Жаңалықтар

Еңбек жасағы іске кіріседі

Биыл Қарағанды облысында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 2211 адам жұмысқа орналастырылады. XVIII жазғы еңбек маусымының ашылуы 27 мамырға жоспарланып, жастар спартакиадасы форматында өтеді.

«2022 жыл Қарағанды облысындағы «Жасыл ел» үшін үлкен өзгерістер әкелді. Бағдарламаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 289 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Бұл ретте қаражаттың негізгі бөлігі қала мен аудан бюджеттерінен бөлінеді. Бұл – «Жасыл ел» жасақтарына жалақының уақтылы төленуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа еңбек маусымына қатысу үшін 2,5 мыңнан астам өтініш берілді. Нәтижесінде жұмысқа орналасатын 2211 адам іріктелді», – деп хабарлады Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы.

«Жасыл ел» қатарына қабылдау кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жасөспірімдерге басымдық берілді. Жаңа маусымда қатысушылардың 39%-ға жуығы мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін жасөспірімдер. Олардың қатарында, көпбалалы, толық емес, аз қамтылған отбасылар, қандастар және жетім балалар бар. Жастарды жұмыспен қамтудың басым бөлігі Қарағанды (350 адам), Теміртау (300) және Бұқар жырау ауданында (180) қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Биылдан бастап «Жасыл ел» бағдарламасы аясында еңбекақы төлеудің жаңартылған моделі қолданылады. Оған сәйкес қатысушылардың жалақысы жұмыс істеген сағат санына байланысты 60 мыңнан 90 мың теңгеге дейін. Барлық жасөспірімдер спорттық костюм ретінде қызметтік фирмалық киіммен қамтамасыз етіледі», – деді жастар саясаты мәселелері басқармасы.

«Жасыл ел» жасағының еңбек маусымы 1 маусымнан 31 тамызға дейін жалғасады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button