Бас тақырыпПрезидент тапсырмасын орындай отырып...

Бағдарлама – даму тетігі

Өткен жылдары жұмыссыздықты жою һәм әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметіне сәйкес, елімізде республикалық 20-дан астам мемлекеттік жоба жүзеге асуда.

 

ОЗЫҚ ОНДЫҚ

Әрине, бұл арнайы бағдарламалар арқылы жүздеген жоба жүзеге асты. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы – 2025», индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы, «Еңбек», «Нұрлы жол», Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы, тағы басқалары. Олардың әрқайсының өз міндеттері мен талаптары бар. Кейбір бағдарламалар мемлекеттік тапсырмалар мен тапсырыстар арқылы бизнеске жанама қолдау көрсетуде. Сондай-ақ, қауымдастық квазимемлекеттік құрылымдар мен әкімдіктер тарапынан қолдау бағдарламаларын да мемлекеттік жобаларға жатқызуға болатынын алға тартты. Мысалы, «Даму» жобасы әкімдіктермен бірлесе отыра 24 өңірлік жобаны жүзеге асыруда. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті қолдау негізінен «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беру» бағдарламалары аясында іске асады. Стратегиялық бастамалар орталығы (CSI) 2019 жылы елімізде жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарламалар рейтингін ұсынды. Зерттеу аясында халықтың мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерге және елде қабылданып жатқан шаралардың нәтижесіне қанағаттану деңгейі бағаланды. Осы мақсатта статистикалық және сауалнама мәліметтерінің көмегімен 10 мемлекеттік бағдарламаға 10 балдық шкаламен баға берілді: 1. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы; 2. Кәсіпкерлікті қолдаудың «Бизнес жол картасы – 2020» бағдарламасы; 3. Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы; 4. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы; 5. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы; 6. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы; 7. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы; 8. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы; 9. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы; 10. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы.

«БОЛАШАҚТАН» ҮМІТ КӨП

Бағдарламалар туралы сөз қозғағанда ел дамуына өлшеусіз үлес қосуы тиіс білім мен ғылым саласына тоқталмай өту мүмкін емес. Әсіресе, Қазақстан жастарына жаһандағы дамыған, оқу-тоқуы жетілген мемлекеттерде оқуға мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасының жөні бөлек. Алғашқы студенттер 1994 жылы оқуға аттанған болатын. Сөйтіп, 1994-2004 жылдар аралығында әлемнің 13 елінде 785 студент білім алды. Кейін шетелге оқуға кететін студенттер саны мыңдап саналатын болды. 27 жыл ішінде 11 мыңнан астам білікті кадр даярланды. Сонымен бірге, мыңдаған азаматымыз шетелдерде әлі білім алып жатыр. Статистикаға сүйенсек, олардың 44,4 пайызы – Ұлыбритания мен Ирландияның оқу орнында, 41,9 пайызы – АҚШ пен Канада университетінде, 6,4 пайызы Еуропа елдерінде білім алып жүр. Сонымен бірге, 3,6 пайызы – Аустралияда, 2,2 пайызы – Ресейде, 1,5 пайызы Азия елдерінде оқып жүр. Бұл Қазақстанның жоғары білім саласында да көпвекторлы бағыт ұстанатынын көрсетеді. Ал, «Болашақ» бағдарламасы бұл ұстанымның ұстынына айналған. Бүгінде «Болашақ» стипендиясы арқылы шетелдерде оқып келген мыңдаған маман түрлі салада еңбек етіп жүр. Олар медицина, инженерия, IT, білім беру, құқық және басқа да салада қызмет етуде. «Болашақ» стипендиясымен оқыған 150-ден астам азамат ғылыми мекеме мен жоғары оқу орнында профессор деңгейіне жетті. Олар жылына 1,2 мың ғылыми мақала жариялайды. Сонымен қатар, бағдарлама нәтижесінде экономиканың нақты секторына 4 мыңнан астам маман қосылды. Олардың 2,2 мыңы инженер болса, 1,5 мыңы ақпараттық технологиялар мен коммуникация, 400 адам жаратылыстану, 80 маман ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуде. Одан бөлек, шетелдерде оқып келген 790 маман медицина саласында жұмыс істейді. Олардың 545-і – білікті дәрігер. Бұл мамандар жылына шамамен 213 мың науқасты емдейді. 972 маман бастауыш, орта және жоғары оқу орындары мен білім беру орталықтарында жұмыс істейді. Олар шамамен 163 азаматқа білім беріп жүр. Сонымен бірге, 200-ден астам азамат өнер, мәдениет саласында еңбек етеді. Демек, жылына миллионға жуық көрермен тамашалайтын 5 мыңдай концерт, қойылым және түрлі мәдени шара өткізеді деген сөз. Жалпы, «болашақтықтардың» 75 пайызы өз білгендерімен ұдайы бөлісіп отыратыны анықталған. Осылайша, Елбасының тікелей бақылауында құрылған «Болашақ» бағдарламасы Қазақстанда білім мен ғылымды насихаттауға орасан зор еңбек сіңіруде. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасын табары сөзсіз.

