Бас тақырыпКоронавирусРесми

Жүз мыңнан астам қарағандылық әлеуметтік төлем алды

Бүгін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы  Әсем Жүнісбекованың қатысуымен брифинг өтті. Онда төтенше жағдай кезінде мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтылды. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға жауап берілді.

Қазір көпті алаңдатқан басты мәселенің бірі – жұмыс орындарының сақталуы. Алайда, алаңдауға негіз жоқ. Аймақта жұмыс орындары қысқармайды. Қайта жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов мәлімдеді.

«Осыдан бір-екі апта бұрын аймақтағы үлкен өндіріс орындарымен тиісті меморандумға қол қойылды. Құжаттың негізгі мазмұны жұмыс орындарын қысқартпай, барынша сақтап қалуға тырысу. Яғни, меморандум аясында аймақтағы 161 кәсіпорын осындай міндеттеме алды. Сонымен қатар, Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 43 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, биылдан бастап төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің бастамасымен арнайы Жұмыспен қамту жол картасы қабылданды. Жол картасы аясында  Қарағанды облысы бойынша жалпы құны 63 млрд.теңгеден асатын 625 жоба іске қосылады. Сәйкесінше, 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады», – деп атап өтті Абзал Нүкенов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай мен карантин режиміне байланысты табысынан айырылған қазақстандықтарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы төлеуді тапсырған болатын. Бүгінде Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік төлем алуға 229 мыңнан астам азамат өтініш берген. Олардың ішінде 90 мыңға жуық өтінімнің дұрыс толтырылмағаны және талапқа сай келмейтіні анықталды. Ал, 117 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік көмек беру туралы шешім қабылданды. Олардың  102 мыңнан астамына   42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы төленді. Төтенше жағдай режимі созылған жағдайда көмек  беру жалғасады.

Сонымен қатар, мемлекет тарапынан көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мұқтаж жандарға  берілетін көмектер де сақталады. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы  Әсем Айтжанқызы айтып берді.

Қазіргі таңда облыс бойынша 14 мыңға отбасы мемлекеттік жәрдемақы, 3677 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуда. Соңғы үш айдың ішінде 4624 балаға кепілді әлеуметтік көмек көрсетілді. Төтенше жағдайға байланысты тікелей қарым-қатынастың шектелуіне орай,  І тоқсанда АӘК алған азаматтардың уақыты ІІ тоқсанға ұзартылды. Ал, бұл көмекке жаңадан өтініш беретін азаматтар e.gov.kz порталы арқылы онлайн өтінім жібере алады. Егер компьютер немесе басқа да гаджеттер қолжетімсіз болса, жергілікті әкімдіктің көмегіне жүгінуі керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдай кезінде қосымша қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, АӘК алатын отбасылардағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер, мүгедек балалар және олардың күтіміне жауап беретін тұлғалар, ресми тіркелген жұмыссыздар азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтарымен қамтамасыз етіледі. Ол үшін ешқайда барып, өтініш берудің қажеті жоқ. Көмек алушылардың тізімі жасақталған. Наурыз айында 6316 балаға көмек көрсетілді. Ал, сәуір айында осы көмекті 76 мыңнан астам адам алады, – деді Әсем Айтжанқызы.

 

Басқа материалдар

Back to top button