Жаңалықтар

Қолаға да қанағат

Өткен жұма күні Бейжіңдегі 2022 жылғы XIII Қысқы Паралимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды. Алғашқы жарыстарда-ақ ел құрамасы сапындағы Александр ГЕРЛИЦ парабиатлон сайысында қола жүлдегер атанды. Спортшымыз 10 шақырым (LW6) қашықтықта канадалық Марк Аренц пен украиналық Григорий Вовчинскийге есе жіберді. Десек те, Александр төрткүл дүниеге қола жүлдегер ретінде танылды. Герлицтің бұл жүлдесі – Қазақстан құрамасының қорындағы бірінші жүлде, әзірге.

Жалпы, әлемдік деңгейдегі додаға 50 елден жиналған 600-ден астам спортшы қатысуда. Ал, Қазақстаннан аталмыш додаға бес спортшы барған болатын. Олар Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Сергей Усольцев, Юрий Березин және Денис Петренко. Спортшылар қар спорты (тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон және сноуборд) сондай-ақ, мұздағы спорт (шанамен хоккей және мүгедектер арбасында керлинг) бойынша екі категорияда алты спорт түрінен өнер көрсетуде. Санлақтар наурыздың 14-іне дейін бақ пен бап таластырмақ.

Қысқы Паралимпиада біздің елге таңсық спорт еместігі баршаға аян. Себебі, Қазақстан спортшылары Паралимпиада ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Бұл Паралимпиадаға дейін 1 алтын, 1 күміс медаль иеленді. 1994 жылы 10 шақырымға классикалық мәнерде шаңғы жарысында қазақстандық Любовь Воробьева күміс алса, ал, 2018 жылы шаңғымен жарыста Александр Колядин 1,5 шақырымға классикалық мәнерде спринт жарысында чемпион атанды.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button