«Періштенің құлағына шалынсын» деу дұрыс па?
Жуырда бір ұзату тойда қонақта болдық. Салмақты, баппен жүріп жатты. Әр қонақ ақжарма тілегін жаудырып, ыстық-ыстық лебізін ақтарды. Арасында ғибратты әңгімелер айтылса, риза болып, ұйып тыңдаймыз. Әр тілектен соң «Әумин, қабыл болсын, періштенің құлағына шалынсын» деген көмекші сөздер де айтылды. Үзіліске шыққанымыз сол, бір 16-17 жас шамасындағы жас жігіт жетіп келіп: «Періштенің құлағына шалынсын» демейікші, күпірлік болады» деді. Тосыннан айтылған бұл ескертуге ыңғайсызданып қалдық. Әлгі бауырымыз төпелеп әкетіп барады. Намаз оқитынын, шариғаттан хабары бар екенін бірден байқадым…
Сөйтсем, той иесінің немере бауыры екен. Сарыағаштағы діни медресенің шәкірті. Танысып, біраз әңгімесін тыңдадым. Ішіндегісінің бәрін айтты. Толып қалыпты. «Құдайдың құлағына шалынсын» деп жатады. Ол тіпті, қате сөз, күнә» деді бір кезде. Жақсы. Бұл дұрыс шығар. Өйткені, Жаратушыны адам кейпінде елестетуге, дене мүшелерімен сипаттауға шариғатта тиым салынғанын естіп жүрміз. Кей тойда тілек білдірген 10 адамның жартысы солай айтады. Іштей қынжылам. Бірақ, той саған уағыз айтатын жер емес қой. Оның үстіне, әкең мен шешеңдей үлкен кісілер болса…
Бір кезде «Періштенің құлағына шалынсын» деген әңгімеге қайта оралдық. Ол өз пікірінде қалды. Мен бір діндар ғалым емеспін ғой. Бірақ, ата-бабадан келе жатқан сөз екендігін айттым. «Ата-баба ақымақ па, сонда?» деп едім: «Олар білмеген, орынсыз қолдана береді үлкендер. Ұстазым айтқан, күпірлік жасамайық» деп жеңістік бермеді. «Ұстазың шариғат ілімін жақсы үйретіпті, бірақ дәстүрлі наным-сенімге құрметпен қарауды, жасы үлкеннің сөзін қате болса да, тыңдау керектігін үйретпепті» дедім. Ішімнен. Баланың бетін қайтармай.
Бұған дейін де осы тақырыптағы талқылауды ғаламтордан көзім шалып қалған-тын. Алайда, мән бермеппін. Дәл сол сәтте ақтарып, қарай салатын кітап та жоқ. Есесіне, интернет жарықтық бар. Сөйтсем, бұл желіде ең көп талқыланатын тақырыптың бірі екен. Түрлі жазба тұр. Астына жазылған пікірлерден көз сүрінеді.
– Періштелердің бар екеніне сенеміз. Періштелер ішпейді, жемейді, ұйықтамайды, шаршамайды. Оларда еркектік, ұрғашылық қасиет болмайды. Періштені «әйел» «еркек» деуге тиым салынған шариғатта. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Жәбірейіл періште ер кісінің сұлбасында келген. Бірақ, біз пенделер періштелердің әр түрлі кейіпте келетінін білгеніміз жөн. «Періштелердің құлағына шалынсын» деген адам күнәһар болып кетпейді. Ең жақсысы: «Періште әумин десін» делінсе, хадиске сай келеді. Өйткені, кез келген бата-тілек, дұғадан соң адам іштей «Әумин» дегенде, періште де «Әумин» десе, ол дұға сөзсіз қабыл болады. Сондықтан, тілектен соң «Періште әумин десін, дұға-тілегімізді, ниетімізді Алла қабыл қылсын!» десек, сол шариғатқа сай болады. Себебі, періштелер нұрдан жаратылған. Олар әр сөзге «Әумин» деп тұрады. Сөзге абай болған жөн. «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші, жақсы сөйлеуге тырысайық, – дейді исламтанушы ғалым, уағызшы ұстаз Сансызбай Құрбанұлы.
Бұдан бөлек, періштелерге Алла Тағаланың есту қабілетін бергені анық екен. Ал, қалай еститіні бізге беймәлім. Сонымен қатар, олар естуі үшін ауызбен айту да шарт емес. «Барлық амал ниетке байланысты» дегендей, көкейдегіне де періштелер білуші. Бұл туралы да хадисте айтылған.
Мені әлгі бауырымның медреседе оқып, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны тануға, әр істің әділін айтуға деген талпынысы қуантты. Өмірдің мәнін ұққысы келіп, аласұрып тұр. Бұл туралы Абай хакім де балаға жастайынан жалған өмір мен ақыреттің жайын жетесіне жеткізіп ұқтыра алмасаң, берген білімің мен тәрбиеңнің көк тиын екендігін айтқан. Десек те, жастарымыз діни ілімге жетік болып, өз ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан, төл тамырынан алыстамағанын қалаймыз.
Байқасақ, «Періште әумин десін, Алла тілегімізді қабыл етсін!» десек, адаспайды екенбіз. «Періштенің құлағына шалынсын» деген адам да күнәһар болмайды.
Сіз қалай ойлайсыз?
Жәлел ШАЛҚАР.