Азаматтық альянс – қоғамның қозғаушы күші
Бүгін Достық үйінде облыстың үкіметтік емес ұйымдарының XVI конференциясы өтті. Онлайн режимде ZOOM платформасы арқылы 200-ге жуық адам қатысқан жиында облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК аймақ төңірегіндегі қоғамдық ұйымдардың беделін арттыруда жүйелі жұмыс жүргізілуде екенін айтты.
– Елімізде азаматтық қоғам құруға сарапшылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері белсенді атсалып жүр. Елдің дамуын нығайтуда мемлекет пен қоғам арасында алтын көпір болған үкіметтік емес ұйымдардың саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің орны айрықша. Бұл – жергілікті қоғамдық ұйымдардың беделі артып, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік бар екенінің айқын дәлелі. Азаматтық қоғам институттарымен жұмысты нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде, – деп атап өтті аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.
Конференцияда Азаматтық альянстың вице-президенті Гүлнар Құрбанбаева «бүгін біз тәжірибе алмасу арқылы алдағы уақытқа қандай жоспар құратынымызды жоспарлаймыз» деп атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы сөз алып, Үкіметтік емес ұйым өкілдеріне алғыс білдірді.
– Пандемия уақытында Үкіметтік емес ұйым өкілдері тарапынан облыс бойынша 70 мыңнан астам азамат көмек алды. Біз індеттің айналасында азаматтық қоғам өкілдерінің топтаса алатынын көрдік. Олар әртүрлі салада жүргеніне қарамастан кез-келген қиыншылықты еңсере алатынын байқатты, – деді Абзал Нүкенұлы.
«Белсенді азаматтық қоғам-мемлекеттің стратегиялық міндеттерін табысты шешу факторы» конференциясына Қазақстан Азаматтық альянсының төрайымы Бану Нұрғазиева арнайы келді. Үкіметтік емес сектор қызметінің неғұрлым өзекті мәселелерін және билік органдарының азаматтық қоғам институттарымен, халықтың белсенді бөлігімен тиімді ынтымақтастығын құру бөлігіндегі проблемаларды талқылап, оларды шешу жолдарына тоқталды.
Конференция жұмысында пленарлық отырыстар мен пікірталас өтіп, облыстың барлық өңірлерінен үздік әлеуметтік жобалар көрмесі өтеді деп жоспарланған. Аймақтағы еріктілер мен үздік Үкіметтің емес ұйымдардың жұмысы көрсетіліп, үздіктер марапатталмақ.
Аяулым СОВЕТ.