Толқудан не түйдік?
«Қаңтар қасіреті» атанған халықтың жаппай наразылығы жанымызды ауыртқаны жалған емес. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде бұндай ең күрделі шеру көрмеген едік. «Барыс жылының мінезі» дегендер де болды мұны. Осыдан үш мүшел бұрын барыс жылында Желтоқсан оқиғасы орын алып, ТМД-ның 15 мемлекетіне егемендікке жол ашып берген еді. Бұл жолғы толқу елдің әл-ауқатының төмендеп, бағаның шарықтап кетуінен туындады. Жұртшылық бейбіт түрде ел көлемінде облыс орталықтарындағы Тәуелсіздік алаңдарына шығып, өз талабын қойды. Бұл – әр ел азаматының жеке құқығы. Билік өкілдері де халықтың арызын тыңдап, жалпақ жұрттың үніне құлақ салды. Сонымен, қазақ рухының алтын қазығы, киелі Маңғыстау жерінен басталған жаппай толқудан не түйдік? Нені бағамдадық, неден көз жаздық? Неге қол жеткіздік, ненің қадірін білдік?
Бейбіт шеру басталғанда мұндай жағдай орын алады деп ойлап та үлгермедік. Еліміздің Батыс аймақтарында халық бейбіт түрде арыз-талабын, қымбаттап кеткен сұйытылған газ бен азық-түліктің қымбат екеніне базынасын айтып, ұстанымын ашық көрсетті. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған Үкіметтік комиссия тез арада істі қолға алып, митингшілермен кездесіп, сұйытылған газ бағасын 120 теңгеден 50 теңгеге (бізде 70 теңге) түсіру туралы шешім шығарды. Бұдан бөлек, басқа да талаптар орындалып жатты. Үкіметтің таратылуын сұрады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылдам әрі нақты шешім қабылдауының арқасында Үкімет те таратылды.
Барлығы тыныш өтіп жатқан сияқты еді. Алматы, Шымкент, Тараз сынды ірі қалалардағы бейбіт шерудің соңы жаппай төбелеске айналып, тәртіпсіздік орын алып, мемлекеттік маңызы бар ғимараттар қиратылып, тонау әрекеттері байқалды. Тіпті, бірнеше адам қайтыс болды. Экономикамызға миллиондаған қаржы көлемінде зиян келтірілді. Егемендігімізден айырылып қаламыз ба деген үрей де пайда болды.
Шұғыл түрде жасалған Президент үндеуінен бұл бұзақылықтың артында жаман ниетті содырлардың тұрғанын білдік. Осы сәттен бастап, тұтас халқымыз Мемлекет басшысының әр сөзін қалт жібермей тыңдап, батыл шешімдерінен қорытынды шығара бастады. Біз де көппен бірге едік. Осылайша, берекемізді алған бүлікшілерді құрықтау операциялары басталды. Жұртшылық жаппай еліміздің бейбіт күнге қайта оралғанын қалап, Президенттің әр қадамын қолдап, сенім білдірді. Мұны біз әлеуметтік желідегі елдің пікірінен байқадық.
Ақырындап, біз ойлағаннан да ауыр бола бастады жағдай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен, елдің қолдауымен дұрыс шешім қабылдауы арқасында еліміздің іргесі шайқалмай, елдігімізді сақтап қалдық. Елде төтенше жағдай жарияланып, жаңа Үкімет жасақталды. Қазір барлығы бір ізге түсіп, келген шығын есептеліп, қираған ғимараттар қалпына келтірілуде.
Жағымпаздар да көрінді мұнда, елінің ертеңі үшін тәуекелге бел буа алатын батырлар да көзге түсті. Ғаламтор өшті, өткен күндердегідей қайтадан кітапқа үңілді жұрт. Біз де елмен бірге ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болып, ғаламтор қосқан бетте жаңалық көруге ұмтыламыз. Бұл еліміздің ертеңіне деген алаң көңілдің шарқ ұруы еді.
Әр түрлі көзқарас пен пікірлер айтылып жатты. Біз сияқты қарапайым адамдарға қиын ғой. Теледидар не айтса, соған сеніп отырамыз. Шамалы уақыт өткен соң, Алматыға шабуыл жасап, ару шаһардың көркін қашырып, көтеріліс алаңына айналдырған жауыз күштердің ісі екеніне анық көз жеткіздік. Жанымызды шүберекке түйдік. Бірнеше полиция қызметкері мен елімізге ұрымтал тұсты пайдаланып, ұрыс салған жауыздар және бейбіт тұрғындар да оқыстан қаза тапты. Қабырғамыз қайысты. Бізге керегі бейбітшілік, ымыра-бірлік екенін жүрегіміз сезді. Тыныштық болмаса, бәрі бекер. Ел тыныштығын сақтауда қарағандылық екі сарбаз қаза тауып, оларды жер қойнына тапсырды туыстары. Қаза болған ержүрек сарбаздардың отбасына үкімет тарапынан әлеуметтік, материалдық тұрғыдан көмек көрсетілді.
