Жаңалықтар

Әлеуметтік мәселе кезек күттірмей шешілуі тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік көңіл күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек деп, Үкіметке екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Әлбетте, бұл елімізде бұған дейін халықтың әлеуметтік жағдайына ден қойылмады дегенді білдірмек емес. Тек, «Қасіретті қаңтар» сабағы бұл мәселеге басқа қырынан қарап, нақты шешімдер қабылдауға мұрындық болды. Президент бастамасынан кейін бұған дейін халықтың мұң-мұқтажын тікелей билік өкіліне жеткізуші ретіндегі қалалық қоғамдық кеңес мүшелері жұмыстарына пәрменмен кірісті. Мәселен, Қабдығали ОСПАНОВ төрағалық ететін кеңес мүшелері азаматтарды қабылдап, түйткілді мәселелерін шешуге атсалысты әрі осы арқылы әлеуметтік саланың осал тұстары айқындалып, билік нақты шешім қабылдауда соларды негізге алатын болады.

 

Еліміздегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдай түрлі митингілерге шығудан басталып, соңы қайғылы оқиғаға алып келгенін білеміз. Бірақ, облысымызда билік пен азаматтық қоғамның тікелей байланыста екенін, өзара диалог бар екенін көруге болады. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдай бойынша оңтүстік және батыс облыстармен салыстырғанда Қарағанды көш ілгері. Мәселен, өткен жылы кеншілер қаласында 300 мың шаршы метр шамасында тұрғын үй салынғанын білеміз. Одан бөлек, түрлі әлеуметтік мәселелер де уақытылы шешімін табатынын айту керек, – дейді Қабдығали Нұрғалиұлы.

Дегенмен, қабылдауға келгендердің ішіндегі базынасын айтып, сыпайылықпен тілегін жеткізгенінің де, қиын өміріне налып, көз жасын көлдете келгеннің де, талап етіп, тепсіне келгенінің де көкейіндегісі – баспана мәселесі. Оның үстіне қабылдауға келгендердің дені – әйел азаматтар екенін ескерек, оның артында өмірдің мехнатын жұбайына артып, жауапкершілік түгіл, алимент төлеуден қашқан әкелер проблемасы да қылтияды. Мәселен, Пришахтинск қаласынан келген төрт баланың анасы жолдасының тастап кеткенін, ал, балаларға алатын жәрдемақы пәтері болмағандықтан, үй жалдауға ғана жететінін айтып, көмек сұрай келген. Көмек сұрағанда да алақан жаю емес, көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегінде тұрған бұрынғы күйеуінің орнына өзін алмастыруға қол ұшын беруді өтінеді. Бесінші балаға жүкті ана үйдегі шиеттей балаларына жейтін тамақтың да болмай қалатынын айтып, көз жасына да ерік берді. Осы орайда, Қоғамдық кеңес тек билік пен халық арасын жалғаушы көпір ретінде ғана емес, сондай-ақ, қолдан келгенше көмек көрсетуге даяр екенін айту керек. Қабдығали Оспанов көпбалалы анаға құжаттарын реттеуге көмектесумен қатар, кәсіпкерлер тарапынан азық-түлікпен қамтамасыз етуге жәрдем беретіндіктерін жеткізді. Бірақ, «Аш адамға балық берме, қармақ бер» демекші, азық-түлікпен бір реттік қамтамасыз ету мәселені шешпейтіні анық.

– Таяқтың екі ұшы болатыны тәрізді, адам бізге келгенде ол мемлекеттен не аламын, нені ала алмаймын деген оймен келуі керек. Сондай-ақ, бүгін келе салып, ертең сұраған затым бола қалады деген де болмайды. Барлығы заңға сәйкес ресімделуі тиіс. Ал, көмек сұрап келушілерге материалдық көмекті үнемі көрсетпейміз. Мұқтаж отбасыға олардың жалғыз еместігін білдіру, қолдау көрсету мақсатында жасалады. Бұл масылдыққа әкеледі деп ойламаймын, – дейді Қабдығали Нұрғалиұлы.

Қоғамдық кеңес қабылдауына келушілерді әлеуметтік мәселеге алып келетін тағы бір жағдай – заңды білмеушілік. Яғни, өз құқығын қорғай алмауы. Салдарынан мемлекет беретін көмекті ала алмай, болмаса, үй кезегіне тұру үшін құжаттарын тапсыра алмай сарсаңға түседі. Бұл жағдайда Қоғамдық кеңес мүшелері кеңес беріп, құқықтық көмек көрсетеді.

Эрик МЕҢСЕЙІТОВ, отставкадағы әділет кеңесшісі, кеңес мүшесі:

– Қазір ақпарат қолжетімді. Әлеуметтік желіден жедел түрде бәрін біліп отырғандықтан, өзгелерде де солай деп ойлаймыз. Бірақ, қоғамда қарапайым құқықтарын да білмейтін адамдар бар. Қабылдауға келушілердің сұрақтарына қарай, әлеуметтік салада қордаланған дүние көп екенін көруге болады. Қоғамдық кеңес мүшелерінің мақсаты жекелеген адамдарға көмектесіп қана қою емес, мәселенің мәнісін анықтап, уәкілетті органға жеткізу. Жұмыс жеткілікті. Қабылдауға келгендермен хабарда болып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істейміз. Ал, құқықтық сауаттылыққа келсек, заңды оқып, қажетіңе жарата білу керек. Оның үстіне халыққа кеңестер де беріледі. Әрине, өзгермелі заман, бүгін естіген ақпараттың ертең қажеті болмай қалуы мүмкін. Дегенмен, уәкілетті орган осының барлығын біліп, саралап, халыққа жеткізіп, түсіндіріп отыруы тиіс. Ал, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Найля Қайырбекова болса, азаматтарды ақпараттық қоғамдастыққа тарту керектігін айтады. Оның айтуынша, азаматтар қызықты оқиғаларды іздеп қана қоймай, өздерін осы қоғамдастықтың мүшесі ретінде сезінулері қажет. Яғни, өздері үшін құқықтық тұрғыда сауатты болулары керек. Себебі, проблеманың барлығы құқықтық сауаттылықтың төмендігінен туындайды. Қоғамдық кеңес қабылдауынан кейін тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне мониторинг жасалып, атқарушы органдармен бірлесе шешімі табылады. Оның үстіне мұндай қабылдаулар Жаңа Қазақстанды құру жолында әлеуметтік мәселелердің мәнісін анықтауға мүмкіндік беретіні анық. Кеңес мүшелерінің пікірі де – осы.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button