Бұл мақаламды өзге материал сияқты бірден компьютерде термедім. Мағаш ағатайымның «школасы!». «Орталықтың» теруші-бет қаттаушы қыздары куә сөзіме. Екі жол, мейлі екі жүз жол болсын, баспа машинкасының сары қағазына шимайлаушы еді, жарықтық… Жазуы да ірі еді ғой. Қос мағынасында!
Бірін, оқырман, сіз білесіз. Ой-тамызығы, сараптамасы. Шіркін, әрқайсысы – бір-бір әлем. Екіншіден десеңіз, бармақтай-бармақтай қаріптері архивте сақтаулы. Онысын газетке баспас бұрын жүз қайталап оқитын. Бәрімізге оқытатын. Дауыстап, іштей, кейде телефон арқылы. Және архив құжаттарын, ресми фактілерді жиі пайдаланды. Жазу алдындағы жауапкершілігі сол, сараптады, зерттеді әр детальді. «Шағын дүние жазсаң да кіндігіңнен жаралған балаңдай көр», – дейді сосын.
Бізді қаннан бұрын қалам табыстырған. «Орталыққа» орналасқан сәтімде «Жазуың дұрыс болмаса, Ақтоғайыңа қайтасың», – дейді. Облыстық басылымға Балқаштан бардым ғой. Сондықтан, ақтоғайлық деп ойласа керек. Өзінің бауыры, жерлесі екенімді кейін білді. Бірақ, соған аса мән берген емес. Талабы қатаң, тәртіпті де босаңсытпады. Өзі үнемі айтқандай, географиямызға емес, биографиямызға қарады.
«Қазақша айтқанды ұқпасаң, орысша айтайын. Идею даю же», – дегенін қалай ұмытайық?! Сол идеяларын қағазға түсіремін деп іздендік. Бірде қошқардың суретін қолыма ұстатып, «материал жаз» дегені бар. Суреттің «подписіне» қарап, архивті қопардық. Жаздым әйтеуір. Осы «Орталықтың» тігінділерінде сақтаулы ғой. Қуғын-сүргін тұсында біздің елге жер аударылып келген ғалымдардың селекция жасауы арқылы алынған қой тұқымы туралы мақала еді.
Мағаш ағатайымның тәлім-тәрбиесі жайлы көптеп жазуға болады. Жиырма галстугын әкеліп, үстелге жайып тастапты бірде. Бар өнерімді салып байлап бердім. Аруақтарға құран бағыштайтын болса, жанына ертіп алып қой сойғызатын. Ет мүшелейтінбіз. Табиғатқа серуендей қалсақ, отын жарып, самаурын қайнаттық. Осының барлығы сабақ екен. Өз сөзімен айтсақ, «школа!».
Енді бірде, үстел теннисін ойнап тынығатынбыз. Бильярдтан да есе жібермеуші еді, қайран ағамыз. Сол кездесулерде өмірден алған сабақтарымен бөлісетін. Ақыл-кеңесін айтады. Сырласатынбыз. Қайтейін?!
Текті еді. Бетті еді. Мұхтар (Мағауин) мен Тоқтар (Әубәкіров) ағаларын аспанға көтерді. Шерхан (Мұртаза), Рамазан (Сағымбеков), Нұрмахан (Оразбеков) сияқты ұстаздарын аузынан тастамады.
Кейде күйбің тіршіліктен шаршаса, Тәттімбеттің күйлерін шертетін. Әкесінен дарыған өнері. Тас қаладан зеріксе, күн демей, түн демей ауылға тартып кететін. Әттегені, сол сапарларының куәгері, дүлдүл әнші Мейірхан (Адамбеков) ағатайымның да бейнесі сағынышқа айналған бұл күні…
Мағауия Сланбекұлы туған жерді жазды, төрт түлік жайында қалам тербеді. Экономика, өндіріс тақырыптарын қаузады. Батыр Баянның жерленген жерін зерделегені де тарихи сәт еді. Бір кездері райкомның секретариатына тісін батырғаны да қаламының қуаттылығын аңғартса керек.
«Менің миллион шаруам бар» дегені барлығын ой елегінен өткізіп жүргені екен ғой. «Журналист жиырма төрт сағат жұмыс істеуі керек», – деп газетті, (Орталығын) жан-тәнімен сүйді. Тереңнен ойлады. Іссапарда жүрсе де редакцияның (ішкі кухнясына) алаңдап әлек еді-ау. «Құл қашып барады, ат шөлдеп қалмасын», – дейді де газетті, ұжымды уайымдады. Редакцияның әр қызметкеріне, олардың отбасыларына қамқорлықпен қарады.
Тау тұлға Сембаев жайлы жазбада балабақшаны жазғаным – ұсақталғаным емес. Неге десеңіз, бүгінгі бүлдіршін – ұлттың ертеңі емес пе?! Мағаш ағатайымның басқаны емес, бақшаны ойлағаны сондықтан болар. Редакция ұжымының балаларына да үнемі қарайлады. «Тәрбиесі қалай, тамағы тоқ па?», – деп сұрап отыратын. Кейбір мерекелерде «Орталықтың» бүлдіршіндерін тегіс жинап алып, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастыратын. Әр баланың әлеміне кіріп, құрдасындай сырласатын.
Ақын Абзал Бөкен ағамыз айтқандай, «Елпілдеген баладай, еркелігі тарамай…» өзі де кете барды ғой. Пейіште нұры шалқысын!
Бір күні Бастық (М.Сембаев – авт.) кабинетіне шақырды.
– Мына кісінің материалын жақсылап өңдеп, газетке бас. Өзіңе керек болады. Балабақшада жұмыс істейді екен, – деді.
Күлдім.
– Менің балаларым мектепте оқиды ғой, – деймін.
– Қарағандыға қашан келдің?
– Төрт жыл болды.
– Енді, садик қайда, әй ұл?, – деп басын шайқады. Сөйтсем, қазақтың санын көбейту керек дегенді меңзегені екен.
Шүкір! «Орталықтың» іргесінде жүргенде туған Ақжаным қолымдағы қаламға таласып отыр. Қағаз шимайлауға жарап қалды.
Таңертең «садикке» барады…
Қуаныш АМАНҚҰЛ,
«Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы.
БАЛҚАШ қаласы.