Жақындарынан айырылған жандардың жан жарасын түсінеміз, әрине. Амалсыз өз жарамызды өзіміз жазып, жарақатын өзіміз таңуға тура келеді. «Іштен шыққан жау жаман» деген сөздің бекер еместігін де түсінгендей болдық. Десек те, елдігімізге қауіп төнгені анық. Ал, оны сақтау – ортақ парыз.
Осындай күрделі кезеңде, еліміздің ымыра-бірлігін сақтап қалуға ел болып бел шеше кірісіп жатқан тұста, мородерлік жасап, дүкендерді тонап, пайдаланып қалуды ойлағандарды көргенде, жүрегіміз ауырды. Амал қанша. «Бір анадан ала да, құла да туады» демекші, алып шаһарда түрлі жаман ниетті жандардың, бұзақылардың, ұры-қарының болары анық. Арасында әйелдер де бар. Бұған не дейсіз?..
Шет елдің бір әлеуметтік бейнежазбасында қарны ашып ұрлық жасаған баланы соттамақ болғанда, судьяның ерлігі жұртты таң қалдырады. «Баланың аш болғанына бәріміз, яғни тұтас қоғам кінәліміз» деп, балаға айыппұл жазып береді де өзі төлейді. Сол айтпақшы, ел тұрғындары қиын кезеңде ұрлыққа барып, ұсақталса, демек, жағдайы мәз емес. Енді оларды жазғырғаннан гөрі, ұрлықтың туындау, шығу себебіне үңілген дұрыс шығар. Өйткені, бұл кеше ғана болған нәрсе емес, себеп-салдары әріде жатыр. Қаңтарда шегіне жетіп, жарылды. Осыны ойлап, «маңымыздағы жандардың жағдайына да зер салып жүрсек, артық болмас, сірә» деген ой мазалады.
Өйткені, шариғатта да қайырымдылықтың сауабы мол екенін айтады. Қарны тоқ адамда қайыршының да ақысы бар екенін еске салады. «Қайыршысы жоқ ел ғана нағыз дамыған ел» деген де тәмсіл бар. Сондықтан, алдағы уақытта Мемлекет басшысы тарапынан осы жағдайлардан құтылып, елдің әл-ауқатын көтеруге жылдам жұмыс жасалуда. Соған бірге атсалысып, елдің еңсесін тіктеп, рухын көтеруге бірге жұмылайық.
Мәселенің екінші жағына келсек, ғаламтор болмай қалған тұста кітап оқығанымызды айттық. Істелмей жатқан жұмыстарымызды реттеп алдық. Және де интернеттің біздің өміріміздің қаншама бөлігін жалмап жатқанын да білдік. Егер, ғаламторға күні бойы үңілмесек, қаншама пайдалы нәрсе істеуге болады екен.
«Алаңға шықпады» деп зиялы қауым өкілдерін кінәлап жатқандар да бар. Біз бұған дейін орын алған тарихи оқиғаларды түрлі ғылыми һәм көркем еңбектерден оқып білдік. Сондықтан, шешім шығаруға асықпайық…
– Не де болса, қолдағы бардың, бейбіт өмірдің қадірін білдік. Кейде автобус ерте тоқтап, жұмыстан үйге жете алмай қала жаздағанда, «Балаларымызды көре алмаймыз ба?» деген де үрей болды. Алматыдағы ағайынның жанайқайын іштей ұқтық. Оң-солымызға қарап, интернеттің тұтқыны болғанымызды аңғардық. Енді, қалыпты өмірге орала бастағанда, баяғыдай күні бойы интернетте отырудың зиян екенін ұқтық. Мүмкін осындай мазасыз, күйгелек болып бара жатқанымыз – ғаламтордың зияны болар. Өйткені, қажетті ақпараттар ағыны, мыйға салмақ салып, шаршатары анық. Жә, бастысы, еліміздегі тұрақтылық сақталды. Құдай бетін әрі қылсын, терроршылар тойтарылмай, олардың ойлағаны жүзеге асып кеткенде не болар едік?.. Екінші Ауғанстан болар ма едік, кім білсін?!. Байқасақ, осыған ұқсас жағдайлар бірнеше елде орын алды. Олардың көбісімен салыстырғанда біздікі оң өзгеріспен аяқталды. Мұны асықпай, ой елегін өткізіп көрген жөн, – дейді қала тұрғыны, көпті көрген Жеткер ақсақал.
Осылайша, «Қаңтар қасіреті» еңсемізді езіп барып, жаңа дәуірге есік ашты. Алдағы уақытта осы бейбіт күнді қара ниеттілердің жауыздығынан сақтап қалу жолында басын бәйгеге тіккен және қаза болған бауырлардың рухының алдында біз «Жаңа Қазақстанды» бірге құлпыртуға, елдігімізді сақтауға, елдің әл-ауқатын көтеріп, әр қазақ баласының бақытты өмір сүруіне жағдай жасап, атсалысуға міндеттіміз. Меніңше, осы сара жолдан таюға болмайды. Қалғаны уақыт еншісінде…
Сіз ше? Не түйдіңіз?..
Жәлел ШАЛҚАР.