ПТР тестілеу тегін жүргізіледі, – деп түсіндірді қордың облыстық филиалы бөлімінің бас сарапшысы Жанар Ракишева.
КТ/МРТ-ден дәрігердің жолдамасымен ғана тегін өтуге болады. Бірақ, ондағы кезектен ауруын асқындырып, жүйкесін жұқартқысы келмеген жұрт ақылы өте салғанды құп көретіні жасырын емес.
Қызметтен құр қалмайын десең… төле
Сақтандырылған статусына ие болу үшін жарна аудару қажет. Жұмысы барларға жұмыс беруші төлейді, әлеуметтік осал топтарға (балалар, қарттар, жүкті әйелдер, т.б.) мемлекет төлейді. Жұмыссыздар өздері үшін төлеуі тиіс.
– Емханаға есепке тұруға барғанмын. «Сақтандырылмағансың» деп қайтарды. Сосын 5 айға төлем жасағаннан кейін ғана тиісті қызметті алдым, – дейді қала тұрғыны Ләззәт Әминқызы.
Сақтандыру қоры мамандары түсіндіргендей, үй шаруасындағы әйел өзін-өзі қамтыған топқа жатады. Ол жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркелмеген, бірақ үйде отырса да, бір іспен айналысып, табыс табатындар (кондитер, репетитор, бала күтуші деген сияқты). Бұл қатарға жататын адамдар айына бір рет бірыңғай жиынтық төлем жасайды. Оның көлемі биыл қалалықтар үшін 2651 теңге, ауылдағы ағайын үшін 1326 теңге. Өзің үшін төлейсің. Тегін көмек үшін де төлеу керек. Ақыры ақылы болса, жеке клиникалардағы білікті маман, заманауи техниканы таңдау керек сияқты.
Дерек үшін айта кетейік, қазір облыс бойынша 1 152 272 адам – сақтандырылғандар сатусына ие. Оның 735 050-і жеңілдігі бар категорияға жатады, олар үшін төлем мемлекет есебінен жасалады, жалданбалы жұмыскерлер – 390 359 адамды құрайды, 33 мың адам аударымды ЖК ретінде жасаса, 13 906 адам өздері үшін төлеушілер. Облыстың жалпы тұрғындарының 16,2%-ы, яғни, 223 мың адамның МӘМС жүйесінде мәртебесі жоқ.
Пандемия кезіндегі жеңілдік қандай?
Пандемия жан-жақтан қыспаққа алды. Моральдық, психологиялық, материалдық, құндылықтар тұрғысынан. Карантин салдарынан табысынан айрылғандарға МӘМС қоры жеңілдік жасады. 1 сәуірге дейін мәртебесіне қарамастан емдеу мекемелерінде бірдей қызмет алды. Кейін бұл мерзім 1 шілдеге дейін ұзартылды. Бірақ, бұл көпшілік ойлағандай, төлем жасалмайды дегенді білдірмейді. Төтенше жағдай кезінде табысынан айрылғандарға берілген 42 500 теңге алғандар ғана МӘМС қорына сол айлар үшін төлем жасаудан босатылды.
Індет кесірінен жапа шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне жасалған жеңілдік 1 қазаннан жылдың соңына дейін ұзартылғанын айта кету керек. Үкімет арнайы қаулы қабылдап, шағын және орта бизнес субъектілерінің, сондай-ақ ірі бизнестің 29 категориясын МӘМС төлеуден босатты. Бұл үшін жұмыс беруші өз жұмыскерлері туралы ақпаратты МӘМС қорына беруі керек.
– ШОБ үшін жеңілдік мерзімі аясында жұмыс берушілер қол астындағы жұмыскерлер үшін аударым жасамаса да жұмыскерлер сақтандырылған болып саналады. Сонымен қатар, эпидемияға қарсы шараларға қатысқан дәрігерлерге төленген үстемақыдан да аударымдар ұсталмайды, – деді Жанар Ракишева.
Қарағанды облысы – МӘМС қорына аударымдар жасау жағынан Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орында. Жаңа жүйе енгізіле бастаған 2017 жылдан бастап биылғы жылдың 1-ші қарашасына дейін облыс тұрғындары 36,4 млрд. теңге аударған екен. Оның 30,07 млрд. теңгесі (82,6%) жұмыс берушілердің аударымдары, 6,3 млрд. теңге ЖК мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісіммен жұмыс істеп жатқандардан түскен.
Жалпы МӘМС қорында қазір 445,8 млрд. теңге бар. Ол – сіз бен біздің ақшамыз. Және оның қайтарылмайтынын да біле жүріңіз, ауырмасаңыз да.
Жансая ОМАРБЕК.