Жаңалықтар

Оғландар оза шапты

Қарағанды қаласындағы Сәрік Сәпиев атындағы бокс орталығында дүбірлеп өткен бразилиялық джиу-джитсу спортынан «Karaganda open bjj championship summer gi & no-gi» республикалық ашық турниріне 1000-нан астам спортшы қатысты. Кіл мықтылар бақ сынасқан айтулы жарыс 3 күнге созылды.

Ашық чемпионатқа 5 жастан бастап, балалар, ересектер мен ардагерлер қатысты. 74 клубтың құрамындағы Қазақстан, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Германия, Беларусь елдерінің мыңнан астам спортшысы ептілігін паш етті.

Жарыс ең жас жауынгерлердің өнерінен басталды. Жасы 5-тен 15 жасқа дейін Jiu-JITSU GI бөлімінде (кимонода), Jiu-JITSU No-GI бөлімінде барлық жастағы және барлық санаттағы адамдар белдессе, турнирдің 3-ші күні барлық қатысушылар JIu-JITSU GI бөлімінде бақ сынасты.

 

– Қарағандыда бұл спорт түрінен 20-дан астам әлем чемпионы бар. Тек, көп айтылмайды, насихаты жоқ. Өткен жылы Абу-Дабиде біздің спортшылар 8 алтын медаль жеңіп алды. Джиу-джитсу Қазақстанда өте дамыған. Облыс орталығында, Балқаш, Теміртау, Саранда көптеген клуб жұмыс істеп тұр. Өткен жылы әлем чемпионатының қорытындысында еліміздің құрамасы 10 ел ішінен жалпыкомандалық III орынға ие болды. Осы турнирде де біз алдыңғы саптан көріндік. Жалпы, кейінгі 4 жылдықты қорытындыласақ, тізімнің басында тұрмыз, – дейді «Қарағанды облысының джиу-джитсу федерациясының» президенті Аян Шермағанбетов.

Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жарыстар үш кілемде өтті. Олардың барлығы «Қарағанды облысының джиу-джитсу федерациясы» YouTube-арнасының тікелей эфирінде көрсетілді.

Жарыс қорытындысында, қарағандылық Mario Broc BJJ клубы 26 алтын, 36 күміс, 35 қола медаль жеңіп алып, турнир кестесінің II орынынан көрінсе, SATTY LUX STROY клубы 19 алтын, 14 күміс, 9 қола медальмен III орынға тұрақтады. «World Martial Arts Academy» клубынан 9 спортшы қатысып, 2 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Осылайша, жерлес клубтар Арқа жерінің абыройын тасытып, мерейін өсірді.

Джиу-джитсумен айналысатын спортшылардың жарыс кестесі толық. Тамыз айында Нұр-Сұлтанда грэпплингтен ашық республикалық чемпионат және балалар мен жастар арасында Қарағанды облысының ресми чемпионаты жоспарланса, қыркүйекте Қазақстан чемпионаты, қарашада халықаралық жарыстар өтеді. Жерлестеріміздің ол спорт додаларында да алдыңғы саптан көрініп, жоғары нәтиже көрсетеріне сенеміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button