БАҚ неге қадірсіз? Мемлекеттік органдар қарым-қатынасқа құлықсыз
«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын…». Бұлай деуіміздің себебі бар. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Парламентте сөйлеген сөзінде «Есеп үшін есеп беру, бақылау үшін бақылау жүргізу тәсілдері өткеннің еншісінде қалуы тиіс. Өзін-өзі ақтамайтындай күрделендірілген және нақты шешімді баяулататын үдерістердің бәрі жойылуы керек» дегенде басқаны қайдам, бөркін аспанға атып қуанған журналистер шығар-ақ. Себебі, ақпарат сұрағанда астындағы атын сұрағандай, «ит көрген ешкідей ежірейетін», болмаса, журналисті көргенде «аузын буған өгіздей» болатын шенеуніктердің соңына шам алып түскен күндер келмеске кететін шығар деп, бір серпілді. Әсіресе, ресми БАҚ тілшілері ерекше қуанды. Себебі, мемлекеттік тапсырысқа күні түсіп отырғаннан кейін, онсыз да «жегені – жантақ» журналистің тілін тістеп қалатыны рас. Шынайы ақпаратқа қол жеткізу де қиын. Кейде жауапты орган басшысы қырық сылтау айтып, ұстатпай қояды. Бұны бюрократия емес деп көріңіз осыдан кейін.
«КҮЗЕТШІ ИТ»
Жалпы, мемлекеттік органдардың халықпен тығыз қарым-қатынаста болып, үйлесімді жұмыс жасамауы экономикадағы проблемалардың шиеленісуіне алып келетінін айтады ғалымдар. Әлеуметтік шиеленіс пен сенімсіздік те соның салдары. Стэнфорд университетінің экономика профессоры Джон Тейлор 80-жылдардың басында және 2007 жылға дейін әлемдік экономикада «Ұлы тыныштық» орнағанын атап өтіпті. Яғни, экономика өркендеп, инфляция да тұрақталған. Ал, оның нақты себебі, мемлекеттердің халықпен байланысқа көбірек көңіл бөлуінен басталған. Ал, халықпен байланыстыратын кім? Әрине, журналист. Бірақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, дұрыс ақпаратты ала алмай, сарсаңға түскен тілшінің мәселеге тереңдете үңілуі де екіталай.
Самал АХМЕТОВА, облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі:
– Көп жағдайда жекеменшік БАҚ тілшілері мемлекеттік газет қызметкерлеріне қызыға қарайды. Себебі, мемлекеттік болғаннан кейін ресми органдардан ақпаратты оңай алады деп ойлайды. Бірақ, айналып келгенде, жағдайымыз олардан жақсарып кеткені шамалы. Ақпарат болмаса сұхбат алу үшін шенеунікке хабарласа қалсаңыз, не уақыты жоқтығын сылтау етеді, не өзінен жоғары лауазымдағы адамға сілтеп, сиырқұйымшақтандырып жібереді. Әрине, қарапайым ақпаратты алудың өзі мұң болғанда, бұл жағдайда сын жазу туралы айту, тіпті артық. Не туралы сұрайтыныңды білместен-ақ, жауап беруден бас тартатындары да бар. Қала берді, ресми хат жолдауды сұрайды. Жібере қалған күнде белгілі бір уақыт аралығында ресми жауап берулері тиіс. Бірақ, материал жазам деп, күпініп отырғанда, сұрақтарға толыққанды жауаптың орнына не «ия», не «жоқ» дегенді көргенде еріксіз қолыңды сілтейсің.
Жалпы, баспасөз бостандығының деңгейі жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейімен тығыз байланысты екен. Демек, баспасөз бостандығы индексі жоғарылаған сайын, ЖІӨ көрсеткіші де жоғарылай түседі. Бұл дегеніңіз, ақпарат неғұрлым ашық жарияланған сайын, халықтың билік органдарына деген сенімі де арта түседі. Ал, ресми БАҚ беттерінде нақты әрі дәйекті дүниелердің жариялануы инвестиция тартуда да үлкен рөл атқаратыны белгілі.
