Жаңалықтар

Дәстүрлі дода жалауы желбіреді

«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Жақан МЕДЕУБАЕВҚА қарата айтылған сынды. Себебі, жүрген ортасы, жақындары мен жора-жолдастарының айтқан естелігі осыған сайып тұр. Өмірінің соңына дейін қызметін мінсіз атқарып, көптің алғысын арқалаған ағамыздың бейнесі әлі де халық жадында. Жасаған жақсылығы мен жайсаң мінезі күні бүгінге ұмытылған жоқ. Жақан Мұқатайұлының осы бір асыл қасиеттерін көпке үлгі ету мақсатында жыл сайын волейболдан халықаралық турнир ұйымдастырылып келеді. Биыл Теміртауда марқұмды еске алуға арналған XXV халықаралық турнирі өтті. Сонымен қатар, «Миттал» спорткешенінің салынған муралдың тұсауы кесілді. Және өмір жолын суреттейтін бейнефильм көрсетілді.

Муралды салған – белгілі мүсінші Темірлан Әбенов. Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Кендебай Адамбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, облыстық мәслихаттың депутаты Ерден Халилин және облыстық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Жақан ағамыз өмірінің соңына дейін Отанына адал қызмет етті. Жастар арасындағы спорттық ойындарға көңіл бөлген. Ерен еңбегі үшін халқы қатты сыйлады. Дәстүрге айналған дода бүгінде сала мамандары асыға күтетін сайысқа айналды. Әрі командалардың саны көбейіп, маңыздылығы жыл өткен сайын арта түсуде. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек
Жақан Мұқатайұлы спортты жанына серік етті. Одан бөлек, спортқа бейім жандарды қолдады. Осы бір керемет қасиетін достары әлі айтып жүр. Асыл азаматтың есімін ел есінде мәңгі сақтау үшін достары аталмыш турнирді ұйымдастырып, спортсүйер жандардың басын қосты. Солардың ішінде Машан Юсуповтің есімін ерекше атап өту керек. Олай дейтініміз, алғашқы турнирдің ұйымдастыру шараларын қолға алып, іс басында жүрген жан. Күні бүгінге дейін дәстүрден жаңылмай, турнир жалауын желбіретіп келеді.


Турнирдің келер ұрпаққа берер үлкен тәрбиелік, танымдық мәні бар. Себебі, Отанға шексіз қызмет етуді осы Жақаннан үйрену керек. Ешқандай бармақ басты, көз қыстыны білмейтін, жұмысына берілген жан еді. Достары, әріптестері «Органда қызмет істейтіндерді аяқтан шалып, көре алмайтындар болады. Ал, Жақаңда – жау жоқ» деп қалжыңдайтынбыз. Ол кісінің қолы да, ары да таза еді. Істеген ісін жалғыз Арқа ғана емес, бүкіл Қазақстан жақсы біледі. Жақанның есімі де, бейнесі де мәңгі жадымызда, деді Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың профессоры, отбасылық досы Нұрсахан Бейсенбекова.
Жары Мара Сейтмағамбетқызы отбасылық достарына алғысын айтты.
Жақанды еске алып, осындай шараны ұйымдастырған достарына алғысым шексіз. Үнемі қасымнан табылып, демеу болып жүреді. Алғаш рет «турнир ұйымдастырайық» деген де осы достары. Жақан өте таза, кіршіксіз жан еді. Алдына келгеннің бәріне қол ұшын созып, көмегін аямайтын. Қазір достарымен кездесіп қалсам, Жақанның осы бір керемет мінезін, мәрттігін еске алып айтып отырады. Осындай сәттерде Жақаным құдды бір қасымда жүрген секілді күй кешемін, деді жары.
Турнирге көрші Қырғызстаннан, Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары құрамалары, жергілікті «ҚазТрансОйл» ЖШС қызметкерлері қатысты. Олар ардагерлер және жастар санатына бөлініп, бақ сынасты. Ардагерлер арасында өткен турнирде 7 команда өнер көрсетсе, жастар арасында 13 топ сынға түсті. Ал, биыл қатысушылардың жалпы саны 200-ден асқан.
Турнир жыл сайын жоғары дәрежеде өткізіліп келеді. Біздің ұжымнан 2 команда қатысып отыр. Дайындық – керемет. Қолымыз қалт етсе, спорт залда жиналамыз. Былтыр турнирдің жүлдегері атанып едік. Өз басым спорттың осы түрімен 5-сыныптан шұғылданамын. Әкем – волейбол жаттықтырушысы. Сол кісінің жолын қуып, волейболды таңдадым, деді турниге қатысушы, «ҚазТрансОйл» ЖШС директоры Сергей Елисеев.
Екі күнге созылған турнир қорытындысында ардагерлер арасында Ақмола облысының «Номад» құрамасы – І орынды, көкшетаулық «Ұшқын» құрамасы ІІ орынды иеленді. Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің құрамасы ІІІ орынға табан тіреді. Жастар арасындағы бәсекеде Ақмола облысының «Ұшқын» жастары топ жарды. Алматылық ҰҚК Шекаралық академиясының құрамы – ІІ орынды, теміртаулық жігіттер ІІІ орынды еншіледі.

Ардагердің жарқын бейнесі – ел жадында. Себебі, ел Жақан Мұқатайұлын асыл азамат деп біледі. Бұл атақты біз емес, халқы берді. Есімін туған елі тарихқа таспалады. Перзентін сүйген жұрты барда есімі мәңгі өшпесі анық.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button