«Жұмыспен қамту жол картасы» аясында Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде 464 оқушыға арналған мектеп ғимаратының құрылысы басталды. Қазіргі өскелең заман талаптарына сай салынатын жаңа мектеп аумағында спорт алаңы және жас өскіндер үшін басқа да барлық қажеттіліктер қамтылады. Бұл – аудан орталығындағы жалпы орта білім беретін алтыншы мектеп болып табылады.
Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында бүгінде ежелден қалыптасқан 5 орта мектеп жұмыс істеуде. Аудан орталығы жыл өткен сайын қанатын кеңінен жайып дамып келеді. Жаңа тұрғын үй аумақтарының көптеп қатарға қосылып, халық санының өсуіне байланысты қосымша мектеп үйіне қажеттілік туындаған болатын. Жаңа мектептің жобасы осы қажеттілікке орай қолға алынып отыр. Жобаның жалпы құны 2 миллиард 23 миллион теңге. Архитектуралық пішіні екі және үш қабатты болып жалғасып келетін мектептің жалпы ауданы 8427 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Карагандастройконструкция» ЖШС мердігер ұйымы жүргізуде. Бас жобалаушы – «TEVA» ЖШС. Жоспар бойынша ғимараттың құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделуде. Құрылыста еңбек ететін 100 адамның 50-і аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылып отыр.
Амандық РАХҰЛЫ.
ЖАҢААРҚА ауданы.