«ЕҢБЕКТІҢ» БЕРЕРІ КӨП

Жұмыссыздықты жою үшін елімізде түрлі жоба жүзеге асуда, соның бірі – «Еңбек» бағдарламасы. Қарағанды облысында бірінші бағыты аясында кәсіптік оқытуға 1 690 адам жіберілген. «Екінші бағыт – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1 816 адам оқытылды. Жеңілдетілген шағын несиелеумен бағдарламаның 909 қатысушысы қамтылды. Оның ішінде, өз ісін ашуға 207 шағын несие берілді. Шағын несие мал шаруашылығына, өсімдік шаруашылығына, саудаға, жүк және жолаушылар тасымалына берілді. Бастапқы бизнесті іске асырушыларға немесе іске асыруды жоспарлаушыларға қайтарымсыз негізде 583,4 мың теңгеден 1 230 мемлекеттік грант берілді. Гранттар мал шаруашылығына, құрал-саймандар, еңбек құралдары мен жабдықтар сатып алуға берілді. Үшінші бағыт бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында субсидияланатын жұмыс орындарына 9 179 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде, әлеуметтік жұмыс орындарына – 751 адам, жастар практикасына – 1 041 адам, қоғамдық жұмыстарға – 7 254 адам, бірінші жұмыс орны – 132 адам, ұрпақтар келісімшарты – 1 адам», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

БИЗНЕСКЕ ЖОЛ АШҚАН БАҒДАРЛАМА

Биыл өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын іске асыру үшін 9 млрд. теңге бөлінген, бұл 2020 жылдың көлемінен 3 есе көп. 1832 жоба қаржылық қолдау тапты. Бұл өңдеу өнеркәсібін, көлікті, сауданы, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қызметтерді, қонақ үй бизнесін дамытуға бағытталған жобалар. Нәтижесінде, мемлекет салған 1 теңге субсидияға 9 теңге инвестиция келеді, 2021 жылы 604 жұмыс орны құрылған екен. Бағдарлама жобаларының жалпы санынан моноқалаларға 26,4% тиесілі, соның есебінен 35,4 млрд. теңге инвестиция тартылды. «Биылғы жылы GalaКлиника, «Мерей» медициналық фирмасы, AriDent, Сұлулық академиясы және «Капуѕта» бөбекжайы қолдау алды. «Қарапайым заттар экономикасы» басым жобаларын кредиттеу тетігі шеңберінде Қарағанды облысы бойынша бағдарламаның 252 әлеуетті қатысушысы айқындалды. 2019 жылдан бастап 60,9 млрд. теңге несие сомасына АӨК өндірісіне және қайта өңдеуге, өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталған 193 жоба мақұлданды», – дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысы Татьяна Аблаева.

Мемлекеттік бағдарламалар тек жұмыссыздықты жойып қана қоймайды, сонымен қатар, елімізге қаржы құю тетігі. Өйткені, аталған бағдарламалар нәтижесінде жаңа кәсіпорындар ашылып, инфрақұрылым дамиды. Бұл – басқа елге телмірмей, өз нарығымызды өзіміз игереміз деген сөз…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button