Руханият

500 спортшы бақ сынасты

Дәстүрге айналған «Сарыарқа» XXXV облыстық жазғы ауыл спартакиадасы екі күнге созылды. Облыс орталығында өткен бәсекеге жеті ауданнан 500-ден астам спортшы келді. Спартакиаданың ашылу салтанатында облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

– Бүгін – ауыл мерекесі. Қарағанды облысында ауыл спорты жоғары деңгейде дамыған. Әр ауданнан Әлем, Олимпиада және алуан түрлі бәсекелерден топ жарып жүрген спортшылар шықты. Бұл – біз үшін мақтаныш. Әрине, бұл жетістіктер – сіз бен біздің ортақ еңбегіміздің жемісі. Халықаралық деңгейдегі спортшылардың бәрі ауылдан қанат қаққаны аян. Спортшыларын қолдап, спартакиадаға алып келген әр аудан басшысына алғысымды айтамын, – деді Темірхан Абылаев.

Қатысушылар спорттың волейбол, шағын футбол, асық ату-бес асық, армрестлинг, кір спорты, президенттік көпсайыс, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және үстел теннисі сынды 11 түрінен бақ сынады.

– Қарқаралы ауданынан 80­-нен астам спортшы келді. Бәрі де өз ісінің шеберлері, түрлі байқауларда топ жарған жүйріктер. Мәселен, волейбол командасы ауданның намысын қорғап жүр. Түрлі турнирлерде жүлде алған. Палуандар да осал емес. Бұған дейінгі спартакиададан ауданның құрамасы жалпыкомандалық есепте жүлделі орыннан көріне алмай келген-ді. Осы жолғы бәсекеге кіл мықтылардың басын қостық, – деді спорт саласының маманы Дәурен Сүлейменов.

 

Шет ауданы Жарық станциясынан келген Абылай Қобдабай ұлттық спорт түрі, оның ішінде асық ату сайысына түседі. Бүгінде бағындырған өзіндік белес­тері бар. Өзі спорт шеберлігіне үміткер, әрі Көкшетау қаласында өткен республикалық байқаудың жеңімпазы. Былтыр да асық ату сайысында командасымен І орын иеленген.

– Асықты бала кезімнен ой­наймын. Әрине, бұл ойынды ой­намаған бала жоқ шығар. Кейіннен мен ұлттық спортымызды насихаттау мақсатында асықты қолыма қайта алдым. Кәсіби тұрғыда айналысып жүргеніме төрт жыл ғана уақыт өтсе де, тәжірибелі мамандардан ақыл-кеңес сұрап келемін. Түрлі бай­қау­ларға қатысып, жүлдегер атандым.

Ереже бойынша асық атудан командамен сайысады. Яғни, бір командада үш адамнан. Егер команда мүшелерінің екеуі кездесуде жеңсе, келесі кезеңге өтеді. Финалға дейін әр команда осы жүйемен жалғастыра береді. Бұдан бөлек, әр команда қосалқы құрамға тағы бір қатысушы алып келеді, – дейді Абылай.

Ақтоғайлық палуан Бекнұр Қолалов қарсыласын шақ келтірген емес. 90 ке­ліде белдесетін спортшы бұған дейін талайдың жауырынын жер иіскеткен.

– Күресте «командалық» деген ұғым жоқ. Бәрі өзіңе байланысты. Ептілігің мен күш-жігерің сыналатын сәт. Былтыр да осы спартакиадаға 90 келі салмақта белдесіп, ІІ орынды иеленіп қайт­қанмын. Былтыр күрескен қарсыластарым жоқ. Бәрі бірінші рет қатысып жатыр демесеңіз, азды-көпті жетістіктері бар. Бұрыннан белдесіп жүрген палуандар бірен-саран. Бабымыз бен бағымыз қатар шауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Бекнұр.

Спортшы «Сарыарқа барысы» өңірлік байқауында да бақ сынаған екен. Алайда, сәттілік жетіспей қалыпты.

 

Ал, ақтоғайлық Гүлшат Иіс­­бекқызының бес асықпен шұ­ғылданып келе жатқанына алты жылдың жүзі болыпты. Биылғы спартакиадаға командасымен қатысып, жүлделі орын иеленуді мақсат етіп келіпті.

– Бұл ойынға 7-8-сыныпта оқып жүргенімде қызықтым. Дене шынықтыру пәні мұғалімі Тілеуберген ұстазымыз үйретіп еді. Әр сабағында бізді жаттықтыр­ды. Кейінірек қолымыз қалыптасып қалған шақта мектепішілік, қалалық турнирлерге қатыстыра бастады. Былтыр осы спартакиадаға әкелді. Биыл да дайындықты тыңғылықты жасадық. Былтырғы кемшілікті биыл қайталамаймыз деген ойдамын, – дейді Гүлшат.

Бес асық ойынының да ережесі асық атуға ұқсас. Яғни, әр командада үш қатысушыдан болады. Жеребе арқылы қарсыластары анықталып, өзара сайысады. Жеңілген команда жарыс жолынан шығады.

Сонымен, спартакиада қорытындысы бойынша командалық есепте Абай ауданынан келген спортшылар І орын иеленді. Олардың қоржынында 5 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлде. 1 алтын, 4 күміс, 1 қола жүлде иеленген Шет ауданының командасы ІІ орынға шықты. Ал, ІІІ орын нұралықтарға бұйырды. Олар 2 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлде еншіледі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button