Әнімен әлемді әлдилеп…
Рок-музыканың жарық жұлдызы, ақын, киноактер, «Кино» тобының жетекшісі Виктор ЦОЙДЫҢ 60 жылдығы Қарағандыдағы ескерткіші маңында аталып өтті. Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы аңызға айналған тұлғаны еске алуға арналған «Цой атты жұлдыз» шарасына барлық келем деушіні шақырды.
Кейде көпқабатты үйлердің қабырғасынан «Цой тірі» деген жазуды көріп қаламыз. Сол сәт темекі тұтатып жатып, кісінің қолынан қаза табатын бұйрабасты Виктор ЦОЙ еске түседі. Иә, табиғи таланттардың ғұмырының келте болатыны өкінішті. Бірақ, олар елдің жүрегінде сол жап-жас күйі қалды.
Форматы ерекше шара іс-шара – Виктор Цойдың шығармашылығына жастардың қызығушылығын арттыру, патриотизмге, азаматтыққа және адамгершілікке тәрбиелеу арқылы жастардың зияткерлік-рухани қасиеттерін қалыптастыру, Дарынды жастарды іздеу, олардың шығармашылық бастамаларын дамыту, жастарды жан-жақты көтермелеу және ынталандыру, орындаушылық шеберлік деңгейін және сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетін арттыру мақсатын көздеді.
Еркін микрофон аясында кез-келген адам өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Олар В.Цойдың әнін орындап, өлеңдерін оқып, естеліктерімен бөлісті.
Атап айтсақ, музыкалық бағдарламаға облыстың әр өңірінен Виктор Цойдың өлеңдері мен әндерін орындаушы талантты жастар қатысты.
Кеш барысында жас орындаушы Алина Катели, белгілі қарағандылық әнші Павел Безуглов, «Политехник» және «Грузовик» жастар тобы, қарағандылық Алена мен Павел Нечаевтар, «Цоевцы» қозғалысының ұйымдастырушылары, теміртаулық Нариман Шаймердено және басқа қатысушылар өз өнерін көрсетті.
Орындалған әндер арасында – Виктор Цой шығармашылығының әртүрлі кезеңдеріндегі «Кукушка», «Звезда по имени солнце», «Перемен требуют наши сердца», «Мама – анархия», «Группа крови» сынды шығармалар бар.
Сондай-ақ, іс-шарада Виктор Цойға арналған авторлық өлеңдер мен әндер айтылды. Кітапхана қызметкерлері аңызға айналған рок-музыканттың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.
Виктор Цойдың өмірден өткеніне де 32 жыл болыпты. Бірақ, әнімен әлемді әлдилеп, миллиондардың жүрегін жаулаған ән өнері майталманының музыкасы әлі күнге тыңдармандарының жүрегін тербеп келеді және солай бола беретініне сенім кәміл. Оған осы айтулы кеште көз жеткіздік.
Жәлел ШАЛҚАР.