«Насихат жұмыстары нәтижесіз емес»
Емханалар – басы ауырып, балтыры сыздаған халықтың баратын алғашқы жері. Коронавирус инфекциясын емдеу және ондағы медицина мамандарының вакцина алуы туралы сауалдарымызға қаладағы №4 емхана директорының орынбасары Татьяна МҰСТАФИНА жауап берді.
– Емханаға келетін тұрғындар арасында коронавирус инфекциясының анықталуы қандай деңгейде?
– Қарағанды облысы қазір «жасыл аймақта». Дегенмен, инфекция жұқтырғандар күн сайын анықталуда. Егер жас аралығын қарайтын болсақ, жұмысқа қабілетті контингент және балалар арасында жиі кездеседі. Отбасылық жағдайлар, яғни, жақын байланыс болғандар, мектептер мен балабақшалар сияқты жабық мекемелерде көп тіркелуде. Жалпы, бірінші толқынмен салыстырғанда қазір балалар жиі ауыруда. МӘМС аясында коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек тегін беріледі. Емхана жағдайында шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік бар.
– Ал, коронавируспен ауырғаннан кейін денсаулықты қалпына келтіру туралы айтып өтіңізші. Көбіне қандай шағымдар айтылады?
– Ковидтен кейінгі синдром кезінде шағымдар әртүрлі болады. Неврологиялық аурулар түрінде кездеседі, бүйрек, жүрек, өкпе сынды маңызды органдардың ақауы байқалады. Сондықтан, бізде ғана емес, бүкіл әлемде коронавирус пандемиясынан құтылудың жалғыз жолы ретінде вакциналау қолға алынды. Адамзат 400 жылдан бері түрлі жұқпалы ауруларды вакцина арқылы жойды. Оба, шешек сынды аурулардан қорғалдық. Құрысқақ, дифтерия, полиомелит сияқты ауруларды ұмыттық. Қазір Қазақстан бойынша 12 мыңнан астам медицина қызметкері вакцина алды.
– Өзіңіз қызмет жасайтын емханаға қатысты айтсаңыз, қанша медицина қызметкері екпе салдырды?
– Бүгінгі таңда біздің 39 маман вакцинаның бірінші дозасын алды. Бұл әлбетте жеткіліксіз. Себебі, тек 12-ші тәулікке қарай иммунитет қалыптастыратын антиденелер пайда бола бастайды. Ол толығымен пайда болуы және ағзада сақталуы үшін 2 дозасын алу керек. Мысалы, мен өзім 60-тан асқан адамдар санатына жатсам да, 4-ақпан күні вакцина алдым. Өз басым ешқандай кері әсерін байқаған жоқпын. Міне, 24-і күні екінші дозасын алуға шақырған хабарлама келді. Егу кезінде ауырсыну да болған жоқ. Әрине, кез келген вакцинадағыдай реакциялар байқалуы мүмкін. Дегенмен, вакцина алғандар арасында айтарлықтай жағдай тіркелген жоқ. Қызметкерлер арасында вакциналау бойынша тізім әлі жасалып жатыр. Себебі, вакциналау ерікті түрде жүреді. Бүгінгі күні қызметкерлердің 80%-ы вакцина алуға ниетті екендерін білдірді.
– Емханада вакциналау орталығы бола ма?
– Екі орталық болады. Ақпан айының соңында ашылады деп отырмыз. Ондағы дәрігерлер вакциналау тәртібін біледі, арнайы оқыған. Бұл ретте насихат жұмыстары нәтижесіз емес екендігін айтқым келеді. Біздің пациенттерді қолдау қызметіне вакцина алғысы келетін қарапайым адамдардан қоңыраулар келіп түсуде. Десе де, коронавируспен ауырған адамдарға вакцина алып керек емес деген пікір бар. Бұл олай емес. Зерттеу нәтижелері ауырғаннан кейін пайда болған антиденелердің 3-6 айдан кейін жоғалып кететінін көрсетті. Сондықтан, ауырғанына жарты жыл өткен адамдар вакцина алулары керек. Себебі, вирусты қайта жұқтыру қаупі бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.