50-минутта есе кетті
Қарағандылық «Сарыарқа» клубы шайбалы хоккейден ел чемпионатының жартылай финалында өнер көрсетуде. Бүгінде жерлестер кезекті қарсыластары көкшетаулық «Арлан» клубымен екі мәрте сырт алаңда кездесіп, екі ойында да жеңіліп қалды.
Алғашқы ойында жерлестер 5:0 есебімен есе жіберді. Қарсыластар – осал емес. Турнир кестесінде І орынмен жолдама иеленген команда. Одан қала берді ІІ орындағы «Торпедо» клубынан жеті ұпай айырмашылығымен алға шыққан фавориттің бірі. 1/4 кезеңде «Номад Астана» клубымен жоспарланған төрт ойынның төртеуінде де жеңіске жетіп, айқын басымдыққа ие болған. Жерлестер сырт алаңдағы алғашқы ойында үйренісе алмаған сыңайлы. Соғылған бес шайбаға жауап қайтара алмады.
Жерлестер екінші ойында ширай түсті. Әрі қарсыластың тактикасын да жіті меңгеріп алғандай. Алғашқы ойында алаң иелері есеп ашты. Екінші айналым басталысымен қарсылас команда шабуылшысы Данил Парамонов көзге түсті. Араға бес минут салып, жерлестер таразы басын теңестірді. Қарсылас қақпашысы Сергей Кудрявцев шабуылшы Глеб Зайцевтен соққы күтпесе керек. Әуелі қақпаға әріптесі Александр Коннов соққы жасаған. Бірақ, шайба алаң иелеріне тиіп, екінші бағытқа ұшып кетеді. Осы тұста қарағандылық шабуылшы қарсылас қақпасының ашық тұрған бұрышына жойқын соққы жасады. Осылайша екінші айналым 1:1 есебімен аяқталды.
Үшінші айналымда қос команда барын салды. Жерлестерге жеңілуге болмайды. Ең болмаса, осы ойында жеңіп, таразы басын теңестіріп алуы қажет. Сондықтан, осы айналымда тек шабуылды күшейту қажет.
Дегенмен, алаң иелері жерлестерді 50-ші минутта қапы қалдырды. Шабуылшы Степан Санников қақпашы Данил Кадочниковтан айласын асырып кетті.
Әзірге екі ойынның қорытындысы бойынша көкшетаулықтар алда. Жерлестерді әлі екі ойын күтіп тұр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан