Көзілдірікті бала көбейіп барады
Мектеп оқушылары арасында көз көруінің нашарлауы, жүйке жүйесінің бұзылуы мен сколиоз кең таралған аурулардың үштігін құрайды. Былтырғы оқу жылы барысында жасалған зерттеулер осыны көрсетіп отыр. Бұған бір жағы карантин, онлайн оқу форматы әсер еткен болар деген ой келеді. Дегенмен, бір жылда 60 мыңнан астам баланың көз жанары кеміп, 16 мыңға жуық оқушыда жүйке-психологиялық аурулардың пайда болып, 6 мың баланың сколиозға шалдығуы тиісті министрліктер мен ата-ананы алаңдатуы тиіс. Міне, жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Дерт үстіне дерт жамап алмаудың қамын жейтін кез келді. Оқушылардың денсаулығына үйде де, түзде де жауапкершілік бірдей.
ЖАНАРЫҢ СОЛМАСЫН
Бұл мәліметтерді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарының сұрағына жолдаған жауабында көрсетеді. Сандарды айта салу оңай болғанымен, оның артында қаншама баланың денсаулығы мен болашағы тұрғанын елестету қиын. Вице-премьердің мәліметінше, оқушылар арасында бірінші орында көру органдарының патологиясы тұр.
– Анализ көрсеткендей, 2021 жылы көз ауруларынан 60 490 бала зардап шеккен. 2020 жылы бұл көрсеткіш 22 795 болған. Оқушылардың көру қабілеттерінің төмендеуіне оларды информациялық технологияларға баулу, оқытуды компьютер мен гаджеттердің көмегімен жүргізу себеп болып отыр, – деп жазады Е.Тоғжанов.
– Қазір әсіресе, балаларда көзге түсетін күштің көбеюінен соңғы он жылдықта көз аурулары жиілеп кетті, – дейді көз дәрігері Елена Касапиди. – Балалар арасында ең көп тараған көз ауруы – миопия, яғни алыстан көрмеу. Жаңа технологиялардың өмірге келуі осы аурудың көбеюіне әсер етіп отыр. Себебі, көз қашықтыққа «жұмыс істемейді». Телефонға көп қарағаннан көз жанары қашықтықты көруге «жалқаулана» бастайды. Осылайша көздің көру осі қысқарады.
– 2-сыныптағы қызымның көзі минус 15-ке түсіп кетіпті. Былтыр минус 8 болатын. Оған дәрігерлер ештеңе істей алмаймыз деді. Көру режимін сақтау және көзілдірікті үзбей тағу. Енді бізге осы деңгейді ұстап тұруға күш салу керек, – дейді Дана Ахметова.
ЖҮЙКЕҢ ТОЗБАСЫН
Екінші кезектегі жүйке-психикалық аурулар саны былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,7 есе өскен. Сәйкесінше, 5 872 адамнан 15 946 адамға көбейді. Мұның себебін Ералы Тоғжанов психо-эмоционалды жағдаймен байланыстырады. Әлеуметтік желі арқылы ақпараттық жүктеменің артуы, гаджеттерге психологиялық тәуелділік бесіктен белі шықпаған баланың жүйкесін тоздырып, «қияли» етуде. Дәрігерлер солай дейді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да соңғы 5 жылда айтып келеді. Сондағы сарапшылар әлем бойынша балалар мен жасөспірімдер арасында депрессия, үрей синдромы сияқты психологиялық аурулардың көбейіп кеткенін келтіреді деректерінде. Әлбетте бұл жағдайдың балалар арасындағы оқу іс-әрекетінің төмендеуіне тікелей әсері бар.
Мамандардың айтуынша, нашар оқу үлгерім себептерінің 40%-ы жүйке-жүйесінің әлсіздігімен байланысты. Бір орында отыра алмау, қызба, ашуланшақ, қорқу, жылау, тырнағын тістелеу, тағысын тағы сияқты әрекеттер жүйкеге түскен жүктемені білдірсе керек. Оған ең әуелі ата-ана мән беруі қажет.
ЕҢСЕҢ ТҮСПЕСІН
Омыртқа ауруларының бірі – сколиоз өткен оқу жылында 6 112 балада анықталыпты. Оның алдыңғы жылында 2 517 жағдай тіркелген екен. Бұл да оқушылардың «төл» ауруы десек болады.
– Оқушылардың аз қозғалуы, мектеп жиһазының балалардың жас ерекшеліктеріне қарай сәйкес келмеуі, орындыққа отыру кезінде талап етілетін тиісті ережелерді елемеу және басқа да кемшіліктер арқаның қисаюына әсер етеді, – деп келтіреді Ералы Тоғжанов.
Қаладағы жекеменшік гимнастикалық орталықтың маманы Абылай Жақсылықов келушілердің 40%-ы балалар екенін айтады.
– Сколиоздың төрт кезеңі болады. Қазір балалар да 12 кезеңі көп кездеседі. Сколиоз адамның ішкі мүшелеріне кері әсерін тигізеді. Ол гаджетті көп пайдаланудан, сөмкенің ауырлығынан пайда болуы мүмкін. Сколиозды болдырмау үшін түзу отырып, тік жүру керек. Сағат түнгі 23.00-00.00 аралығында балаларда өсу процесі жүреді. Бала түзу ұйықтау үшін көрпе-төсегінің шамалы қатты болуына мән беру керек, – дейді маман.
Қарап отырсақ, оқушылардың дертінің барлығы смартфондар мен гаджетке келіп тіреледі. Соларды көрген бала көзінен айрылады, жүйкесі жұқарады, қимылсыз отыра бергеннен арқасы қисаяды. Сонда зор мәселенің шешімі кішкентай телефоннан тыю ма? Қалай болғанда да балалардың ғұмыры алда. Оны сапалы сүруі үшін денсаулық бірінші кезекте керек.
Жансая ОМАРБЕК.