Инвестициялық шешім қабылдауға қандай факторлар әсер ететінін зерттеген экономистер Александр Дайк пен Луиджи Зингалес алдымен инвесторлардың өздері қызықтырған объектісі жайлы баспасөзге шолу жасайтынын көрсеткен. Сондай-ақ, баспасөз бостандығы мен мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы сыбайлас жемқорлықпен де тығыз байланысты. Батыстықтар жемқорлықпен күресте БАҚ-ты «күзетші иттей» дейді де, оны осы мақсатта пайдаланады. Тауып айтылған теңеу емес пе? Ендеше, Президенттің «интеграциялық жүйелердің бар болғанына қарамастан, меморгандар макулатураны қаптатып, мәнсіз хат алмасуын қояр емес» деген сөзінен кейін меморгандар бетін бері бұрып, БАҚ-пен байланысты күшейтіп, «күзетші итті» нақты мақсатында пайдаланса, «құда да тыныш, құдағи да разы». Бюрократия тәртіп пе? Бірақ, бюрократия бар жерде тәртіп те болады деп есептейтін мемлекеттік қызметшілер де бар екен.
Айгүл БАЙХАНОВА, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы:
– Кез келген мемлекеттік қызметші хат алмасу барысында жоқ нәрсені талап етпейді. Ол заңнамаға сүйенеді. Ал, заңнамада қажет деп қарастырылғандықтан, орындауға міндетті. Бірақ, мемлекеттік органдар оны үнемі қарастырып, керек еместерін жойып, жаңартып отырады. Мысалы, мемлекеттік органдардың біраз функциялары да қажеттілігінің болмауына байланысты қазір жойылған. Бұл үнемі болатын тоқтаусыз үрдіс әрі бір күнде жойылып кетпейді. Ал, өзім бюрократияны мүлдем жоққа шығару керек деп айта алмаймын. Себебі, ол – тәртіп. Бірақ, бізде өкінішке қарай жеделдік жетіспейді. Мемлекеттік органдар келіп түскен хаттарды жылдам қарап, жылдам жауап беруі керек.
Жылдамдық демекші, облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының дерегінше, өткен жылы мемлекеттік қызмет саласында 7 миллионға жуық қызмет көрсетілсе, 90%-ға жуығы электронды түрде алынған. Одан бөлек, қазір қызметтердің 92 пайыздан астамы онлайн қолжетімді. Яғни, Telegram-бот немесе мобильді қосымша арқылы egov.kz порталында алуға болады.
Соған қарамастан, қағазбастылықтан арыла алмай отырған мемлекеттік органдар халыққа қажет ақпаратты сайттарында ашық түрде жариялап отыруы керектігін айтады Айгүл Байханова. «Заңнамамен қарастырылған мемлекеттік статистикадан бөлек, әр мекеменің әкімшілік деректері де болады. Соны да жарыққа шығарып отырар болса, бізде біраз ашықтық болар еді», – дейді ол.
ТҮЙІН
«Әркім өз кәсібінің шебері болуы керек». Жөні осы. Тағы Айгүл Байханованың сөзіне жүгінейік. «Әр мемлекеттік мекеменің сайтында тиісті деректер жарияланып отыр. Бірақ, оның сапасына да көңіл бөлінуі керек. Халыққа түсінікті тілмен жазылмағандықтан, ақпаратқа қанағаттанбауы да содан шығады» дейді ол. Сөзінің жаны бар. Мемлекеттік қызметшілер «Халық сауатсыз, қарапайым құқығын да білмейді. Ақпарат қолжетімді, бәрін көріп, оқып-біліп алуға болады емес пе?» дейді. Ал, халық ресми мекемелердің ресми сайттарындағы ресми тілді түсіне алмай дал. Ендеше, қағазбастылықтан құтылып, журналистің сұраған ақпаратын беріп, түсінікті тілмен халыққа жетуіне мүдделі болып қана отырса, мемлекеттік органның атқарған жұмысы да ашық көрініп тұрмай ма? Бюрократиядан құтылудың бір жолы – осы.
Салтанат ІЛИЯШ.