Бас тақырып

«Елге бай құт емес, би – құт»

Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолымен келе жатқан әділдіктің бүгінгі айнасы – Қазақстанның сот жүйесі. Ертеде турашыл би-шешендер ел мен елдің, ру мен рудың арасындағы бітіспес дауды шешкен. Халқымыз қара қылды қақ жарған билерге «Тура биде туған жоқ» деп баға берген. Қазір билер сотының есім-сойы ескірсе де, әділ төрелігі ескірмей, дәстүр болып жалғасып келе жатыр.

Егемен елде әділеттілік салтанат құрып, тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасқанына биыл мерейлі 30 жыл толады.

Суреттер облыстық соттың баспасөз қызметінен

Біз бүгін Қарағанды облыстық сотының өткені мен бүгініне көз жүгіртіп, тарихтан тамыр тартпақпыз.

Қарағанды облыстық сотының тарихы 1936 жылы 29 шілдеде Қазақ АКСР аумағында облыстық бөлініс енгізуден басталады. Дәл осы кезде облыс орталығы Петропавлдан Қарағанды қаласына көшірілген болатын.
Тарихты парақтасақ, 1932 жылы 10 наурызда Орталық атқару комитетінің шешімен республика 6 облысқа бөлінді. Оның ішіне Қарағанды облысы да кіріп, орталығы Петропавл қаласы болып белгіленді.
Ал, сол жылдың 29 шілдесінде әкімшілік басқару жүйесіне өзгерістер енгізіліп, Қарағанды облысы екіге бөлініп, бірі – Солтүстік Қазақстан және екіншісі – Қарағанды облысы болды. Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл, ал Қарағанды облысының орталығы – Қарағанды қаласы болып бекітілді.
Жеке аймақ болып қалыптасқан Қарағанды өңірінің облыстық соты ресми түрде сол 1932 жылдан бастау алды.

КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1956 жылғы 4 тамыздағы өлкелік, облыстық соттардың құқықтарын кеңейту және өлкелік, облыстық еңбекші депутаттар кеңестерінің жанындағы Одақтық республикалардың Әділет министрліктерінің басқармаларын тарату туралы жарлығы шықты. Мұнда облыстық сот – сот төрелігін жүзеге асыратын сот мекемесіне ғана емес, халықтық соттар, нотариалдық кеңселер қызметіне, сот статистикасына ұйымдастырушылық басқару, адвокатура қызметін бақылау функцияларын жүзеге асыратын соттық басқару органы болды.
1991 жылы азаттықтың ақ таңы атқанда еліміздегі саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістер егемен елдің құқық жүйесінің қалыптасуына соны серпін берді. 1995 жылы қабылданған Конституцияда тәуелсіз сот билігі – мемлекеттік биліктің негізгі тармағы болып бекітілді.

Ата Заңда бекітілген сот жүйесі – елімізде адам құқығы мен бостандығын сақтаудың, қоғамдағы тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етудің бірден-бір кепілі. Сондай кепілдік пен әділеттілік болғанда ғана қоғам дамып, өркендейтіні баршаға белгілі.
Еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел атанғаннан кейін облыс сотының жаңа тарихы парақтала бастады.
1991 жылдан бастап күні бүгінге дейін Қарағанды облысында аудандық (қалалық) соттардың саны артты. Сол жылы облыс бойынша 31 аудандық (қалалық) сот болса, қазір облыстық сотпен қоса соттар саны – 38-ге жетті.

Бүгінде облыстық сотта штат бойынша 266 судья, 602 сот мамандары қызмет етеді.
Арнайы мамандандырылған соттардың құрылуы – кейінгі жылдардың жаңалығы болып табылады.
Ең алғаш 2001 жылы 16 қаңтарда құрылған Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты өз жұмысын бастады. Кейіннен 2004 жылдың 9 қыркүйегінде облысымызда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттары құрылды. 2009 жылдың 29 желтоқсанынан бастап Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты жұмысын жалғастырып келеді. Бұл соттың жұмысы аса ауыр қылмыс бойынша қылмыстық істерді қарауға негізделген.
2018 жылдың 1 шілдеде
н облысымызда тергеу соты өз жұмысын бастады.
2021 жыл
ы 1 шілдеден Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілуіне байланысты облысымызда 2 әкімшілік сот қалыптасты. Олар Қарағанды және Жезқазған қалаларында ашылды.
Сот жүйесіндегі негізгі қозғаушы күш, басты тұлға – судьялар. Олар қазір қара қылды қақ жарған билердің қызметін атқарады. Облыстық сотта осы саланың қаншама беделді тұлғалары қызмет етті.

Мемлекеттік биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесі – Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғай отырып, қоғамда туындаған даулы мәселелерді заң жүзінде шешуге талмай қызмет етіп келеді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button