50 185 әскери бөлімінің қызметшілері балаларды мерекемен құттықтады
Жаңа жыл қарсаңында Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері игі дәстүрге сай қамқорлыққа алынған мекемелерге барып, балаларды мерекемен құттықтады. Әскери ұжым өкілдері бүлдіршіндерге шаттық сыйлап, мерекелік көңіл күй мен жылулық тарту етті.

Нұркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиациялық базасының әскери қызметшілері 2018 жылдан бері «Әсем» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тұрақты түрде қамқорлық көрсетіп келеді. Биыл да бұл ізгі дәстүр жалғасын тапты. Мереке қарсаңында балалар Аяз атаға хат жазып, өз армандарымен бөліссе, әскери қызметшілер сол тілектердің орындалуына ықпал етті.

– Сіздердің хаттарыңыз Аяз атаға жетті. Ол біз арқылы, ұшақтармен жолдап, сыйлықтарыңызды жіберді. Бүгін сол сыйлықтардың барлығын аласыздар, – деді 50185 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, майор Батырхан Бейсенбай.
Балалардың тілектері әртүрлі болды – спорттық жабдықтардан бастап электронды кітаптарға дейін. Ал көрсетілген қамқорлық пен ықыласқа жауап ретінде балалар үйінің тәрбиеленушілері қонақтарға арнап музыкалық нөмірлер ұсынып, түрлі аспаптарда шығармалар орындады. Бұл әсерлі сәт қонақтардың шынайы қошеметіне бөленді.

Мерекелік шаралар Теміртау қаласында да өтті. 55524 әскери бөлімінің әскери қызметшілері №8 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушыларын Жаңа жылмен құттықтап, арнайы әзірленген сахналық қойылым ұсынды.
– Біз жыл сайын балалар үшін ерекше әрі қызықты бағдарламалар әзірлеуге тырысамыз. Биылғы Жаңа жылда әскери қызметшілеріміз «Буратино» ертегісінің желісі бойынша қойылым қойды. Балалардың жүзіндегі қуаныш пен шаттық – біз үшін ең үлкен марапат, – деді 55524 әскери бөлімінің командирінің орынбасары.

Осындай кездесулер Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілерінің әлеуметтік жауапкершілігін айқын көрсететін игі дәстүрге айналып келеді. Бұл шаралар балаларға ғажайыпқа деген сенім сыйлап, Жаңа жылдың мейірімі мен жылуын сезіндірудің жарқын үлгісі болды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



